Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйел мен еркектің орны ауысып бара жатыр": актер Болат Әбділманов отандық фильмді сынап тастады

Жарияланған күні:

Болат Әбділманов
Болат Әбділманов. Фото: Instagram/ bolat.abdilmanov

Қазақстандық танымал актер Болат Әбділманов жақында жарыққа шыққан отандық фильмге қатысты ойын айтып, елдің қызу талқысын тудырды. Өнер иесі кинодағы әйелдер мен ер адамдардың орны ауысып жатқанын айтып, наразылығын білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Болат Әбділманов аталмыш фильмде ер адамдарды әйелдің айтқанынан шыға алмайтын жан ретінде көрсеткеніне шүйлікті. Актер наразылығын Instagram-дағы парақшасында жеткізді.

"Жақында кинотеатрдан "Жезтырнақ" деген фильм көрдім. Киноның жетістіктері, жалпы тартымдылығы кәсіби деңгейде. Оған дау жоқ. Актерлердің ойыны, кадрдан кадрға ауысуы, бүкіл бет-пішін, көзқарасы бәрі өз орнында. Актерлік ансамбль бар, Досжан Жанботаевтан бастап, Қарабалиндер, жас бала, басты рөлді ойнаған қыз да, бәрі де өз орнында, сендірді. Оператордың да жұмысы өте жақсы, режиссер да актерлермен жұмыс істей алған, тапсырма дұрыс қоя біледі, актерлер де өз рөлдеріне сай келіп тұр. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес еді. Жалпы фильмнің мазмұны, идеясында ойланатын дүние бар. Бұл кинода әйелдер бәрін қырып салады, еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес, телпек, жігіт емес, мілік. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды, әйелдің өзінің барлық физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады", - деп бастады өнер иесі.

Әбділманов бүгінде әйелдер мен ер адамдардың орны ауысып бара жатқанын айтты.

"Әйелдің қаруы оның күші ме? Әйелдің қаруы - жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, сабырлығы, ақылдылығында емес пе? Әйел затының көз жасының алдында ерімейтін қара тас жоқ. Кез келген еркек әйелдің алдында оның әлсіздігін көргендіктен оны құрметтейді, қадірлейді. Ал енді қазір әйел мен еркектің орны ауысып бара жатқан секілді. Отбасында әйелдің басшы болуы, ертең мемлекетті де әйел басқарады дегенге әкеліп тұр. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. Осы жерді қорғайтын баланы рухты, намысты, мінезді ұрпақ қылып қалай тәрбиелейміз. Мектепке келеді, мектептің көбі, ұстаздардың 70-80 пайызы әйел адамдар. Біздің ел бүгінде ажырасудан алдыңғы ондыққа кіреді. Әкесіз, анасының қолында, әйелдің тәрбиесімен өскен балалар, мектепте де сол" , - деп наразылығын жалғастырды ол.

Сонымен қатар өнер иесі кино саласында да ойланатын, өзгертетін көптеген дүниелер бар екенін алға тартты.

"Енді киноға келетін болсақ, кино деген көркем дүние ғой, ол бір мемлекетшілдікке, елдікке, патриоттық сезімді оятып, елін-жерін қорғайтын, рухты азаматтарды тәрбиелейтін орын деп ойлаймын. Ал бұл жерде де сол әйел белең алып, үстемдік қойып жүр. Жалпы әйел ежелден, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша отанасы, үйдің шамшырағы, жары келгенде тамағын дайындап, үйін таза ұстап, жылы қабақпен күлімсіреп қарсы алады. Ертең күйеуі үлкен биіктерді бағындыратын кезде оған бір демеу, мотивация беру. Еркек - дүниедегі барлық ісін әйел затына дәлелдеу үшін жасайды ғой. Сондықтан әйел мен ер адам өз орнында болса біздің қоғам да, мемлекет те дамиды деп ойлаймын. Қазір көптеген фильмдерді жекеменшік студиялар түсіреді, енді олар ақша өзіміздікі деп, неше түрлі дүние түсіреді. Осыған байланысты кино саласында да ойланатын көп дүние бар. Менің киноға айтар пікірім – осы" , - деді Болат Әбділманов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2189469-aiel-men-erkekting-orny-auysyp-bara-zhatyr-akter-bolat-abdilmanov-otandyq-filmdi-synap-tastady/