Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақыл айтқыштар көбейіп кетті": Гүлзира Айдарбекова ажырасуға не әсер ететінін айтты

Жарияланған күні:

Гүлзира Айдарбекова
Гүлзира Айдарбекова. Фото: Instagram/gulziraaidarbekova

Отандық продюсер Гүлзира Айдарбекова Instagram парақшасында қазіргі қыздардың тәрбиесіне қатысты пікір білдірді. Қыз ұзатып жүрген ол арулардың ажырасудан аулақ болғанын қалайтынын айтты.

Продюсер өзіне қыз ұзату туралы ұсыныс көп түсетінін айтты.

"Сіздің жолыңызды берсін деп, тұрмысқа шығып жатқан қыздар немесе ата-аналары ұсыныс тастап, шақыртулар алып жатамын. Шіркін, сол ниеттеріне, ұзатқан қыздарым ибалы, адал келін болып, үлкен әулетті отбасына айналсыншы. Алла деп тілеумен жүремін.

Алла менің де дұғамды қабыл етіп, сол ыстық ұясының шамшырағына айналуын жазсын! Осы тойда ұзатқан қызымның қолы дірілдеп, көзіне жас келгенде өзім жылап қалдым, қарап тұрған елден ыңғайсызданып, жұтынып әрең тұрдым", - деді продюсер.

Талай қызды ұясынан ұшырған Айдарбекова соңғы уақытта ажырасу көбейгенін жеткізіп, оған әсер ететін себептерді атады.

"Соңғы кезде ажырасу көп, "өзіңді ғана жақсы көр" деп ақыл айтқыштар көбейіп кетті. Соларды тыңдап, тек ажырасамынға бел байлап, мен сол сияқты әдемі болып та, байып та кетемін деген ұғыммен өмір сүреді. Біздің аналарымыз қандай болды десеңші, сол аналарымыздың арқасында бақытты балалық шағымыз мәңгілік сағыныш болып жүрегімізде қалды.

Әйел адам өзін ғана ойласа, өмірге алып келген жазықсыз ұл-қызының бақытын кім ойлайды. Ер азаматты нағыз ер қылатын бірінші Алла болса, одан кейін тікелей сүйген жары екенін қыз-келіншектер ұғынса екен", - деп жазды ол.

Сондай-ақ Қайрат Нүртастың анасы отбасылық өмірде әйелдің өзінен де кінә болатынын жеткізді.

"Әйелдің бақытты болуы ата-енеден, күйеуінен деген сылтау, мүмкін сол әйелдің өзінен, дегенімді жасатамын, аяғыма жығылтамын деу тәкаппарлық. Соның салдарынан нағыз ер мінезді азаматтар жоғалып барады.Алақаныңызды соғып көріңізші, дыбыс екі алаққаннан да шығады, дәл солай ешкім періште емес.

Бұрындары "әкең келе жатыр" деп анамыз айтқанның өзінде етек-жеңімізді жинап, генерал кіріп келгендегі солдаттарша ыңғай білдіретінбіз. Анамыздың нәзік жан екенін сезінетінбіз. Әкенің әйеліне, ұл-қыздарына деген қатаңдығынан сескену - ол ұрпағымыздың дұрыс бағыт алуына әсері ең қажетті тәрбие", -деп түйіндеді продюсер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2090120-analarymyz-qandai-edi-gulzira-aidarbekova-azyrasuga-qatysty-pikirin-aitty/