Елбасы Батыр Баянның бейнесін сомдаған актер Жұмахан Әбдіқадыровқа 5 млн теңге берді
Жарияланған күні:
Мағжан Жұмабаевтың белгілі дастаны бойынша экранға шыққан "Батыр Баян" фильмі әлі күнге дейін қазақ киноэкранынан түспей келеді. Осы кинотуындыда Батыр Баянның бейнесін театр және кино актері, еңселі келген бойына ерекше таланты жарасқан Жұмахан Әбдіқадыров сомдайды.
Бірақ, өкінішке қарай, өнері жұрт көңілінен шыққан осы еңбекқор актер біраз жыл бұрын шығармашылық қызметпен сапарда жүрген кезінде жол-көлік апатына ұшырап, мүгедек болып қалған еді. Тағдыр тауқыметіне не шара, осыдан кейін ол театрдан кетіп, Тараз қаласының шетіндегі автотұрақтардың бірінде қарауыл болып жүрді.
Сахнаға да оралып көрді. Бірақ сынған сүйек икемге келе қоймады. Дәрігерге де қаралды, емшіге де барды. Бірнеше рет отаға да түсті. Бұл туралы кезінде республикалық газеттерде көп жазылды. Жұмаханның ендігі үміті - шетелдік оташылардың көмегіне жүгініп көру. Бірақ ол жаққа бару, келу, ота жасатып, ем-дом алу үлкен қаржыны қажет ететіні белгілі.
Осы жағдайдан хабардар болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында актерге қажетті қаражатты бөлуге пәрмен берді. Ол соманы, еліміздің Тұңғыш Президенті қоры аударды. Қазақ халқының бостандығы жолында күрескен Батыр Баянның бейнесін сомдап, бүгінгі ұрпақты ел тарихын біліп, құрметтеуге үлес қосқан әртіс үшін бұл үлкен құрмет болатын.
Жақында газеттің облыстағы меншікті тілшісінің қосынына актер Жұмахан Әбдіқадыровтың жары, талантты актриса Гүлшат Қыпшақова хабарласып:
- Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Батыр Баян" фильмінің алғашқы дубльдері басталар кезде түсіру алаңына арнайы келіп, шығармашылық жұмысымызға ақ жол тілеген болатын. Елбасы үмітін режиссер де, актерлер де ақтады. Енді, міне, сол фильмдегі басты рөлді ойнаған Жұмахан тағдыр тауқыметіне ұшырап, мүгедек болып қалған кезде Президент тағы да көмек қолын созып отыр. Бүгінде жұбайымның атына ашылған есеп-шотқа Елбасы қорынан 5 млн. теңге қаражат келіп түсті. Біз мұны қазақ театры мен кино өнеріне деген елдік қамқорлық деп білеміз, - деген еді өзінің жүрекжарды қуанышын жасыра алмай.
Бүгінде облыстық қазақ драма театрының актрисасы Гүлшат Қыпшақова сүйікті жары Жұмаханның аяғынан тік тұрып кетуі үшін шетелдік оташы-дәрігерлермен сөйлесіп, қажетті құжаттарын дайындау үстінде", - деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/217392-elbasy-batyr-bayannyn-bejnesin-somdagan-akter-zhymahan-ebdikadyrovka-5-mln-tenge-berdi/