Арыс әкімі қаланың қақ ортасында жайылатын сиырларды көріп жағасын ұстаған (фото)
Жарияланған күні:
ОҚО-да кез келген кедергілерден Шәмшінің әнін айтып, оңай құтылып кететін Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай басшылық қызметке келгенде шаһар көшелерінде өріп жүрген сиырларды көріп, жағасын ұстаған. Тіпті Арысты тура Үндістандық қалаға теңеген ол соңғы төрт жылдан бері жұмыстар қарқынды жүріп жатыр деп санайды.
Бұл туралы әкім аймақтағы NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
- Сейіт Мырзақұлұлы, өзіңіз басшылық ететін қалаға биыл 60 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде қала қандай жетістіктерге жетті?
- Ел арасында «Арыстың елі – намыстың елі» деген сөз бар. Шаһарымызға 60 жыл толып отыр. Қаламыз күннен-күнге ажарланып, көркейіп келеді. Тарихта болмаған ғимараттар салынып жатыр. Биыл әсіресе ауыл-аймақтарға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Күн сәулесінен қуат алатын бағандар орнатылып, спорт алаңшалары, аяқжолдар қатары да артуда. Экономикалық тұрғыда да даму бар. Қаланың дамуына салынып жатқан инвестициялар көлемі ұлғаюда. Жақын уақытта француздық кәсіпкерлер күннен электр энергиясы алынатын өндіріс орнын салмақ. Одан басқа да жұмыстар атқарылуда. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, арыстық жұртшылық қала тарихында бұрын-соңды болмаған көгілдір отынға қол жеткізбекші. Бұйыртса, 2018-2019 жылдары жүз пайыз газ жүргізіледі.
- Газ демекші, бұған дейін тұрғындардан «Арысқа мүлдем газ берілмейді екен. Себебі жер асты қаруға толы» деген әңгімелер айтылды...
- Ол әңгімені өзімнің де құлағым шалған. Алайда оны шындыққа жанаспайтын қауесет деп айтамын. Барлығы тексеруден өткен. Рас, қалада қару-жарақ қоймасы бар. Бірақ, одан келер қауіп жоқ. Төтенше жағдай орын алады деген күмән болса, газ жүргізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатына облыстық бюджеттен 89 млн теңге бөлінбейтін еді.
- Арыстың жігіттері бұзықтау келеді дейді. Криминалдық ахуал қалай?
- Әр елдің өз тентегі бар емес пе? Мен де кезінде бұзықтау болғанмын. Ол өтпелі кезеңде болатын заңдылық қой. Ал криминалдық ахуалға келсем, рас, бұрын бізде криминалдық ахуал қиын болған. Қазір түзеліп келеді. Қылмыс қай кезде орын алады? Әрине, жұмыссыздық салдарынан. Әсіресе екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар бүгін мынамен сөзге келсе, ертең жаға жыртысып қалады. Кейін ұрлыққа түседі. Оның алдын алу мақсатында жастармен тығыз байланыс орнаттым. Тек белсенді жастарды емес, тәртібі нашар, қиын балаларды да арнайы қабылдап, еркін әңгіме-дүкен құрып келеміз. Алғашында жастар «әкімнің кабинетінде отырмыз» деп кішкене қысылатын. Ал қазір өздерін еркін ұстайды. Ойларын ашық жеткізіп, кейде кеңестерін де айтады. Тіпті «сізді жұрт «жақсы әкім» деп айтады» дегендері де бар. Қиын балалар демекші, осы жақында ғана Арыста салынып жатқан дендросаябаққа сол балаларды жинап, елдің көзінше аттарын атап, көшет ектірдім. Әрине, тәртібі нашар деп айтқаным жоқ. «Міне, болашағынан зор үміт күттіретіндер» дедім. Бұның өзі баланың психологиясына оң әсер етеді деп ойлаймын. Жауапкершілікті сезінеді. Ертең қандай да бір бұзақылыққа барарда «елдің көзінше ағаларымыз сенім артты ғой» деп ойлайтын болады.
- Сөзіңізге қарағанда сізді «жақсы әкім» деп мақтайтындар көп секілді...
