ҚазККА-дағы жемқорлықты әшкере қылған студентті оқудан шығарып жатыр (фото)
Жарияланған күні:
Кезінде оқу орнында заңсыз ақша жинау болып жатқанын әшкере етіп, NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті бүгінде оқудан шығарылайын деп жатыр.
Ұлының білімі әділ бағаланғанына күмәнданған студенттің анасы редакциямызға хабарласып, болған жайтты баяндады.
Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті Байсейіт Ержанның анасы Данышпанова Диляра ұлының емтиханнан құлағанын растайтын бейнежазбасы мен жауап парақшасын ала алмай дал болып жүргенін айтуда.
"Менің ұлым ҚазККА-да 4 курста оқиды. Осы жолы мемлекеттік емтиханнан оны 50 балл қойып құлатып отыр. Проректор Ұлан Құттыбаев Сансызбайұлына кірдім, апелляцияның қағазын беруді талап еттім. Алайда олар осы уақытқа дейін апелляцияның қағазын бермей отыр. "Баланың жауап парақшасы мен емтиханның бейнежазбасын беріңізші" десем, ешқайсысы бермейді. "Неге бермейсіз" десем маған проректор "Бергім келсе беремін, бергім келмесе бермеймін" деген немқұрайлы жауап қайтарды. Баламның жауап парақшасын да көре алмай отырмын. Ректорға баламның жауап парақшасы мен бейнежазбасын көрсетіңізші деп хаттама жазып жібергенмін, бірақ осы уақытқа дейін ештеңе берген жоқ. Жаңа хабарласып сұрап едім әлі дайын емес деді. Қашан дайын болатынын да айтпайды", - деп ашынды ана.
Диляра Данышпанова бұл келеңсіздіктер ұлының оқу орнындағы былықтарды әшкере еткенінен кейін басталғанын алға тартты.
"Ұлым өз құқын қорғаймын деп кезінде сіздердің порталдарыңызға сұхбат берген. Нәтижесінде кафедра істі болған, соның ақырында менің баламды мемлекеттік емтиханнан құлатып отыр. Ұлым 4 жыл бойы грантпен шәкіртақысын алып оқып келді. Ал мені ата-ана ретінде ректорат қабылдап отырған жоқ. 24 күні сағат кешкі тоғызға дейін хаттаманы күтіп, сол беті ала алмай қайттым. "Баламды құлатса да, қанша балл алғанын көзіммен көрейінші" десем сол қағазды бермей отыр. Ректораттың маған берген жауабы жоқ", - деп жалғастырды тұрғын.
Ержанның анасы жалғыз ұлы ғана емес, оқу орнында пара алған оқытушыларды әшкере еткен өзге де студенттер кей пәндерден құлатылып жатқанын сөз етті.
"Арыз жазған 12 бала әділеттік орнамаса, диплом қорғауға кірмейміз деп отыр. Рубежкадан басталған әңгімеден кейін жаңағы 12 баланы бір пәннен болмаса, өзге пәннен құлатып, әуреге салғандары бар. Ұлым сабақтан ауырып, арасында қалғаны болмаса, тұрақты түрде барып жүрді. Емтиханға дайындалып барды, "мама, кемінде 60 балл алып шықтым" деген баланы бірден құлатады, кейін бір де бір жауап бермейді. Балам емтиханнан қосымша сұрақ қойылмағанын айтып отыр", - деп есіне алды ол.
Ашынған ана ұлы расымен құлаған болса, емтиханның бейнежазбасын "неге көрсетпей отыр" деген сауал тастады.
"Егер балам расымен құлтайтындай болса, бейнежазбасы бар, соны министрлік, ректорат, ата-ана ретінде бәріміз көріп, ақ-қарасына көз жеткізейік", - деп түйді ана.
Анасының сөздерін Ержанның өзі де растап отыр.
"Ақша жинамаймыз дегелі 4 курстан бастап жағдай қиын болып кетті. Мұғалімдер бізге теріс көзбен қарай бастады. Емтиханға дайындалып, кемінде 60 балл алдым деп шығып едім, бір пәннен тек 16 балл қойып тастады. Емтиханда жауап бергенімнің бейнежазбасын да бермей отыр. Енді мемлекеттік емтиханды тапсыра алмағаным үшін оқудан шығарайын деп отыр. Кураторымыз ақша бопсалағаннан кейін оны жұмыстан шығарған, сол кезде Жанат Наймантайұлы "мен сендер бітіргенде қайтып келемін, диплом аламын деп армандамаңдар, сенің ісіңмен кафедра мұғалімдері айналысады" деп айтып кетті. Ол сөздерінің менде аудиожазбасы да бар. Ал мұғалімдер болса, "сендер адамды нанынан айырдыңдар, обалына қалдыңдар, емтиханнан қалай өтеміз деп отырсыңдар?" деген сөздерді сабақ барысында күнде айтатын болды. Бұл сөздерімді курстастарым растап беруге әзір", - дейді Ержан Байсейіт.
Студент пара алу мәселесі ашық айтылатын WatsApp жазбаларының фотосын да редакциямызға ұсынды.
Бұл мәселе бойынша оқу орнының басшылығына түсініктеме алу үшін хабарласқан тілшімізге алаталмыш академияның оқу жұмыстары бойынша проректоры Ұлан Сансызбайұлы: "Мен сізді алдымен көрейін, кім екеніңізді, қайдан екеніңізді, қайдан білейін, мүмкін сіз журналист емес, жай даладағы жүрген адам шығарсыз", - деп, оқу орнына келген жағдайда ғана түсініктеме бере алатынын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін академияда оқытушылар студенттерді бопсалап, ақша жинағанын хабарлаған болатынбыз.
Студенттер заңсыз ақша жинау былтырғы оқу жылының екінші маусымынан басталғанын жария еткеннен кейін, академия әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп, расында да 4 курс студенттерінен ақша жинаған 3 мұғалімді анықтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1084538-qazkka-daghy-zhemqorlyqty-ashkere-qylgha/