Алматы жастары арасында "Домбыра-party" кештері сәнге айналды (фото)
Жарияланған күні:
Алматы жастары қаланың орталығында әр бейсенбі сайын "Домбыра party" думанды кешін өткізуді әдетке айналтырған. Онда студент жастардың ұйымдастыруымен бір дәстүрлі әнші шақырылып тұрады.
Кешкі сегізден бастап шақырылған әнші өз шама-шарқынша ән салады. Тамашалаушыларға ешқандай тыйым жоқ. Керісінше, қала қонақтары мен тұрғындарының арасында ән саламын деушілерге домбыра ұсынылып, құрмет көрсетіледі.
Осы аптаның әншісі - термеші Зульфия Баймурзаева. Негізгі қонаққа дем алуға мүмкіндік беру үшін Сағыныш есімді ару да ән салды.
Жастардың бастамасына көңілі толған қала қонағы Нұржан Қалмаханов та ән шырқады.
Думанды кешті тамашалау үшін әзілкеш жастарды қолдап жүрген Есен Елеукен де келді.
Ал мына қонағымыз шекара асып Украина жерінен келіпті. Микульяк Мерон есімді азамат Қазақтың салтын, дәстүрін аса құрметтейтінін айтады. Домбыра үні түсінген кісінің делебесін қоздырып, жастардың намысын қайрай түседі деген пікірде. Әр бейсенбі сайын дәстүрлі музыка думанына арнайы келеді екен.
Қазақтың қара домбырасының үні мен дәстүрлі әнді тыңдауға жиналған халық.
Ән тыңдауға тоқтаған қала тұрғындары әншілермен біріге өлең айтуда.
Ән салып жатқан жастардың өнеріне ақы төлемекші болғандар көп болды. Бірақ ұйымдастырушы жастар бас тартты. Ән-думан түнгі он екіге дейін жалғасты. Қала қонақтары ән тапсырып жастарды шамалары келгенше алып қалуға тырысты.
Дәстүрлі ән кешін ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат қара домбыраның қоңыр үнімен қала тұрғындарының көңілін көтеру. Орталықта жүрген қала қонақтарын ұлттық аспап және дала даусымен таныстыру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/325836-almaty-zhastary-arasynda-dombyra-party-keshteri-senge-ajnaldy-foto/