Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір есебі бар шығар": Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат пен келіні Жұлдыз туралы айтылған сынға жауап берді

Жарияланған күні:

Гүлзира Айдарбекова, Жұлдыз Әбдікәрімова
Гүлзира Айдарбекова, Жұлдыз Әбдікәрімова. Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova

Әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімоваға гүл сыйлаған сәті тараған. Желі қолданушыларының жұлдызды жұп жайлы пікіріне продюсер, хитменнің анасы Гүлзира Айдарбекова жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Видео Instagram-дағы news.qaz парақшасында жарияланды.

Желі қолданушысының бірі "Қайрат анасына "Жұлдызбен, балаларыммен бірге тұрайын. Сіздерге Жұлдыз, балалармен келіп тұрамыз" деп неге айтпайды? Әлде анасы Қайрат кетсе, "Ақшадан айрылып қаламын" деп қорқады ма? Керісінше, "Балам бар, өз отбасыңмен тұр" деп неге айтпайды? Соған таңым бар", - деп пікір қалдырған.

Ал бұл пікірді продюсер Гүлзира Айдарбекова жауапсыз қалдырмады. Ол желі қолданушысына жауап беріп, ең жақсы үй келіні мен немерелеріне алынғанын айтты.

"Сені қатты мазалап жүрген не деген ойлар деймін? Жаным сол, сенің де анаң бар шығар. "Осылар жақсы өмір сүрсін" деп инемен құдық қазғандай бар өмірімді соларға арнадым. Күшімді де, ақшамды да неге өзіме жұмсамадым екен? Елдер сияқты өзіме мейрамхана ашып, сықырлатып ақша санап отырсам, біреу қолымды қағатын ба еді? Бірақ солар жақсы өмір сүрсін деп қана өмір сүріппін. Кім не ойласа да, менің ұрпағым. Олардың қай-қайсысы болса да, мына менің өмірімнің жалғасы. Сырттай балгер болып отырған сенің өмірің олардан артық болса, онда мен қоя салайын. Шашым жалбырап, үй бетін көрмей, "Ешкім жасамаған концерт жасасам", "Бірін киноға түсіріп, актриса етсем" деп неге жүрдім екен? Әлде мен көріме алып кетеді ме екенмін? Неге бәрі ақшаға тіреліп тұр екен? Жоқ, әлде ақшасыз, ішерге асы, киерге киімі жоқ келін мен немерелерімді көріп отырмысың? Әлде менің кірімді жуып, асымды әзірлеп, үй тірлігінен шыға алмай, не базарда сауда-саттық жасап, мені не өздерін асырай алмай мазалары қашып жүр ма екен, бұл не әңгіме?! Сендердің қайсыларыңнан кем өмір сүріп жатыр екен? Солар қалай жүріп-тұрса да, сол ақшаны теңізден қармақ салып, аулап тауып отырған жоқ.

Мен тек ана емес, продюсері екенімді ұмытпасаңыздар екен. 20 жыл еңбек етіп, абыройларын асырсам, сол да бала-шағамның өмірлік наны деп ойлаймын. Сырымызды білмей жатып, бар кінәні соларды жетілдірген анасынан іздеу күнә шығар. Алла кешірсін! Өз ұлымды атақты етпей тұрғанда да ешкімнен кем етіп өсіргенім жоқ. Абай даңғылының қақ ортасында коттеджде тұрып, қара тер, адал еңбегімізбен алғаш шыққан көлікке дейін мініп, қанша туысқа қарасып отыратынбыз. Олардың табысына қарап қалатындай дәрменсіз емеспін. Алақан жайып, үйде отырған кезім де жоқ. Сол баяғы сауда-саттығым, дүкенім мен кәсібім, Нұрекеңнің жиған ірі қарасы екеумізге жетеді. Сол себепті менің қалтамды санап әлекке түспесең де болады. Мынадай қара ниетпен не ана болып, не келін болып жарытпассың. Керексіз жерге тіміскіленіп, тұмсық тығатындай, әулетіме сен ешкім емессің. Өз өмірің, өз әлеміңде өмір сүр.

Қоя салыңыз, сіз! Ең мықты үй соларға алынған. "Сатып, коттедж алып жатырмын" десе, келін кішкентай бала емес, өзі біледі. Оның да бір есебі бар шығар. Ол үй қайда, ақшасы қайда деп отырмайтын шығармын. Өртеп жіберсе де өздері біледі. Олар қалай жүріп тұрса да, әкелерінің табысы. Сырттан ақша келіп жатқан жоқ. Ал немерелеріме өскенде берілетін пәтерлерінде сіздің шатағыңыз болмағаны дұрыс. Уақыты келеді, ешқайсысы мүліксіз қалмайды. Мен көріме алып кетіп бара жатсам, сол айтарсыздар. Сол әулеттің енесі, анасы мен шығармын", - деп жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2093093-bir-esebi-bar-shygar-gulzira-aidarbekova-uly-qairat-pen-kelini-zhuldyz-turaly-aitylgan-synga-zhauap-berdi/