Оразаның қарызын қалай өтеу керек: маңызды кеңестер
Жарияланған күні:
Оразаның қазасын қалай өтейді? Бұл - мұсылман қауымның көп талқылайтын, көп сұрайтын мәселесі. Біз ішіндегі ең маңызды сұрақтарға имам мамандардың жауаптарын жинақтап беруді жөн көрдік.
Ораза күндерінде түрлі жағдайларға байланысты қарыз болып қалған күндердің өтеуі қалай болады? Ораза айт күндерінен кейін ауыз бекітіп, қарыз күндерін өтеуге бола ма?
Көпшілікті толғандырып жүрген осы сауалдарға жауапты anabol.kz порталы назарларыңызға ұсынады.
Ханафи мәзһабы бойынша рамазан айынан қалған қарыздарды өтеу уақыты шектелмеген. Тек ораза айтының бірінші күні мен құрбан айттың барлық күндері өтемейді. Олай болған себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бірнеше хадисінде Рамазан айтының бірінші күні ораза ұстаудан тыйғандығы айтылады.
Атап айтсақ "Сахих Бухариде" риуаят етілген хадисте сахаба Әбу Сағид: "Алланың Елшісі ораза айты мен құрбан айтында ораза ұстаудан тыйды ...", – дейді. Ендеше осы оразадан қалған қарызды айттың екінші күнінен бастап ұстай берсеңіз болады.
Айттың бірінші күні қандай да бір ораза ұстау – мәкрүһ, харамға жақын. Оның мәні мынада болса керек: отыз күн Алла разылығы үшін ішіп, жеуден өзін тыйған кісінің айт күні қуанышқа бөленетін күні. Отыз күн бойы оразасынан кейінгі үлкен бір "ауыз ашары" іспетті. Сондықтан, оны "Ғидуль Фитр" яғни "Ауыз ашар мейрамы" деп те атаған.
Сондай-ақ имам Асан Тілеубердиевтің Azan.kz ресурсындағы ораза қарызын өтеуге қатысты маңызды сұрақтар мен жауаптары жинақталған мәліметін ұсынайық.
1. Ораза қазасы немесе қарызы. Оны қалай өтейді?
Жауап: Ораза қазасын Ораза айттың екінші күнінен бастап өтеуге рұқсат етіледі.
2. Ораза қазасы қай кестеге қарап өтеледі?
Жауап: Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты, сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақытының кіруі ауыз ашар уақытын білдіреді.
3. Қаза оразаға ниет қалай жасалады?
Жауап: Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: "Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші)".
4. Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеу керек?
Жауап: Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, мейлінше тезірек өтеген жөн.
5. Қаза ораза күндер оразасын үзбей ұстау керек пе?
Жауап: Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмаған. Бөліп-бөліп өтеуге болады.
6. Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау керек пе?
Жауап: Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.
7. Қаза оразасы бола тұра, нәпіл ораза ұстауға бола ма?
Жауап: Ханафи мәзхабы бойынша, рұқсат етіледі. Дегенмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берген абзал.
8. Қаза оразаны үш күн айт біткен соң ұстау шарт па?
Жауап: Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаны өтеуге рұқсат етіледі.
9. Бірінші қаза оразаны ұстай ма, әлде Шәууәлдің оразасын ұстайды ма?
Жауап: Рмазанда түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған адам шәууал айында әуелі рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге шәууалдың алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал шәууал айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған алланың салуаты мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал.
10. Шәууал оразасының үкім қандай?
Жауап: Шәууал айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ықтиярында. Дегенмен мұны ұстамаған жан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылған бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.
Ал ummet.kz ресурсының мәліметінше, Шәууәл айындағы оразаның пайдасы зор. Алла елшісі оған қатысты былай деген: "Кім Рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша Шәууәл айында алты күн ораза ұстайтын болса, ол бір жыл ораза ұстағанмен тең болады.
Енді Шәууәл айындағы нәпіл ораза мен қаза оразаны бір ниетпен ұстаса бола ма, - дегенге келсек, Ханафи ғұламасы Имам Әбу Юсуф (рахимәһулла): "Қаза ораза мен нәпіл оразаға бірдей ниет еткен жағдайда, онысы тек Қаза ораза үшін есептеледі" деген.
Ал Имам Мұхаммед (рахимәһулла) болса: "Ондайда жасаған ниеті – қазаға емес, нәпіл оразаға есеп" дейді. Қалай болғанда да, қос ғұламаның тұжырымына қарап, Ханафи мәзхабы бойынша, оразаның қазасы мен "Шәууәл" айында ұсталатын нәпіл оразаны бірге ұстауға болмайтындығын анық ұғынуға болады. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан, бөлек-бөлек ұсталуы керек.
Қайсысы бірінші ұсталуы керек?
Мақаладағы мәлімет бойынша, әуелі қазаларыңызды өтеп алып, одан кейін Шәууәлдің алты күндік оразасын ұстаймын десеңіз де, не болмаса, бірінші шәууәл оразасын ұстап, кейінірек қазаларды өтеймін десеңіз де өз еркіңіз.
Ханафи мәзхабында қаза ораза өтелмей тұрып, нәпіл оразаны тұта беруге болады. Тіпті, Шәуәл оразасын тұту мұстахаб амалға жататындықтан, бұл айда оны ұстамай тек қаза оразаны ғана өтеймін деген кісіге де күнә жоқ.
"Әрбірден соң, кей мәзхаб ғалымдары "қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге, нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде, қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл оразасының сауабы қосымша жазылады" деген тұжырымды алға тартады. Және айта кету керек, Шәуәл айындағы алты күндік нәпіл оразаны үзбей ұстау шарт емес. Сол ай ішінде бөліп ұстауға да рұқсат. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан бөліп ұстағанды артық көрген", - делінеді мақалада.
Алматы орталық мешітінің ұстазы, исламтанушы Айнұр Жарқынбекқызы Марфуға Шапиянның YouTube-арнасына берген сұхбатында қарыз оразаны қалай өтеу керегін түсіндірген.
"Қарыз оразасын келесі Рамазанға дейін өтеуге болады. Бірақ қазіргі кезде көпшілігі Шәууәл айында алты күндік оразаны ұстағысы келіп, бірінші қарыз өтейміз бе, әлде Шәууәл айының оразасын ұстаймыз ба деп қатар сұрап жүр. Ғалымдарымыз Рамазан айының оразасын өтеу парыз дейді, сондықтан егер кімде-кім Шәууәл айының оразасын ұстағысы келсе, бірінші қарыз оразасын өтеуі керек. Себебі қиямет күні біз парыз оразалардан сұраламыз, ал нәпіл оразалардан сұралмаймыз, бірақ оның өз сауабы болады", — деп түсіндірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1183906-orazanynh-qaryz-kunderin-qalay-oteymi/