Шымкенттің жігіттері 85 келі қошқарды иығына салып жарысты (фото)
Жарияланған күні:
Шымкентте бір ғасырдан соң Ұлыстың Ұлы күніне орай «Саиль Қошқар Ата» көктем мерекесі өтті. Тұрғындар Қошқар Ата өзенінің маңына жиналып, қазақтың ұлттық ойындары қазақша және қол күрес бойынша өзара бақтарын сынасты деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
Өзеннің арғы бетінде жастар қауымы асық ойнаса, мерекелік шараға арналып орнатылған сахнада жас ақындар айтысты. Өзен маңындағы жолды бойлай қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттайтын бұйымдардың көрмесі ұсынылды. Одан әрі қарай көпшілік асыл тұқымды қошқарларды тамашалап, тіпті жұртшылық онымен селфилетіп те жатты. Шаһардағы бірқатар білім ұяларының оқушыларының Наурыз мерекесіне арнап жасаған қол өнер бұйымдары да көрмеге қойылды. Қысқасы, жиналған жамағат думанды шараға келіп, көңіл көтеріп қайтты.
Негізінен «Саиль-Қошқар Ата» мерекесі бұған дейінгі ғасырларда жыл сайын міндетті түрде аталып өтілген екен. Тек соңғы жүз жылдан бері айтулы күн ұмыт қалған. Көнеден келе жатқан мейрамды қайта атап өту туралы ұсынысты шымкенттік қос журналист А.Гончаров пен К.Исмайлов қала әкіміне жеткізген.
«Қала әкімі басшы болып келгенде жергілікті белсенді азаматтардың басын қосып, "салт-дәстүрді, туризмді дамытуда қанадай идеяларыңыз бар" деп сұраған болатын. Сол кезде Гончаров екеуміз осы бір ұсынысымызды айттық. Бірден қолдау тапты. Бұрын ата-бабаларымыз Қошқар Ата өзені бойында асыл тұқымды қошқар сойып, Алладан молшылықты, тыныштықты тілеген. «Саиль» сөзі – араб тілінен аударғанда Алладан тілеу дегенді білдіреді», - деді Исмайлов.
Жалпы бұл көктем мерекесінің ең негізгісі асыл тұқымды қошқарлардың арасында ең үздігін анықтау болған. Осыған орай ұйымдастырылған көрмеде оннан астам шаруа қожалығы өз қошқарларын әкелген. Олардың тұқымынының тазалығына қарай ғалымдар зерттеу жүргізіп, Қазығұрт ауданындағы «Сералы» асыл тұымды шаруа қожалығының қошқары үздік деп танылды. Аталған шаруа қожалық ұжымына 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді. Екінші орын ордабасылық шаруаға бұйырса, үшінші орын Қазығұрт ауданындағы «Ақбастау» шаруа қожалығы еншіледі.
Мерекеге келгендердің көпшілігін палуандар арасындағы дода қызықтыра түсті деуге болады. Бағын сынаймын деген кез-келген келуші салмағы 85 келі қошқарды иығына салып, отырып-тұру қажет болды. Бұл додада төлебилік азамат Біржан Қосалиевтің бағы жанды. Ол жұртшылық көзінше иығындағы қошқарымен 34 рет отырып-тұрды. 30 жастағы азамат алты жылдан бері аударыспақ спорт түрімен шұғылданады. Былтыр Азия чемпионы атанған.
Мерекені атап өту туралы идея авторларының бірі Исмайловтың айтуынша, бұл шара дәстүрге айналмақ. Алайда жүз жылдан соң тұңғыш рет өткен бұл мерекеге қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов келген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1076529-shymkentte-100-zhyldan-sonh-koktem-merekesi/