"Қайтыс боларының алдында көрдім": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Батырхан Шүкеновті еске алды
Жарияланған күні:
Отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Батырхан Шүкеновті еске алды. Ол Zamandas подкастында тоғыз жыл бұрын дүниеден өткен әншінің анасы нені армандағанын да айтты.
Әңгіме барысында Ләйлә Сұлтанқызы Superstar.kz байқауы туралы да сөз қозғады. Ол Батырхан Шүкеновті алғаш көргенде қатты таңданғанын жасырған жоқ.
"Радиода қолымда көп дискімен Нұрберген Махамбетовтің кабинетіне келе жаттым. Мен әлі кішкентаймын, ол кезде бізге Бейбіт Әлібеков мектеп бітіріп келіп жатқан. Жүгіріп келе жатып қарасам, Нұрбергеннің кабинетінде Батыр тұр. Батырды көргенде тілімді жұтып қойдым. Қолымдағы дискінің бәрін құлатып алдым.
Сонда қарап, "эфирде қазақ тілінде сөйлейтін қыз ба?" деп сұрады. "Иә, мен" дедім. Кейінірек Батыр Superstar.kz жобасына шақырғанда қатты таңғалдым. Балалық арман еді ғой. Сонда Батырға қарап отыра беретінмін. Ол күшті сөйлейтін, күшті әңгімелер айтатын", - деп еске алды ол.
Ләйлә Сұлтанқызы марқұмның ата-анасының үйіне барған кезін де баяндап берді. Оның сөзінше, Батырхан Шүкеновтің анасы оның қазақ қызына үйленгенін армандаған.
"Бірде Superstar.kz жобасымен Қызылордаға әке-шешесінің үйіне бардық. Мен кішкене қазақша сөйлеймін, даудырап әңгімемді айта беремін ғой. Содан анасы "Әй, қызым, отыр. Сен неге жүрсің? Қарамайсың ба, Батырға ғашық қазақ қыздары көп қой, иә?" деді. Содан мен "Иә, Батырды барлық қыз оны ұнатады" деп жатырмын.
Сонда "Сол балам жақсы келіншек алса деген арманым ғой" деп арманын айтты. Сол кезде Батырдың анасы оның бір қазақ қызына үйленгені, үбірлі-шүбірлі, балалы-шағалы болғанын қалағанын түсіндім. Көп уақыт өткен жоқ. Қателеспесем, 2006 жылы ма екен, 25 қазанда тойға шақырды. Қазақ қызға үйленді. Бәріміз қатты қуандық",- деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Тележүргізуші Батырхан Шүкеновті қайтыс боларының алдында бірнеше ай бұрын көргенін де жеткізді. Бірақ әнші ол уақытта аса қатты ашыла қоймаған көрінеді.
"Батырханды қайтыс боларының алдында 1-2 ай бұрын көрдім. "Қазмедиада" едім, Rixos-қа шай ішуге шақырды. Қасында ұйымдастырушы әйел болды. Неге шақырғанын сұрасам, "Жай сөйлесейін дегенмін, бөпелерің қалай" деді.
Содан "Үйге жүріңіз, шай ішіңіз" деп ем, "Жоқ, мен 1 күнге келдім, бәрі жақсы" деп көп ашыла қойған жоқ. Әрине, өкінішке қарай, Батырдың артынан қалған жалғыз ұрпағы Мақсұтты көп көрмейміз, ол туралы көп ести де бермейміз. Кейде қазақтың сондай мықты жігіттерінен ұрпақ көп қалғаны дұрыс па еді" деп ойлаймын",- деп қорытындылады Ләйлә Сұлтанқызы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2162610-qaitys-bolarynyng-aldynda-kordim-laila-sultanqyzy-marqum-batyrhan-shukenovti-eske-aldy/