Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оларға басқа нәрсе керек": Азамат Сатыбалды наразылық білдіргендермен кездесуге неге шықпағанын айтты

Жарияланған күні:

Азамат Сатыбалды сұқбат беруде
Азамат Сатыбалды сұқбат беруде. Видеодан кадр: Youtube/Massaget TV

"Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды жақында анимация қызметкерлерімен болған даулы жағдай туралы айтты. Белгілі актер сол күні наразылық білдірген мамандармен кездесуге неге шықпағанын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Азамат Сатыбалды бес жылға созылып кеткен "Алтын адам" жобасының мәселесін бүгінде барынша шешіп жатқанын айтты. Өнер иесі қызметкерлерге ақшаның кеш берілуіне киностудия мүлдем кінәлі емес екенін жеткізді.

"Алтын адам" жобасы мен басшылыққа келгенге дейін басталып кеткен болатын. Біздер келгенде осындай жағдай болып қалды. Мен бұл мәселеге қатысым жоқ деп отырған жоқпын. Барынша жүгіріп жүрміз. Осыдан екі күн бұрын ғана "Қазанимация" мамандарымен кездестім, сөйлестім. Шығармашылық топпен де қайта-қайта кездесіп жүрмін. Бұл шара шешіліп жатыр. Бұл мен келгенге дейін басталған жоба болғандықтан "өздерің шешіңдер" деп отыра берсем болатын еді. Бірақ мен басқарып отырғаннан кейін "Қазақфильм" имиджіне зияны келмесін, қызметкерлер жалақысын алсын деп жүйелі түрде жұмысты бастап кеттім. Ақшаның кеш берілуіне біз кінәлі емеспіз", - деді ол.

Сонымен қатар Азамат Сатыбалды анимация мамандарының жағдайдан хабардар бола тұра, неге шу шығарғанын білмейтінін жеткізді. Актер қызметкерлер наразылық білдіріп, киностудия алдында жиналғанда олармен неге кездесуге шықпағанын түсіндірді.

Сөзінше, сол күні ол әкімшілікте болған екен. Жұмыстарын аяқтап барғанда жиналған көпшілік тарап кеткен.

"Мен ұл тәрбиелеп отырмын, отбасым бар. "Қазақфильмде" ақша болып, соларға бермей, мен оларды зар еңірететін ит емеспін. Ондай тексіз адам емеспін. "Азамат Сатыбалды, шық" деп айтатын деңгейдегі адам емеспін. Олар маған келіп, кірмей кеткен кездері болмаған. Әркез келіп, сөйлесетінбіз. Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысымен келісіп, қол алыстық. Мәселені шешіп жатырмыз. Бірақ мен бұлай боларын ойлаған жоқпын. Негізі оларға 41 млн теңге берілмей қалды. Біз оны киноны прокатқа шығарып, шетелге сату арқылы қайтарып береміз деп отырмыз. Неге шу шығарып, киностудия алдына шыққанын білмеймін. Олар кез келген уақытта маған кіре алады. Тура сол күні мен әкімшілікте болдым. Ұялы телефонымды тастап кеткенмін. Мен бір кабинеттен екіншісіне бара жатқанда маған дау туралы әкімнің орынбасары айтты. Мен шаруаны бітіріп келсем, бәрі кетіп қалған", - деді өнер иесі "Massaget TV" арнасына берген сұқбатында.

Оған қоса Азамат Сатыбалды анимация мамандары өзіне келіп, қызмет сұрағанын айтты.

"Неге бұл оқиға дәл осы уақытта болды? Өйткені 12-сі күні бұйрық шықты. "Қазақанимация" жұмысы жаңадан басталатынын және қаржы түсетінін бәрі білді. Сол кезде анимациядан екі адам келді. Аттарын атамаймын. Біреуі келіп, "Қазақанимация басталады екен, маған мына қызметті бер, мен осыны істеймін" деді. Мен олай болмайды дедім. Біз жаңа адамдарды конкурс арқылы аламыз. Сол кезде осы жерде айқай-шу шығарып, бейәдеп сөздер жаудырып, жұмысшыларды ренжітіп кетті. Сол кезде күзет қызметкерлері ол адамды шығарып жіберді. Сол кезде ол "мен сендерге әлі көрсетемін" деп кетеді. Екіншісі де тура солай қызмет сұрайды. Оған да түсіндіремін. Барлығы заңды түрде болатынын айттым. "Онда ренжімеңіз" деді. Ертесіне осындай жағдай болды. Айғайлап жүрген кей адамға "Қазақфильм" де, "Қазақанимация" да керек емес. Оларға басқа нәрсе керек. Олардың наразылыққа шығуына екі себеп бар. Біреу ақша, біреуі қызмет", - деді актер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2139024-olarga-basqa-narse-kerek-azamat-satybaldy-narazylyq-bildirgendermen-kezdesuge-nege-shyqpaganyn-aitty/