Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ сахнасының серісі – Мейрамбек Беспаев: балалық шағы, өнердегі жолы, отбасы

Жарияланған күні:

Мейрамбек Бесбаев
Мейрамбек Бесбаев. Фото: Instagram/ m_besbaev

Әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мейрамбек Бесбаев қалың көрерменге бала күнінен-ақ жұлдызы жанып, "қазақтың Бозторғайы" атанып кеткен.

Туған жері, өскен ортасы

Мейрамбек Беспаев 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген.

"Балалық шағым Жамбыл облысының Талас ауданында өтті. Ол кезде заман сондай ма, ата-әженің баласы болдық. Әке-шешем маған аға-әпке сияқты еді. Олар қалада тұрды. Мен ата-әжеммен ауылда тұрдым. Әке-шешемнің солар екенін естігенде қатты таңғалдым. Оған дейін мені әжем туған деп ойлап жүріппін. Мектепке баратын кезде әкемнің атамнан жалынып сұрап алғаны есімде", - деп еске алады әнші балалық шағын.

Мейрамбек Бесбаев әкесімен
Мейрамбек Бесбаев әкесімен. Фото: instagram.com/m_besbaev

Мейрамбек Беспаев сұқбаттарында әншілік өнер әжесінен дарығанын, бойына әкесі мен анасының мінезін теңдей сіңіргенін айтады.

"Әкемнің мінезі ақкөңіл, әзілге жақын. Ортасын жадыратып, күлдіріп отыратын. Шешем – салмақты, көп сөйлемейтін адам. Мен екеуінің де қасиетін теңдей бойыма сіңіргенмін. Салмақтылығым да, әзіл айтып күлдіріп отыратыным да бар. Балаға әкенің өсиеті мен берген тәлімі өте маңызды. Қазақ әкені асқар тауға теңейді. Бүгінде балаларыма жақсы әке болуға тырысамын", - дейді әнші.

Әншінің өзі "екінші әкем" деп атайтын белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевпен Таразда 1987 жылы "Жамбыл, Кенен ұрпақтары жырлайды" деген айтыста танысқан. Сол жолы бала Мейрамбек "Сағындым Кенен атамды" әнін орындайды, ал Алтынбек Қоразбаев әділқазылар алқасында отырады. Ұстаз бен шәкірт таныстығы сол кезден басталады.

Алтынбек Қоразбаев, Мейрамбек Бесбаев
Алтынбек Қоразбаев, Мейрамбек Бесбаев. Фото: instagram.com/m_besbaev

Тараз қаласындағы "Глинка" атындағы музыкалық мектептің қобыз сыныбын оқыған Мейрамбек Беспаев 1989 жылы Алматы қаласындағы К. Байсейітова атындағы музыкалық мектепке ауысады.

Ал 1997 жылы қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін бітірген.

Өнер жолы

Мейрамбек Бесбаевты күллі қазақ жұртына танытқан "Бозторғай" әні десек қателеспейміз.

Ән авторы Алтынбек Қоразбаев бұл әнді шәкірті Мейрамбекке өзі жаттатып, сахнаға алып шыққан.

Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған ән мәтіні 1989 жылы қағаз бетіне "Қара бала" деген атпен түскен. Кейін Алтынбек Қоразбаев оны "Бозторғай" деп өзгертеді. Бұл ән алғаш рет ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылы Қарасазда шырқалады.

1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков республикалық термешілер байқауын ұйымдастырады. Республика сарайында үш күнге созылған байқауда Мейрамбек Бесбаев "Бозторғайды" орындайды. Ән көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені соншалық, "Бозторғай" үш күн қатарынан шырқалған.

Бұл ән бала Мейрамбектің бағын жақты десек, баласын жетімдер үйінде қалдырып кеткен талай жан осы әннен кейін ақылға келіп, баласын қайта бауырына басқан деседі.

