Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешірім сұрай алмай қалдым": марқұм ата-анасын еске алған Азамат Сатыбалды көз жасына ерік берді (видео)

Жарияланған күні:

Азамат Сатыбалды анасымен
Азамат Сатыбалды анасымен. Фото: instagram.com/azamatc

Отандық актер Азамат Сатыбалды марқұм ата-анасын еске алып, көз жасына ерік берді. Өнер иесі әке-шешесіне деген сағынышын "1001 түн" бағдарламасында жеткізді.

Сұқбат барысында Азамат Сатыбалды әлі күнге дейін әке-шешесімен сырласатынын айтты.

"Үйде әке-шешемнің бөлмесі бар. Әлі күнге дейін солай тұр. Осындай істердің алдында ара-тұра барып, жатамын. Әкем мен анамның төсегіне жатамын, екеуімен әңгімелесемін. Сол бөлмесі мен үшін мұражай сияқты. Ол – бітпейтін сағыныш", - деді ол.

Актер көзі тірісінде ата-анаға жақсы сөздер айту қажет екенін жеткізді. Ол әкесі қайтыс болар алдында бата бергенін айтып, көзіне жас алды.

"Пандемиядан кейін кешқұрым әкем мен анам Назым екеуміздің бөлмемізге кірді. Екеумізді жерге отырғызып, бізбен әңгімелесті. Сол кезде әкем батасын берді. "Балам, мен әкемді де, шешемді де қолымнан аттандырдым. Сонда көрші ата маған "балаңнан қайтады" деп айтып еді. Менің баламнан қайтты. Мен Назым екеуіңе екі дүниеде де ризамын" деді.

Мен сол кезде жылап қалдым да, "әке, ол менің міндетім, парызым ғой, артық кеткен жерім болса, кешіріңіз" деп кешірім сұрай алмай қалдым. Өйткені жылап, әкемді құшақтай бердім. Ол 20 күннен кейін қайтыс болды. Әлі күнге дейін сол сөзді айтпағаныма өкінемін. Қазір әке-шешесі бар адам көрсем, қызығамын, бір жағынан қызғанамын. Өйткені сауап алатын дүние көп", - деді Азамат Сатыбалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2106126-keshirim-surai-almai-qaldym-marqum-ata-anasyn-eske-algan-azamat-satybaldy-koz-zhasyna-erik-berdi-video/