Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық арнадағы жобада Ақбота Керімбекова мен ұйымдастырушылар арасында дау шықты

Жарияланған күні:

Ақбота Керімбекова
Ақбота Керімбекова. Фото: Instagram/botakerim

Әнші Ақбота Керімбекова ұлттық арнадағы түсірілім кезінде болған жағдайға наразылық білдірді. Ол жоба кеңесшісі Динара Адамды дөрекі деп айыптады. Ұлттық арна мәселеге байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Qazaqstan" ұлттық арнасының "Жұлдызды жұп" жобасында келеңсіз жағдай болды. Қатысушы Ақбота Керімбекова Алматыдан Астанаға түсірілімге ұшып келгенде өзіне алдын ала рәсімделген нөмірдің бос емесін білген. Ұйымдастырушылар оған басқа қонақүйден нөмір ұсынғанда әнші ауырып тұрғанын айтып, мәселені тез шешуді сұраған.

Керімбекованың сөзінше, осы кезде жобаға жауапты Динара Адам хабарласып, әншімен дөрекі сөйлескен. Ол әлеуметтік желіде ұйымдастырушыларды сынға алды.

"Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюсерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегенмін. Өзге елден келетін "әйдік" әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?" - деп жазды ол.

Жоба өкілдері жағдайды түсіндірді. Олардың айтуынша, ұйымдастырушылар әншіге бірнеше нұсқа ұсынған, бірақ Керімбекова оларға келіспеген.

"Ұйымдастырушылар тарапынан мәселе шешімі ретінде бірден өзге бірнеше қонақүйден нөмір таңдау ұсынылды, бірақ әнші одан бас тартты. Ақбота Керімбекова мен ұлы Біржан Шалқар бағдарламаның таңдаулы жұптарының бірі. "Жұлдызды жұп" - тек музыкалық шоу емес, отбасылық құндылық, ән өнеріндегі дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын көрсетуге бағытталған жоба.

Динара Адам продакшн компанияда жоба кеңесшісі міндетін атқарады. Одан бөлек, бұл жобада 195 маман қызмет етеді. Бағдарлама продюсері арнаның бұған дейінгі "Егіз лебіз", "Дара бала" сияқты жобаларына жетекшілік еткен тәжірибелі маман Сандуғаш Рахымжанова", - деп жазды Qazaqstan ұлттық арнасы.

Айта кетейік, "Жұлдызды жұп" — Qazaqstan ұлттық арнасының жаңа музыкалық жобасы. Жобаға танымал әншілер мен олардың жақындары, отбасылық дуэттер қатысады. Әнші Ақбота Керімбекова жобаға ұлы Біржан Шалқармен қатыспақ болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2161864-ulttyq-arnadagy-zhobada-aqbota-kerimbekova-men-uiymdastyrushylar-arasynda-dau-shyqty/