Депутаттар Ақтөбедегі терактіні ұмытып, отырысты туған күн тойлаудан бастады
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі жағдайды естімеген немесе естісе де, трагедиялық оқиғаларды еш сезінбеген сияқты. Өйткені, олар пленарлық отырысты туған күн иелерін құттықтаудан бастады.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Теракт мәселесі күн тәртібінде айтылған жоқ, бір минут үнсіздік болмады.
"Жұмысымызды бастау үшін қажетті кворум бар. Мәжілістің жалпы отырысын ашық деп жариялаймын. Құрметті әріптестер! 6 маусымда депутат Қарекен Құралай Әнуарқызының туған күні болды!", - деді мәжіліс спикері Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Дүйсенбіде үкімет сағатында жиналып, Ақтөбедегі жағдай туралы тіс жармай, 1 минут үнсіздікті қимаған депутаттар бүгінгі отырыста да ештеңе айтпады. Бәрі үнсіз. Туған күндерімен құттықтап, мәре-сәре болған соң күн тәртібі бойынша жұмыстарын бастап кетті. 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы мәселесі қаралып біткен соң үкімет өкілдері мен депутаттардың пікірін дәлізде ғана білу мүмкін болды.
"Осы оқиғаға байланысты азаматтарды, қанішерлер ғой былай алып келген кезде, солардың бәрін қазір тығылып жатқан жерлерінен тауып, жою мәселесі жүріп жатыр", - деді премьердің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
"Жалпы мұндай жерде мемлекет тарапынан мұндай тентек, қанқұйлы, терроршыларға қатты жаза керек деп ойлаймын", - деді депутат Бекболат Тілеухан.
Дін атын жамылғандардың қаскөйлігін сынаған Бекболат Тілеуханнан бүгінгі отырыста Ақтөбедегі жағдайдың елеусіз қалғаны жайлы да сұралды.
- Бүгін мәжілісте құттықтаумен басталды. Бірақ Ақтөбе жайлы 1 ауыз айтылған жоқ...
- Енді қоғам бұған тиісті реакция беріп жатқанын көріп отырсыздар ғой, жігіттер.
Ал депутат Мәулен Әшімбаев барлық әріптестері жекелей көңіл айтып жатыр деп ақталды. Содан соң, 2011 жылы елді дүрліктірген облыста лаңкестіктің қайталануы жаңа шаралар қабылдауға итермелейді деді. Өйткені, Таяу шығыста қысым көрген экстремистер жан-жаққа бас сауғалап жатыр екен.
"Жақын шығыстан контртеррористік операцияның негізінде біраз террористік топтардың өкілдері жақын шығыстағы елдерден кетіп, басқа мемлекеттерге өздерінің қылмыстық әрекеттерін ауыстыру туралы әрекеттер жасайтын сияқты. Осыған байланысты біз осы саладағы заңдарды тағы да бір сараптаймыз деген жоспарымыз бар", - деді Мәулен Әшімбаев.
Депутат айтқан заң 2011 жылғы бірнеше терактіден соң қолға алынған еді. Сол кездегі өзгертулер негізінде діни бірлестіктерді реттеу жүзеге асырылған болатын. Сондай-ақ, күштік құрылымдардың лаңкестікпен күресу құзыреті де кеңейтілген-ді. Алайда теолог Досай Кенжетай ең алдымен идеологиялық тұрғыдан алдын алып, жат ағымдарға шектеу қою керек дейді.
"Сәлафизм, вахабизм, кез келген -измнің түбіне балта шабу керек құқықтық тұрғыдан. Бірінші мына жерде жүре алмайтындығын егер санасына сіңсе олардың, тыйым салынған болса, психологиялық тұрғыдан аптығы басылады. Оның аптығының басылғанының өзі жетіп жатыр. Қалғанын өзі реттеп алады қазақ", - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай.
Ғалым мұндай батыл қадамдарға бармасақ, Ақтөбедегі жағдай жалғасын табуы мүмкін деп пайымдайды. Және сырттағы лаңкестік ұйымдардың әсері аз деп есептейді. Өйткені, осыдан 10-15 жыл бұрын Қазақстанға енген жат ағымдар, қазір өзіндік тұжырымдамасы бар күшке айналып үлгерді деп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1154295-deputattar-aqtobedegi-teraktini-umy/