Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үмітім – гүлім": 90-жылдары хит болған әннің мәтінін Тоқтар Серіков өзгертіп айтқан

Жарияланған күні:

Тоқтар Серіков
Тоқтар Серіков. Фото: instagram.com/toktar_beibit/

"Үмітім-гүлім" әнінің авторлары қазір оның мәтіні дұрыс айтылмай жүргеніне алаңдаулы. Танымал әнші Тоқтар Серіков кезінде өзі орындаған "Үмітім – гүлім" әнінің мәтінін өзгертіп жіберген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Үмітім — гүлім, гүл-гүлім,

Иран-бақтағы бұлбұлым,

Он сегіз жылға татиды

Өзіңмен өткен бір күнім..."

Тоқсаныншы жылдардың хитіне айналған "Үмітім-гүлім" әні әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған жоқ. 1991 жылы екі достың шығармашылық тандемінен жарыққа шыққан туынды алдымен ҚазҰУ қалашығын шарлап, кейін бүкіл Алматыға тараған. Әуеннің авторы — Оразәлі Баймұрат, сөзін жазған — Мұхарбек Жәкей. Ол кезде әуесқой сазгер журналистика факультетінің бірінші курсында оқыған, жас ақын да филология факультетінің студенті еді.

"Бір күні Мұхарбек өзі ғашық боп жүрген Үмітгүл деген қызға арнаған өлеңі барын айтты. Сосын оқыды. Басқаға қайдам, өзіме қатты әсер етті. Сол бір қызға Мұхарбек емес, мен ғашық сияқтымын. Ертеңінде жатақхана бөлмесінде жалғыз қалып, домбыраны дыңғырлатып отырғанмын. Мұхарбектің сүйгеніне арнаған өлеңін жаттап алғанмын ғой. Бір кезде сөздер өз-өзінен әуенге айнала бастағандай болды.

"Үмітім – гүлім, гүл гүлім,

Иран-бақтағы бұлбұлым.

Жанымның түріп түндігін,

Құшағыма келіп кір бүгін", - деп бір тоқтадым. Соны екі-үш рет қайталадым. Он сегіз жылға татиды, өзіңмен өткен бір күнім...

Осы бесінші, он алтыншы жолдар ары қарай шарықтап ала жөнелді. Басынан бастап барлық шумағын қосып, бір айтып шықтым. Кейін Алматыға Мұхарбектің ғашығы Үмітгүл келді. Оны досым біздің жатақханаға ертіп келіпті. Көрдік. Әрине, ақынға муза боларлықтай жан деп айта алмайсың. Қазақтың кәдімгі қарадомалақ қызы екен. Мұхарбек маған "әнді айтып берші" деп қолқа салды. Айттым. Ал сол сәтте Үмітгүлдің жанарына жас үйіріліп тұрды. Оны да бұл бірінші және соңғы рет көруім еді... Кейін сол Мұхарбектің бала махаббаты — Үмітгүлдің қайтыс болғанын естідім...", - деп еске алды ән авторы Оразәлі Баймұрат.

"Үмітім — гүлім" әнінің әуені талай жүректі жаулағанымен, мәтіні жиі өзгеріске ұшырап, авторларды біраз әбігерге салған. Аталған хитті кейін тыңдарманға кеңірек танытқан әнші Тоқтар Серіков.

"Тоқсаныншы жылдары Тоқтар сөзін бұрмалап айтқанда, оның тұратын пәтерінің телефонын тауып (ол кезде ұялы телефон жоқ), бір рет сөйлестім. "Жақсы, жолығайық. Дұрыстап айтайық" деген. Одан кейін телефон нөмірін жоғалтып алдым ба, өзім дұрыс құнттамадым ба, білмеймін, осы сөз аяқсыз қалды. Бірде "Үмітім-гүлім" әнінің сөзін жазған Мұхарбек Жәкей досым хабарласты. "Мынаны не істейміз?" деді салған беттен. "Нені?" деппін. "Үмітім-гүлімді". "Оны көп адам айтып жүр екен. Бірақ сөзі менікі емес" деді досым. Оны өзім де білетінмін. Кейін "сенің әніңді Нұржан Төлендиев орындап жүр" деген соң, ғаламтордан нақтылайын деп іздедім. Тез табылды, әрине. Тыңдасам, сол баяғы Тоқтар Серіков айтқан әннің сөздері екен. Тоқтар ақынжанды жігіт қой, жанынан көп сөздер қосып жіберген болатын. Бақсам, бұл әнді соңғы жылдары Нұржан Төлендиев қана орындамапты", - дейді әнін жазған автор.

Ақынның айтуынша, бұл әнді алғаш орындаған Шымкент жақтағы отбасылық ансамбльдердің бірі көрінеді. Әуелде ән мәтінінің бұзылуы солардан басталса керек. Кейін Тоқтар Серіков те "Үмітім-гүлім" әнінің өлеңін өзгерткен.

