Еліміздегі қазақ тілінде еркін сөйлейтін танымал өзге ұлт өкілдері (фото, видео)
Жарияланған күні:
Соңғы кездері еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренудегі құлшынысы арта түскені қуантады. ZTB.kz сайты Қазақстандағы қазақ тілін меңгерген танымал өзге ұлт өкілдерін назарға ұсынды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Геннадий Шиповских
Парламент мәжілісінің депутаты, бұған дейін машинистің көмекшісі болып қызмет еткен Геннадий Шиповских қазақ тілін еркін меңгеріп алған. Геннадий 1989 жылы 22 қазан күні Қызылорда облысы Сексеуіл ауылында дүниеге келген. Ата-анасының қазасынан кейін Геннадий Қызылорданың балалар үйіне түседі. Балалар үйінен оны өз тәрбиесіне қазақ отбасы алған. Бұл өз алдына Геннадийдің қазақшаны меңгеруіне септік болды.
Оксана Лоскутова
«Астана» арнасында қазақ тіліндегі бағдарламалардың жүргізушісі. Көркінен көз сүрінетін Оксана көпұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі орыс болса, анасы - қазақ. Оксана орта мектепте оқи бастағанда анасының тілін үйренуге үлкен құлшыныс танытқан. Лоскутова кез-келген қазақстандық шын ниетпен қалайтын болса, қазақ тілін үйрене алады деп санайды.
Игорь Сахар
2008 жылдан бастап "Хабар" агенттігінің тележүргізушісі. Игорь 1987 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Тоғызыншы сыныпқа дейін Берекет Жұмалиев атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, кейін Ақтаудағы Қайнар колледжінде оқуын жалғастыруды ұйғарады.
Оның ортасы қазақтарға толы болғандықтан, Игорь қазақшаны тез меңгеріп алған.
Майя Веронская
Тележүргізуші бағдарламаларды тек қазақ тілінде жүргізеді. Бұдан өзге Майя кей кездері қазақ редакциясына да жауап береді.
Бастауыш мектептен кейін әкесі оны қазақ мектебіне ауыстырған. Сол кезде қазақша бір сөз білмейтін Майя көп ұзамай қазақша тіл сындырады.
Александр Зайчиков
2008 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2015 жылдың қарашасында Хьюстондағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, 105 келіге дейінгі санатта жұлқа көтеруден 191 келі және серпе көтеруден 230 келі салмақты еңсереді және әлем чемпионы атанады.
Зайчиков Белоруссияда дүниеге келген. Алайда көп ұзамай оның отбасы Қазақстанға, Қызылорда қаласына көшіп келеді. Спортқа ден қойған Зайчиковтің ортасы кілең қазақтар болатын. Нәтижесінде ол қазақ тілін ана тіліндей меңгеріп алды.
Ислам Байрамуков
Еркін күрес шебері, Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Барлық ресми іс-шараларда Байрамуков қазақ тілінде сөйлейді.
Марина Вольнова
Әйелдер боксының Олимпиада ойындарында қола жүлде иегері. Спортшы Қазалы ауданында дүниеге келіп, қазақ ортада өсіп-өнеді. Сол себепті қазақ тілін меңгеру оған жеңіл әрі тез болған.
Ирина Тен
Кәріс қызы Иринаның «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бала кезінен тележүргізуші болуды армандаған Ирина әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі деп жазады syrboyi.kz.
Қызылорда облысының Арал өңірінде дүниеге келген Ирина қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде туып-өскенін мақтан тұтады. Бүгінде тележүргізуші ретінде жалпақ жұртқа танылған биязы қыз балалық шағын Арал топырағында қазақтың қарадомалақтарымен бірге өткізген. Қазақ тілін жетік меңгеруіне жанындағы достары мен ұстаздары ықпал еткен көрінеді.
Әйтсе де, Ирина әлі де «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» дейді. Үнемі сөздік қорын байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысатындығын айтады. Арал топырағында өскен кәріс қызы өз халқының мәдениетімен қатар қазақ жерін де қадір тұтады.
Отбасында орысша сөйлеген Ирина ауладағы достарымен тек қазақ тілінде тілдесіпті. Ата-анасы Иринаны орыс мектебіне беруді жөн санап, Арал қаласындағы №14 орыс орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Оксана Петерс
Оксана Петерс "Астана" арнасында қазақ тілінде жаңалықтар жүргізе бастағаннан-ақ жалпақ жұртқа танымал болған. Ол тіпті түсінде де қазақша сөйлейтінін жасырмайды.
"Көшенің шаңын шығарып ойнайтын құрбыларымның бәрі қазақ мектебінде білім алатын. Сосын мен де 7-сыныпқа өткен жылы көзді жұмып қазақ мектебіне ауыстым. Бастапқыда қып-қызыл шимайға толы дәптерлерімді көрген кезде көз жасыма ерік беретінмін. Екі жылдан кейін сыныптастарыммен бірдей сөйлеп, қазақша сайрап шыға келдім. Мектепті үздік бітірдім. Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің ұстаздарына алғысым шексіз. Бетімді қайтармай, қазақ тілін үйренуге деген ықыласымды өшірмей, ынталандыра білгендері үшін. Кейін университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскенімде де кейбір оқытушылар орысшалап, "сіз шатасып кеттіңіз, бұл қазақ тобы" деп талай айтқан", - дейді Петерс kz.otyrar.kz сайтына берген сұхбатында.
Тағы оқыңыздар:
«Астана» «Селтиктен» жеңіліп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды (видео)
Ақтөбелік боксшы Рио Олимпиадасында Әзірбайжан елінің намысын қорғайды
ҚМДБ өкілі діни мәселеде ел басына күн туа қалса, мүфтиятты кінәлайтындарға жауап берді
Алматыда кепілде болған келіншек бостандықта жүрген қарақшылардан қорқып отыр
Құқыққорғаушылар: Алматыдағы Слекишина зорланған колонияда тағы екі әйел жүкті болып қалған
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1209930-elimizdegi-qazaq-tilin-menhgergen-tan/