Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бұрынғы күйеуіне тоқал алуға рұқсат берген шымкенттік келіншек алты баласын әрең бағып отыр (фото)

Жарияланған күні:

Шымкенттік келіншек Айнұр Ешанқұлова жеті баланың анасы. Бүгінде оның алтауын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Өзгелердің үйін тазалап, нәпақа тауып жүрген алтын алқа иегері қуықтай ғана бір бөлмелі баспанам болса деп армандайды.

Өмірде тартқан азабы мен жіберген қателігін, алдағы арманы туралы жалғызбасты келіншек NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісіне айтып берді.

37 жастағы Айнұр Ешанқұлованың тұңғышы 16 жаста. Алайда ол анасының емес, әкесінің қолында. Қалған алты баланы бағып-қағу тұрақты жұмысы жоқ келіншектің мойнында. Шеттей балаларымен пәтер жалдап тұратын ол өз әңгімесінде өмірінде орын алған қара жолақтар да жасырмады.

"Өмірге деген өкпем жоқ... Өзімнің қателігім" деп сөз алған көпбалалы ана алғашқы күйеуімен жұрт секілді тату-тәтті өмір сүріп, жоқшылықтың дәмін тартпаған.

"Жап-жақсы өмір сүріп жүргенбіз. Ол кезде үш баланың анасы едім. Бір күні жолдасым екінші әйел аламын дегенді шығарды. Оған да көндім. Бәйбіше мен тоқал болып бір шаңырақтың астында екі ай тұрдық. Бірақ, күйеуім екіншісіне кетіп қалды. Екі ұл, бір қызыммен жалғыз қалдым", - деді Айнұр Ешанқұлова.

Жолдасының қалауын орындап, тоқал алып берген келіншек бір жарым жылдан кейін екінші рет тұрмысқа шығады.

"Алғашқы күйеуімнің әрекетінен соң бүкіл еркектерге деген жиіркенішім пайда болған еді. Уақыт - емші ғой. Бір жарым жылдан соң екінші рет тұрмысқа шықтым. Одан екі рет егіз перзенттерді дүниеге әкелдім. Төрт жыл бірге тұрдық. Бірақ, оның анасы біздің қарым-қатынасымызға қарсы болды. Кейіннен жолдасым үйге келуді сиретті. Анда-санда бір келіп кетіп жүрді. Соңында үшті-күйлі кетіп қалды", - деп көзіне жас алған ана екінші некесінің де сәтсіз болғанын алға тартты.

Бұл 2012 жыл болатын. Бір жылдан соң соңғы екінші некедегі жолдасы басынан қатты жарақат алып, көмек қолын созуға шамасы келмейтінін айтып, содан бері хабарсыз кетіпті.

Жанарына үйірілген жасын жасыра алмаған келіншек өз қателігін мойындап, өкініші өзегін өртеп жүргенін де айтты.

"Өзімнің қателігім ғой. Біреудің бетіне тіке қарай алмаймын. Ал балаларыма "Әкелерің алысқа кеткен. Келеді" деп жұбатамын. Алғашқы күйеуімді балаларым тіпті сұрамайды. Оның қандай адам екенін олар да біледі ғой. Одан да қайран жоқ. Көмек түгілі, менің қазір қайда тұратынымды білмейді" деген келіншек жан жарасын жайып салды.

"Ажырасқан соң үлкен ұлымды өз қолына алды. Одан кейін қызымды да алып қоямын деп қорқытты. Менің қанша жерден тұрмысым төмен болса да, ана емеспін бе? Балаларымды ешкімге бергім келмейді" деп тоқтаусыз көзіне жас алған алтын алқа иегері бірінші некедегі жолдасы үлкен ұлын өзіне қарсы қойып тәрбиелеп отыр деп алаңдайды.

Үлкен ұлдан қайран болмады деген келіншек өзге перзенттерін аяқтан тұрғызу - өмірдегі басты мақсаты екенін айтты. Балалары аналарын "өскен кезде сізге үлкен үй салып береміз" деп жұбаныш сыйлап жүр. Айта кетейік, Айнұр Ешанқұлованың екінші ұлы 14 жаста, одан кейінгі қызы 11-де. Тұңғыш егіз перзенттері биыл бірінші сынып табалдырығын аттаса, кенжелері 4 жаста.

Өмірдің оң-солын әлі түсініп білмеген қос егіздері елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көруді армандайды екен. Тіпті сол кісінің үлкен суреті бар кітапты қолдарынан тастамай, "Нұрсұлтан атамыз бізге қашан келеді?" деп аналарынан сұрайды. Періштелер Нұрсұлтан аталарымен жолықса, баспаналы боламыз деген үмітте. Бүлдіршіндерінің ол тілегін естіген анасы осыдан біраз уақыт бұрын мемлекет басшысынан пәтер сұрап, хат жазыпты. Тек оны жолдауға мүмкіндігі болмаған.

Екі некесі де сәтсіз аяқталып, шеттей баламен жалғыз қалған келіншек мемлекеттен берілетін баспана кезегіне осыдан төрт жыл бұрын құжаттарын өткізген.

Бүгінде Шымкентте аядай ғана үйді жалға алып, өмір сүруде. Қазір тұрып жатқан үй иесі жақында пәтер ақысын қымбаттатынын айтып, келіншек тығырыққа тіреліп отыр. Көп баламен жалға берілетін баспана табу да қиын дейді. Өйткені үй иелері ондайға көбіне көне бермейді. Негізінен жалғызбасты келіншек шеттей баламен далада қалғанда өз ата-анасының үйінде біраз уақыт тұрған.

"Ата-анам зейнет жасындағы адамдар. Келінімнің төрт баласы бар. Шеттей балаларыммен ол үйде көп тұра алмадым" деген келіншек туыстары қолдарынан келгенше көмек беріп тұратынын, тек олардың да материалдық жағдайы мәз еместігін жеткізді. Одан өзге тұрмысы төмен бұл отбасыға Шымкенттегі "Шұғыла" қоғамдық қоры ара-тұра көмек беріп тұрады екен.

Айтпақшы, Айнұр Ешанқұлова мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек тапсырыс бойынша үйдің тазалық жұмыстарын жүргізіп, қосымша табыс табуға мәжбүр. Әр үйден шамамен 2,5 мың теңге алады. Мұндай жұмысқа тапсырыс аптасына екі-үш рет шығады. Жалдамалы жұмысқа кеткенде оның балаларын туыс әпкесі өз қарауына алады.

Сөзінің соңында елдің тыныштығын тілеген келіншек "өз баспанам болғанда бұлай көшіп-қонып жүрмес едім" деп арманын жеткізді. Ендігі бар үміті қалталы азаматтарда. Егер де алтын алқа иегері Айнұр Ешанқұловаға көмек қолын созамын деушілер табылып жатса, төмендегі байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Айнұр Ешанқұлованың байланыс нөмірі: +7 771 606 43 99

Жеке шоты: Халық банк KZ 436010002003791117

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев Ислам Каримовтің бейітіне гүл шоғын қойды (фото)

Брук Головкинмен жекпе-жектен кейін: Айқас дер кезінде тоқтатылды

БҚО-да алғаш рет әйел адам қала әкімі болып сайланды

Алматы тұрғыны күйеуге шығудың ерекше тәсілін ойлап тапты (фото)

Өзінен он жас кіші үнділікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы ақыры Үндістанға қайтып оралды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1248476-burynghy-kuyeuine-toqal-alugha-ruqsat-b/