Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майра Ілиясова ұсынды": Нұржан Қалжан "Қазақстанның құрметті азаматы" атағын қалай алғанын айтты

Жарияланған күні:

Нұржан Қалжан
Нұржан Қалжан: Instagram/nurzhan_halzhan

Қазақстандық танымал әнші Нұржан Қалжан "Қазақстанның құрметті азаматы" атағын алуына қатысты пікір білдірді. Өнер иесі бұл марапатқа өзін Майра Ілиясова ұсынғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нұржан Қалжан "Қазақстанның құрметті азаматы" атағын алғаннан кейінгі әсерін айтып, бұл марапатқа өнердегі әпкесі Майра Ілиясованың арқасында ие болғанын жасырмады. Әншінің сөзінше, бұл өнер жолындағы алғашқы марапаты.

"Негізі аламын деген ой болған жоқ. Бұған дейін Алматыда да "ал" деген ұсыныстар болған. Бірақ ол кезде алған жоқпын. "Қайтемін оны, маған атақ керек жоқ" деп ойладым. Оданда абырой-атағымызды елге одан сайын дәріптеп, еңбегіміз үлкен дәрежеде сіңгеннен кейін алсақ та жетеді деп жүрдім. Осы уақытқа дейін ештеңе алмағанмын. Бірінші рет алып тұрмын.

Майра Ілиясова апайымыз ұсынып, алған жайымыз бар. Өткенде 40 жылдық той жасаған едім. Сол кезде маған "40-қа келдің, осылай жүре бересің ба? Бір атақ алуың керек қой" деді. Мен "Бір уақыты келген кезде алармыз" деп қойғанмын. Сол нәрсе есінде қалып, Астанада мені ұсыныпты. Сөйтіп соған шақырды. Бас тартуға жол жоқ болды. Баруға тура келді. Барып алдым. Дегенмен атақ алған сәт өзіме ұнады. Бір жағынан көңілін көтеріледі. Екінші жағынан шабыттанады екенсің. Дәл осы қалыпта жұмыс жасасақ, бұдан да үлкен дәрежеге жетуге болады екен. Адамға сенімділік, алға ұмтылуға жігер, қайрат сыйлайды екен деген сезіммен қайттым. Сол жағы ұнады, әйтпесе, жай ғана темір ғой", - деді Нұржан Қалжан Assyltas TV Youtube арнасына берген сұқбатында.

Айта кетейік, 6 маусым күні Нұржан Қалжан "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" атанғанын хабарлаған болатынбыз. Өнер иесі марапаттау салтанатынан сурет пен видео жариялап, қалың көпшілікке "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" төсбелгісін көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2116272-maira-iliiasova-usyndy-nurzhan-qalzhan-qazaqstannyng-qurmetti-azamaty-atagyn-qalai-alganyn-aitty/