Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сағындым Алматымды": Алматы туралы ең танымал әндер топтамасы

Жарияланған күні:

Алматы
Алматы. Фото: Максим Золотухин

Алматы туралы ретро әндерді тыңдағанда қандай күйде боласыз? Не елестейді? Кімдер есіңізге түседі? Алматы бір кездері арман қуып, алып-ұшып жеткен сіздің де көңіл түкпіріңізден ойып тұрып орын алған шығар. Алматы десе, жастық шақтың жып-жылы естеліктері еске оралып, ойша сонау тәтті кездерге жетелеп әкеткен болар. Әсем қала талай шығармашылық адамын шабыттандырып, небір туындының дүние келуіне себепкер болған. Олай болса, Алматы туралы әндерді тағы бір еске түсіріп көрейік.

"Сағындым Алматымды"

Алтынбек Қоразбаевтың "Сағындым Алматымды" әні композитордың ару қала – Алматыға деген сағынышынан туған ән деседі. Бұл әнге көпшілік "Алматыға арналған шығармалардың тәжі" деп баға берген.

Әннің сөзін ақын Серікбай Оспанов жазған.

"Сағындым Алматымды" Құрманғазы атындағы консерваторияны енді ғана тәмамдап, Жамбыл облыстық "Алатау" ән-би ансамблін басқарып жүрген кезімде шық­қан еді. Нағыз жастық дәурен, алты жылдық студенттік қызықты кездерімнің бәрі Алматыда өтті. Әнде айтылатын Көктөбе мен Алматының саябақтарында қыдырған күндерімді шын сағынып, әннің алғашқы шумақтарын ептеп құрастыра бастадым", - деп Алтынбек Қоразбаев ән қалай шыққанын баяндап берген екен.

1974 жылы Алтынбек Қоразбаев Алматыға "Алтыбақан" деген телехабарға барғанда, жаңа әнін досы Әнуар Бекжановқа орындап береді. Досы әннің сөзін қостанайлық ақын Серікбай Оспановқа бір көрсетіп алуға кеңес береді.

Ертесі Серікбай Оспанов әнді бірнеше рет тыңдап, үнсіз кетеді де, келесі күні әнге жаңа өлең шумақтарын жазып әкеледі. Мәтін композиторға ұнап қалады. Алғашында әнді Алтынбек Қоразбаевтың өзі домбырамен айтып жүреді, кейін Жамбыл облыстық "Алатау" триосына орындатқызады.

Алтынбек Қоразбаев
Алтынбек Қоразбаев. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Бірде, нақтырақ айтсақ, 1982 жылы Жамбыл облысына Ресей халық артисі Вален­тина Толкунова гастрольдік сапармен барады. Ол Алтынбек Қоразбаевтың композитор екенін естіп, бір әнін орындап беруін өтінеді. Сол жолы "Сағындым Алматымды" әні шырқалады. Ресейлік әнші әнді ұнатып: "Мына әніңізді маған сыйға тартыңыз. Мен орысшаға аударып, оркестрге түсіріп, Мәскеудің үлкен сарайларында орындаймын", - деп композиторға қолға салып, өлеңін орысшаға аудартып, ертесінде-ақ шырқай жөнеледі.

Бұл әнді Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова да шебер орындаған. Ал әйгілі "МузАРТ" тобы әнді қайта жандандырғандай болды.

"Сағындым Алматымды"

Сөзі: С.Оспанов Әні: Алтынбек Коразбаев

Қосамын әнге атыңды,

Тосамын әр хатыңды.

Сағындым алма бағын,

Арайлы Алматымды.

Сағындым аққу үнді,

Сағындым ақ гүліңді.

Алматым, сыйладың сен,

Шабытты шаттығымды.

Еске алсам Көктөбені,

Жаныма от береді.

Алғашқы махаббатқа,

Куәгер көк тірегі.

Қалайды жаным жырды,

Болмайды әнім мұңды.

Ақ көңіл, пәк сезімді

Достарым сағындырды.

Аспаны астанының,

Сағындым жастар әнін.

Сағындым шыңдарыңды,

Алатау асқаралы.

Ғашықпын жауыныңа

Талпынған тау ұлына,

Сағынып жетем саған,

Бас мені бауырыңа!

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын жазылған бұл туынды әлі талай ұрпақтың сүйікті әніне айналарына сенімдіміз.

