Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағаларымның қолдауымен атақ алдым": Айгүл Елшібаева марқұм Мұрат Әуезовты еске алды

Жарияланған күні:

Айгүл Елшібаева Мұрат Әуезовпен
Айгүл Елшібаева Мұрат Әуезовпен. Фото: Instagram/aigulyelshibayeva01

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева өмірден өткен қоғам қайраткері Мұрат Әуезовты еске алып, желіде жазба жариялады. Өнер иесі марқұмның өзіне жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайтынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Айгүл Елшібаева Мұрат Әуезов өнер жолында өзіне үлкен қолдау көрсеткенін айтып, онымен Париж қаласына сапары туралы сыр шертті.

"1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Сол кезде Мұрат ағамызбен Франция мемлекетінде өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертінде сапарлас болдым. Ол кезде жиырма жастамын. Шет елге барған тұңғыш гастрольдік сапарым. Париждің төрінде Әміре ән салған Плейель залында концерт басталайын деп жатқанда, сахнаға шығуға қобалжып тұрғанымды Мұрат ағама айттым. Басқа мемлекетке барғанда өз ұлтыңның қасиетті өнерін көрсету, өзге халыққа таныту, өнер иесіне үлкен жауапкершілік екенін түсініп тұрдым.

Мұрат аға "Айгүл қорықпа, еш қобалжыма, мен тілекші боламын" деп ақ тілегін білдірді. Сүгірдің термесін айтып сахнадан шығып, бөлмеме домбырамды қойып, қайтадан келесі орындаушыны көрейін деп шықтым. Сол кезде "Браво, үзілмеген көрерменнің шапалағы кімге?" деп сұрасам, "Айгүл, сені көрермен жібермей жатыр" деп айтқанда таңғалдым. Себебі, сахнаға шыққанда шығармамды орындағанда, әсем әуеннің ішіне кіріп кетіп, көрерменнің шапалағын құлағым естімей қалатын. Қайтадан шығайын деп едім, сахна сыртындағы басқарушылар "әлі талай келесің" деп шығармады", - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.

Елшібаева Мұрат Әуезов секілді өнерге жанашыр ағаларының арқасында атақ алғанын айтты. Алайда өнер иесі марапатқа тек 20 жылдан кейін ғана ие болғанына күйінді.

"Әміре ән салған Плейель залындағы Париж сахнасын 72 жылдан кейін кейін шулатқаныма шүкірлік еттім. Концерт аяқталғанда Мұрат аға келіп қолымды алып, "саған тілекші болдым, Мұхтар Әуезов атаңның аруағы сені қолдады" деп құшақтап, бетімнен сүйіп, құттықтады. Шет елде мемлекет атынан шығып, ұлттық өнерді танытып шулатқандарға атақ бірден беріледі екен. Маған ол атақты 20 жылдан кейін берілді, 40 жасыма таяу өнерге қамқор, ұлттық өнердің жанашыры Нұрлан Ноғаев, Мырзатай Жолдасбеков ағаларымыздың қолдауының арқасында берілді.

Мұрат Әуезов ағамызды өмірден өтті дегенін естігенде, Мұрат ағамыздың парасатты, ақ жүректі, кішіге қамқор , ақ тілеулі жарқын бейнесі жүрегімді қалды. Өнерде бағым жанып жүрсе, ол халық ішіндегі қазақтағы асыл ағаларымыздың ақ тілегінің арқасы деп білемін. Жаныңыз жаннатта болсын, Мұрат аға, Алла алдыңыздан жарылқасын", - деп жазды өнер иесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2119296-agalarymnyng-qoldauymen-ataq-aldym-aigul-elshibaeva-marqum-murat-auezovty-eske-aldy/