- Өзімді-өзім мақтай алмаймын ғой. Жұмысыма ел бағасын береді. Дегенмен ара-тұра естіп тұрамын, ақсақалдар бас қосқан отырыстарда «Осы әкім жақсы жұмыс жасап келеді. Орнынан кетіп қалмаса екен» деп ризашылығын білдіріп жатады екен. Халықтың алғысын алғаннан асқан бақыт жоқ. Тек ел риза екен деп дандайсып кетуге тағы болмайтынын жақсы түсінемін.
- Ал жұмыссыздықпен күрес қалай жүріп жатыр?
- Қарқынды деп толықтай айта аламын. Жоспарға сәйкес биыл 5,3 пайызға төмендету керек болатын. Межені артығымен орындап, 4,9 пайызға кеміттік. Соңғы үш жылда Арыстағы құрылыстар жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына үлкен септігін тигізіп келеді. Құрылыстағылар ат терлетіп Астанаға кетпей, отбасының қасында жүріп жұмыс істеп, 150 мың теңге көлемінде жалақы алып отыр. Тек ерлер емес, әйелдеріміз де сылақ сылап, ақша тауып жүр.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын Арыстың көшелері құдды бір мал өрісіне айналғандай әсер қалдыратын. Ал қазір ше?
- Мен алғаш рет басшылық қызметке келгенімде осы бір келеңсіз жайтқа тап болып, қатты таң қалғаным бар. Кәдімгідей қой мен сиырлар қаланың қақ ортасында жүре береді екен. Былайша айтқанда, тура Үндістан секілді. Содан қызметкерлеріммен бірлесіп, иелеріне қатаң талап қойдық. Оны жергілікті арналар мен басылымдар арқылы «Бұдан былай малдарыңыз көшеде жүретін болса, оны тоғайға апарып тастаймыз. Жоғалуына жауап бермейміз» деп хабарландыру бердік. Халыққа ескерттік. Өзіңіз қараңызшы, Арыс – қала деген статусқа ие. Қай қала көшелерінде малдар өріп жүр? Бұл біздің мәдениеттілігімізге нұқсан келтіреді ғой. Содан алғашында бірнеше ескерту жасадық. Тыйылмаған соң бір-екеуін тоғайға апарып тастадық. Кейбірін сойып, етін сауап іс болсын деп балалар үйіне бердік. Мен жұмысқа барарда қала көшелерін жаяу аралауды әдетке айналдырғанмын. Шүкір, көшелердегі малдармен күресу жұмыстарымыз нәтижесін берді.
- Бір сөзіңізде «мен де бұзық болғанмын» деп айтып қалдыңыз. Демек, Арыстың әкімі бала күнінде «атаман» болған ғой?..
- (күліп) Сотқар да, оқымысты да болған емеспін. Мінезім тұйықтау боп өстім. Мен мұны әкім болғандықтан кейін жасырып отырған жоқпын. Шындығында солай. Ал білім жағына келсем, озат оқыдым деп айта алмаймын. Орташа оқитындардың қатарында едім. Физика пәнін үш деген бағаға оқыдым, жасырмаймын. Бестерім де болды. Қалғандары төрттік қой.
- Шыныңызды айтыңызшы, бала күніңізде әкім болуды армандадыңыз ба?
- Мектепті бітірген соң қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдадым. Мұғалім боламын деген ой болды. Бірақ, неге екенін білмеймін, бала күнімде ұзақ сапарлататын жүк көліктерінің жүргізуші болғым келген. Еңбек жолымды мемлекеттік қызметтен бастадым. Осы саланың өсу баспалдағынан жоғарылай түскен кезімде менде де «әкім болып, елге қызмет жасасам» деген арман болды. Арманның орындалуы үшін мақсат керек. Талпына білуің қажет.
- Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз...
- Жұбайымның есімі – Айнұр. Бірақ, шаңырақ көтергелі бері оның есімін «Махаббат» деп атаймын. Оны туыстарым мен достарымның бәрі біледі. Ол кісі спорт мектебінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда декреттік демалыста. Алланың берген бес ұлын тәрбиелеп отырмыз.
