Ринат Зайытовтың әкесі баласы айтқан шындықтан қорқатынын айтты
Жарияланған күні:
Ринат Зайытовтың әкесі Рифхат Зайытов ұлы жайында беймәлім жайттарды баяндап берді. Ұлының 14 жасында жарымен айырылысып кеткен ол Ринаттың қадірін кеш түсінгенін ашық айтты.
Бұл туралы Qazaq.kz хабарлайды.
Танымал айтыскердің әкесі бұл әрекетін жақсылыққа жорыды. Рифхат Зайытов бөтен отбасын құрмағанда, анасымен қалған Ринат Аягөзден Семейге көшпей, ақындық жолға түспей қалуы да мүмкін екенін айтады.
"Семейде Ринатқа жақсы адамдар кездесті, жаман адамдар кездессе, балам жаман жолға түсіп кетер еді", - дейді ақынның әкесі.
Рифхат Зайытов ұлының 9-сыныпқа дейін қолына домбыра ұстамағанын әңгімелей отырып, оның бойындағы ақындық қасиеті қанмен келгенін баяндады. Ащы шындықты жырлаған ұлын әкесі мақтанышпен еске алып, халықтың сөзін сөйлегеніне қуанғанын да жасырмады. Билікті сынаған Ринатты жаман атты етіп көрсеткен басшының жандайшаптары екенін алға тартты.
"Ринатқа қастандық жасалды деген өтірік. Бұл біреулердің бос әңгімесі. Осы сөзге өзім сеніп қалған кездерім болды", - дейді Рифхат Зайыров әңгімесінде.
Ұлының тағдырына алаңдайтын әке Ринатқа қаскөйлердің жазым жасауынан қорқады екен.
Әйтсе де, Рифхат Зайытов ұлының айтысқа шығуына қарсы емес. Оның пікірінше, қателеспейтін адам жоқ, биліктегі кішкене кемшілікті бір адамның айтып отырғаны да дұрыс.
Басқа хандардың қасында да тоқта деп айтатын адамдары болған, ел басқаратын тұлғаға ел арасындағы сөзді жеткізетін адамдар болуы керек дейді.
"Айбек Қалиев секілді жігіттер де бар. Айтайын деп бата алмай жүргендер бар, бері жағына барып, қайтып жүрген ақындар бар.
Ринат елге жасаған жақсылығы, елдің арманын айтқаны алдынан шығады. Бағытыңнан қайтпа", - деді ақынның әкесі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/993992-rinat-zayytovtynh-akesi-balasy-aytqan/