"Алматы түні"

Алматы туралы шоқтығы биік әндердің бірі – "Алматы түні". Бір қызығы, бұл ән кезінде тапсырыспен жазылған екен.

Аты дүркіреп тұрған "Дос-Мұқасан" туралы 1972 жылы деректі фильм түсіріледі. Түсіру жұмыстары аяқталған соң режиссер Досым Сүлеевтің ән жазатынын естіп, қаланың кешкі көрінісі түсірілген әдемі кадрлар барын айтып, фильмге арнайы кешкі Алматы туралы ән жазып беруін сұрап, бір ай уақыт береді.

"Той жырын" жарты сағатта жаза салдым ғой деп, үйге барып, ән жазуға отырсам, ештеңе шықпайды. Бір апта өтті. Гитараны да алам, фортепианоға да отырамын, шықпайды. Не істерімді білмей, көшеге шықтым. Сол жылдары Абай мен сол кездегі Калинин көшесінің қилысқан жерінде белгілі әртістер, спортшылар, жазушылар жиналатын, сол жерге бардым. Шабыт жоқ. Түнде де бардым, кешке де бардым, ешқандай шабыт келмейді. Он күндей қалды. Не істерімді білмей, қорқақтап Тұманбай ағаға бардым", - деп еске алады Досым Сүлеев әннің жазылу тарихын.

Танымал ақын Тұманбай Молдағалиевке мән-жайды түсіндіріп, сөз жазып беруін өтінеді. Ақын да көп созбалаңға салмай, бір күннің ішінде сөзін жазып берген екен. Түнгі Алматыны керемет суреттеп беретін өлең жолдары сазгерді шабыттандырып, ол да сол күні әнін жазып, шығармашылық топқа табыстайды.

"Алматы түні"

Сөзі: Тұманбай Молдағалиев

Әнін жазған: Досым Сүлеев

Жұлдыздар жерге жақындап,

Байланып қалған секілді.

Қаз-қатар өскен тату бақ

Ойланып қалған секілді.

Қайырмасы:

Алматы түні, Алматы түні,

Ұйқымды менің ұрладың.

Алматы түні, Алматы түні,

Мен болып таңға жырладың.

Алатау алтын лағылдай,

Сәукеле киіп тұр үнсіз.

Ұқсайды көше ағынға,

Алматы – арман тынымсыз.

Самалға кешке шомылып,

Арманның оты жанады.

Менің де жастық өмірім

Кешеде кетіп барады.

"Алматының алмасы"

Алматының түнімен қоса, аты аңызға айналған алмасы да әнге арқау болған.

"Алматының алмасы"

Сөзі: Бәкір Тәжібаев

Әні: Ескендір Хасанғалиев

Алматының алмасы,

Күннің қызыл түсіндей.

Ұсынғанда алмайсың,

Жүрмін сәулем түсінбей

Қайырмасы:

Кеткенің бе, сәулем-ай,

Алма жүзің алаулап.

Менің дағы қалды-ғой,

Жүрегімде ән ойнап.

Қызыл таңнан тұрам да,

Қызыл алма жинаймын.

Алатаудың апортын,

Сәулем саған сыйлаймын.

Жалындаған гүл едің,

Құрбылардың ішінде.

Алма сыйлап жүремін,

Өңім түгіл, түсімде.

Алматы жүрегімде

"Алматы жүрегімде"

"Алматы жүрегімде"

Әні: Ә.Бейсеуов

Сөзі: Н.Әлімқұлов

Шықшы дос, Алатаудың қар басына,

Көз салшы арман толы арнасына,

Өмірдің от-жалыны алау шашып,

Жанып тұр күн сәулелі Алматыда.

Қайырмасы:

Гүлі бар таңда ашылар,

Бал-шырын алмасы бар,

Бақыттың арнасы бар бір өзіңде.

Гүл қала, арман қала,

Көк-жасыл орман қала,

Мәңгі от боп жанған қала

Алматым жүрегімде.

Сәбидің күлкісі бар келбетінде,

Жүзгенде ай сәулесі көл бетінде.

Әркімнің жүрегіне ұялаған,

Осындай қала бар ма жер бетінде?!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2125347-sagyndym-almatymdy-almaty-turaly-eng-tanymal-ander-toptamasy/