- Жұбайыңыздың есімін атамауыңыздың сыры неде?
- Ешқандай да сыры жоқ. Себебі екеуміз үлкен махаббатпен шаңырақ көтердік. Ол – менің махаббатым ғой (күліп).
- Бала тәрибесінде бастысы неге мән бересіз?
- Кейде мемелкеттік қызметте жүрген кейбір әріптестерімнің «үнемі түзде жүріп, балалардың қалай өскенін байқамай қалыппын» дегенін естіп жатамын. Бірақ, олармен мүлдем келіспеймін. Өйткені перзентің – сенің ұрпағың. Қалай да болса оның тәрибесіне уақыт табу керек. Қазір қиын заман болды ғой. Күн сайын жаға ұстарлық оқиғалар орын алып жатыр.
Әр демалыс күндері отбасыммен серуендеуге шығып, сырласуға тырысамын. Біздің шаңырақта «ашық әкімдік» деген секілді «ашық отбасы» деген қағида ұсталынған. Ұлдарыммен барынша ашық сөйлесемін. Үлкен ұлым прокуратура саласын таңдады. Қазір студент. Екіншім биыл мектепті бітіріп, ұшқыш болуды мақсат тұтып отыр. Құжаттарын тапсырып та қойды. Яғни, екі ұлым ер жетіп қалды. Олармен еркектерше сөйлесемін. Сырлас досы болуға талпынамын. Керек десеңіз, «қызың бар ма?» деген секілді әңгімелерді де айтамыз. Жар таңдарда да ханның не қараның қызы болсын, бастысы арада сезім болу керек дегенді осы бастан құлақтарына құйып отырмын. Үшінші ұлым математика пәніне ерекше дарынды. Әлемнің көптеген елдерінде өткен жарыстардан жүлдемен оралған. Жетінші сыныпты бітірді. Болашақта кардиохирург болуды армандайды. Қалған екі ұлым әлі мамандық таңдайтын жаста емес.
Бала тәрибесінде мен перзенттеріме барынша отбасылық жылуды сезіндіруге тырысамын. Ана мен әкенің махаббатын көріп өскен бала ешқашан теріс жолға түспейді. Осы мақсатпен отбасымда әр жылды белгілі бір атауға бөліп қойғанмын. Бір жылды «аналар жылы» деп атасам, келесісін бір ұлыма арнаймын. Мәселен, былтыр үлкенім мектеп бітірді. Студенттік өмірге қадам басқалы отырған тұңғышым мейірімді барынша сезінсінші деген тілекпен 2015 жылды соған арнадым. Ал биыл екінші ұлым мектепті тәмамдады. Биыл сол ұлыма көбірек көңіл бөлдім.
Менің инвестициям – балаларымды оқытып, жақсы тәрбие беру. Аллаға шүкір, ұлдарым жерге қаратып жатқан жоқ.
- Былтыр тілшілермен болған кездесуде қандай да бір кедергіге тап болсаңыз, Шәмшінің әнін шырқап, оңай құтылып кететініңізді айтып едіңіз. Әлі күнге дейін солай жасап жүрсіз бе?
- Ол қазақ вальсінің королі Шәмші ағамыздың «Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым...» деген әні ғой. Иә, әлі айтып жүрмін (күліп).
- Одан бері біраз уақыт өтті. Композитордың басқа әнін айтуды үйренген жоқсыз ба?
- Жоқ. «Арыс жағасында» деген ән – біздің қаланың әнұраны секілді боп кеткен.
Тағы да оқыңыздар:
Ауылға әкесінің атын беріп, мешіт салдырған Зауытбек Тұрысбеков туралы не білеміз? (фото)
Қазақ боксшыларының Олимпиададағы алғашқы қарсыластары анықталды
Елімізде жетінші тамыздан бастап дизель отыны қымбаттауы мүмкін
Олимпиадаға қатысатын ең бай спортшылар кімдер?
Сириялық босқын қыз Германияда сұлулық ханшайымы атанды (фото)
Аиша күйеуі Бүркіт сыйлаған гаухар жүзігін көрсетіп мақтанды (фото)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1211275-arys-akimi-qalanynh-qaq-ortasynda-zhayy/