Мейрамбек Бесбаев бозбала шағында Қанымбек Қасымбековтің "Қоштасқым келмейді" фильміне шақырылып, бала Нұрсейттің рөлінде ойнаған. Бұл фильм Мейрамбекті актерлік қырынан танытты, ал ол орындаған Марат Омаровтың "Алғашқы махаббат" әнін тыңдарман әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды деуге болады.

Бала Мейрамбектің орындауындағы "Анама", "Жалған-ай", "Қыз сыны", "Ақ дегелек" әндерін тыңдарман жылы қабылдаған. Оның Тоқтар Серіковпен, Сандуғаш Стамғазиевамен орындаған дуэттері де сәтті шығып, көрерменнің ықыласына бөленді.

"МузАрт" тобының құрылуымен Мейрамбек Бесбаев шығармашылығы жаңа белеске көтерілді.

Топ 2001 жылдың сәуір айында трио ретінде құрылған. Құрамына Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Мақсат Базарбаев кірген топ алғаш рет Алтынбек Қоразбаевтің концертінде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған "Сенің көзің" әнін орындап шығады. 2003 жылы "МузАрт" тобы "Өз елім" атты алғашқы жеке концертін берді.

2005 жылы топтың құрамындағы Мақсат Базарбаев жеке әншелікке бет бұрып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Ал 2008 жылы "МузАрт" тобының құрамына жанды дауыста ән шырқау мақсатында аспаппен сүйемелдейтін музыканттар алынып, топ вокалдық-инструменталдық ансамбль болып кеңейтілді.

Топтың "Сенің көзің", Әттең-ай", "Есіңе ал", Рахмет саған, туған ел" сынды бірнеше әнжинағы жарық көрді.

"МузАрт" тобының әншілері Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Кенжебек Жанәбіловтер "Дарын" жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері атанды. 2013 жылы қыркүйекте MUZZONE телеарнасынын ЕМА премиясында МузАРТ тобы "Үздік ұжым" номинациясын жеңіп алды.

Бұған қоса Мейрамбек Бесбаевтың жеке орындауындағы "Алланың бары – ақиқат", "Майлықожаның термесі", "Дүние жалған", "Шал ақынның термесі", "Қызым, саған айтамын", "Қайрау", "Туған жер туралы толғау", "Жақсы бір адам қартайса", "Қазағым", "Иман" секілді терме-толғаулар рухани әлемді бір серпілтіп тастағандай болды.

Мейрамбек Бесбаев 2023 жылғы 7 қарашада бала арманы орындалып, "Aspan FM" радиосын ашқанын хабарлады.

"Ес біліп, етек жиғалы мені арман атты ұлы күш алға жетеледі. Бала кезімізде бәріміз арманшыл болдық. Неге екенін білмеймін, аспанға қарап көп армандайтынбыз. Таусылмас тамырлы аңсарларымның бірі – өз радиомды ашу болатын. Бірақ адам баласы армандауда жалғыз болғанымен, сол мақсат-мұратқа жету жолында жалғыз болмайды екен. Осы орайда балауса-балғын арманымды әр тараптан қолдап, демеп, жанымнан табылған жақсы жандарға рақмет айтамын.

Шіркін-ай, адамда арман деген таусылмайды екен ғой… Бір қызығы, көкейде тағы бір арман бүр жарды. Бұл арман, "Aspan FM" радиосы – сағынысқан достардың, алып ұшқан жастардың аға буынның жасөркенмен жүздесіп, ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, бас қосатын ордаға айналса деймін", - деп жазды әнші желідегі жеке парақшасында.

Әнші 2004 жылы отау құрған, жары Мархабат екеуі Кәусар және Әбухайыр есімді екі бала тәрбиелеп отыр.

Мейрамбек Бесбаевтың отбасы
Мейрамбек Бесбаевтың отбасы. Фото: www.instagram.com/m_besbaev

Әншінің бала күнінде шыққан өнер биігіндегі абыройы асқақтамаса, аласарған жоқ. Оның қазақ руханиятына әлі талай олжас салатынына сеніміміз кәміл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2133381-qazaq-sahnasynyng-serisi-meirambek-bespaev-balalyq-shagy-onerdegi-zholy-otbasy/