Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда ауылдан шыққан блогер-келін продюсерлік еткен "Солай болып қалды" фильмінің тұсаукесері өтті

Жарияланған күні:

"Солай болып қалды" фильмінің премьерасы
Фото: Sulpak Cinema

Алматыдағы Esentai Mall Kinopark IMAX кинотеатрында "Солай болып қалды" толықметражды фильмінің тұсаукесері болды. Премьера аншлагпен өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айта кетерлігі, кинотуынды Шри-Ланкада түсірілген. Спорттық кинокомедия кәсіпкер Эльмира Абдрханова мен Ғазиз Оразалиевтің тырнақалды продюсерлік жобасы. Қоюшы-режиссері – Тимур Дулатов.

"Солай болып қалды" фильмінің премьерасы
Фото: Sulpak Cinema

Фильмдегі басты рөлдерде Қайрат Әділгерей, Мадина Оспан, Айшолпан Байтүгел, Жазира Еркін ойнайды. Сондай-ақ Дана Верещак, Ғани Құлжанов, Қобыланды Болат, Ерболат Әлқожа сынды танымал актерлер өнер көрсетеді.

"Солай боп қалды" фильмінің желісіндегі Бақыт – қарапайым, орта жастағы ер адам. Ол бастығымен Шри-Ланкаға келіп, аяқ асты жұмыссыз қалады. Қалтасында көк тиыны жоқ, не тілін түсінбейтін елде қалып қойған ол елге қалай қайтарын білмей әлек болады. Сөйтіп жүрген кезде қазақ жігітті кездестіріп, ол көмек беретін болып келіседі. Бірақ бұл тосын кездесу оның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберетінін ол білмейді.

"Солай болып қалды" фильмінің премьерасы
Фото: Sulpak Cinema

Фильмнің Алматыдағы премьерасына адам көп жиналды. Фильмнің бас продюсері Эльмира Абдрханованың айтуынша, келген қонақтарды сыйдыру үшін Esentai Mall-дағы Kinopark IMAX кинотеатрында екі үлкен залды жалдауға тура келген.

"Біз көптен күткен "Солай болып қалды" фильмнің тұсаукесері жоғары деңгейде өтті. Екі залды алдық, келген қонақ саны 600 адамнан асып кетті. 100 адам сыймай қалды. Осынша халық мені қолдап келеді деп күтпегенмін. Адамдардың фильм туралы пікірін естіп қатты қуанып тұрмын. Себебі өте жылы фильм болып шыққан. Артыма қарап ойлансам, үш жыл бұрын ғана мұғалім болған мен – Эльмира осындай дәрежеде кино түсіріп тастаппын. Каншама жұлдыз, блогер келіп жатыр. Халық өз бағасын беріп жатыр. Мейірімге толы фильм. Қазақстанда бұған дейін спорттық комедия түсірілмеген. Фильмнің деңгейі, сапасы керемет. Себебі мұнда 175 адамның еңбегі жатыр", - дейді продюсер.

"Солай болып қалды" фильмінің премьерасы
Фото: Sulpak Cinema

Фильм авторлары туындының мотивацияға толы, адамның рухын көтеретінін айтады.

Түсірілім жұмыстары Шри-Ланкада өткен.

Айта кетейік, фильмнің бас продюсері Эльмира Абдрханова тырнақалды жобасын таспалауға 200 млн теңге жұмсаған. Ол бұл күнге қалай жеткенін TikTok желісіндегі парақшасында айтқан.

"Солай болып қалды" фильмінің премьерасы
Фото: Sulpak Cinema

"Бұл - ауылдағы 15 жыл адам тұрмаған үйді адам танымастай өзгертіп, сол үйге кіре сала блогер боламын деп еңбек еткен ауыл келінінің арманынан шыққан дүние. Фильмге ешқандай инвесторсыз, Қытай кезіп, зауыт аралап, тауар сатып, фильм бюджетін өз қалтамыздан шығардық. Ауылдан арман қуып, Алматыға келіп, қанша тер төгіп, жұмыс істеп, үлкен жетістікке жеткен ерлі-зайыптының ақша салып түсірген фильмі. Ауылдан шыққан блогер келіннің туындысын көріп кетіңіздер", - дейді автор.

"Солай болып қалды" фильмі еліміздің кинотеатрларынан 25 сәуірден бастап көрсетіле бастайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2091245-almatyda-auyldan-shyqqan-bloger-kelin-prodiuserlik-etken-solai-bolyp-qaldy-filmining-tusaukeseri-otti/