"Іштен шыққан шұбар жылан" дейді ғой. Әрине, кезінде Тоқтарға реніш болды. Тоқтармен Республика сарайында өткен концертінде кездесіп, мән-жайды айттым. Негізі, Тоқтар бұл әнді үлкен сахнада айтқанын көрген де, естіген де емеспін. Таспаларда, дискілерде жазылған топтамаларына енген. Ол сол жолы енді орындамайтынын және қайтадан жазбайтынын айтты. Шынымды айтсам, мына кісі тоқсаныншы жылдары жастар арасында кеңінен тараған "Үмітім-гүлімнің" авторы дегенде құлағыма дейін қызарып кетеді. Сондай кезде қатты ұялып кетемін. Бәлкім, орындаушыларға әні, мәтіндегі кейбір сөздер ұнайтын шығар. Алайда өзім отырған жерде сол ән шырқалып жатса, атымды атамаса екен деп отырамын. Өйткені қалың көпшілікке сол баяғы Тоқтар, Нұржан Төлендиев өзгерткен мәтінімен, яғни сол халыққа тарап кеткен дүбара шумақтармен орындалып жүр", - дейді әннің сөзін жазған Мұхарбек Жәкей.

KAZ.NUR.KZ тілшісі Тоқтар Серіковке де хабарласып, дәл осы ән туралы пікірін білген еді.

"Үмітім-гүлім" әні сол алғаш рет "Сыған серенадасы", "Жүрегім жүрегіңмен егіз бе еді" әндерінен кейінгі айтқан әнім ғой. Сол уақытта қалауын тауып, хит болған ән. Бұл ән маған көшеден жеткен. Кәдімгі "Үмітім-гүлім, гүл-гүлім" деп көшедегі балалардың аузынан естідім. Ол кезде сахнада айтылған ән емес еді. Сол бір жылдары қазіргідей авторды іздеп таба қоятындай уақыт емес, бізде мүмкіндіктер шектеулі болған. Сол кезде сөзін әртүрлі қылып өзім ойдан құрап алған жайым бар. Иә, кезінде бұл әннің мәтінін жазған автордың маған өкпесін айтқанын да естігенмін. Сол кезде жұлдызы жанған әндердің бірі болды. Әлі күнге дейін "Үмітім-гүлім, гүл-гүлім" әнін көп адам сұрайды. Жалпы бір әннің тағдырын бір әнші шешеді, кейде бір әншінің тағдырын бір ән шешеді ғой. Сол секілді кезінде ыңғайыма келген бір ән болды. Орындап шықтым, жақсы. Бұл әннен мен сөгіс естіген жоқпын, өкпе артқан елді көрген жоқпын. Тек қана осы әнді естіп қуанған жұртты көрдім, мәз болған елді көрдім. Қазір маған авторлары өкпе айтып жатса, мен олардан кешірім сұраймын. Бұл әннің негізі көші ұзап кеткен, әбден алыс шақырымға кетіп қалған ән ғой", - дейді Тоқтар Серіков.

Айта кетейік, KAZ.NUR.KZ тілшісі "Үмітім — гүлім" әнін авторлардың рұқсатынсыз орындаған Нұржан Төлендиевке де хабарласып көрді. Бірақ актерден әзірге жауап болмады. Сондай-ақ әйгілі хитті дәл қазір Заттыбек Көпбосынұлы да жаңаша өңдеп репертуарына қосқан. Танымал әнші де бұл тақырып төңірегінде толық пікір білдіруден бас тартты.

"Сондай бір қатты жаңалық емес қой. Меніңше қажет емес", - деп қысқа қайырды Заттыбек Көпбосынұлы.

Авторлар "Үмітім — гүлім" әнінің мәтіні алдағы уақытта тұпнұсқада орындалғанын қалайды. Сондықтан хиттің алғашқы нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

"Үмітім — гүлім"

Әні: Оразәлі Баймұрат

Сөзі: Мұхарбек Жәкей.

Үмітім — гүлім, гүл-гүлім,

Иран-бақтағы бұлбұлым,

Жанымның түріп түндігін,

Құшағыма келіп кір бүгін.

Он сегіз жылға татиды

Өзіңмен өткен бір күнім.

Үмітім — гүлім, қарағым,

От болып жанып барамын.

Үрікпеші менен, маралым.

Толқынға кетіп аралым,

Жағаға шыққан кездерде

Баққаным сенің қабағың.

Үмітім — гүлім, гүл-бағым,

Сезімді, жаным, ұрладың.

Өзгеге мойын бұрмағын,

Өзіңді мәңгі жырладым.

Махаббат атты әлемде

Болайын мен-ақ құрбаның.

Материал авторы: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2151421-umitim-gulim-toqsanynshy-zhyldary-hit-bolgan-anning-matinin-toqtar-serikov-ozgertip-aiqan/