"Жастай талай ренжіттім": Айгүл Иманбаева желіде анасына әсерлі жазба арнады
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева желіде анасына әсерлі жазба арнап, елді жылатты. Өнер иесі анасының қандай адам екенін айтып, кезінде оны талай ренжіткенін жасырмады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айгүл Иманбаева анасы туралы жантебірентерлік жазбасын Instagram-дағы парақшасында жариялады. Актриса анасының бойындағы асыл қасиеттерін тізіп шықты.
"Менің анашым – тәтем. Ана туралы әңгіме болғанда, жүрегі елжіремей сөйлей алатын жан жоқ шығар! Менің Анашым (тәтем деп атаймын). Кішкентайымыздан анашымның бауыры-інісі (біздің нағашы ағамыз) бізге "Ол менің тәтем" деп үйреткен соң солай атаймыз. Тәтем өте еңбекқор, шыншыл, мінезі тік, тазалыққа тастай, өзі өмір бойы есепші болып үкіметте жұмыс жасаған. Көзі ашық, көкірегі ояу, өзіне де, бізге де қойған талабы жоғары болды. Кезінде адуынды әйел болды.Үйде үш баламыз, үшеуімізге де екі жоғары оқуды оқытып, алдымызға мақсат қоюды үйреткен де – менің анашым. Талай жетістігіммен қуанттым.Жастықпен талай ренжіттім де", - деп жазды әнші.
Сонымен қатар өнер иесі анасының жасы ұлғайған сайын жүрегі ауыратынын жеткізді.
"Қазір жасы ұлғайған сайын тәтем көз алдымда кішкентай балаға айналып барады. Жүрегім ауырады. Қолымнан келгенше көбірек қуантуға, еш ренжітпеуге тырысамын. Барынша батасын алып, мүмкіндігінше көбірек қасында болуға тырысамын. Тәтем – менің мотиваторым! Биік қорғаным! Тағынатын тұмарым! Тірелетін тірегім", - деп жазды ол.
Оған қоса Иманбаева көпшілікті аналарды көзі тірісінде барынша бағалауға шақырды.
"Аналарыңыздың көзі тірісінде ренжітпеңіздер, ауыр сөз айтпаңыздар, ақыл да айтпаңыздар, батасын көбірек алып, көбірек қуантыңыздар. Оларға зәулім сарай да, байлық та керек емес. Тек жылы сөзің, мейірімің ғана керек. Күніне тым болмағанда бір рет телефон шалып, жағдайын сұраңыз. Ертең жағдайын сұрайтын анаң болмай қалса кімге еркелейсің? Дауысына зар боларсың. Әрқайсымыздың анамыз – ең жақсы адам. Баршамыздың аналарымыз аман болсын", - деп тілегін білдірді өнер иесі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2190069-zhastai-talai-renzhittim-aigul-imanbaeva-zhelide-anasyna-aserli-zhazba-arnady/