Алматыда 100 миллионның көлігін мінетін студенттер кімдер? (фото)
Жарияланған күні:
Алматылық кез келген жоғары оқу орындарының маңайы құдды бір автокөлік көрмесін еске салады. Сіз бұл жерден ең соңғы үлгідегі әлемнің мықты концерндерінен шыққан су жаңа көліктерді көре аласыз.
NUR.KZ порталының тілшісі алматылық университеттердің көлік тұрағын аралап, студенттердің автокөліктеріне шолу жасап көрді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге арналған жеке көлік тұрағы бар.
Соның өзінде сессия кезінде студенттер көлік қоятын жер таппай шыр айналып жүреді.
Заң факультетінің 4-курс студенті Нұрбектің 2016 жылғы Lexus LX 570 автокөлігін тізгіндеген. Нұрбекке бұл көлікті ата-анасы сыйға тартқан.
Ал мына Mercedes-Benz Гелендвагеннің иесі - осы факультеттің 4-курс студенті Бекарыс. Ол да қымбат сыйлықты ата-анасынан алғанын жасырмады. Автокөліктің бағасы 320 мың АҚШ доллары.
1-курс студенті Әли автокөлігін қоятын жер таппай, жолдың жиегінде тұруға мәжбүр болды. Ата-анасы Lexus GL 460 автокөлігін мектеп бітіргені үшін сыйлапты.
«Күнделікті жанармайға 2000 теңге жұмсаймын, оны да ата-анам береді», - дейді студент.
Ал, экономика факультетінің 4-курс студенті Бекболат Chevrolet Cruze автокөлігін дөңгелетіп жүр. Тұңғыш немересі болғандықтан, атасы оған осы көлікті сыйға берген екен.
«Бұл жанармай көп жемейтін үнемді көлік. Атам екеуміз ақылдаса келе осы машинаға тоқталдық. Студенттерге лайық деп ойлаймын. Кейін қымбатын мініп жатармын, әзірше осы жетеді», - дейді Бекболат.
Разина Бидайқұл университетте оқытушы болып жұмыс істейді. Қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынайтын ол студенттердің жағдайына қызығатынын жасырған жоқ.
«Студенттердің жағдайы жаман емес. Әркім өз қалтасы көтеретін транспортпен жүріп-тұрады. Көпшілігі автобус, троллейбуспен қатынайтыны рас», - дейді оқытушы.
Қазақ-Британ техникалық университетінің де алды-арты толған автокөлік.
Мұндағы студенттердің сөзіне сенсек, тұрақтағы көліктердің кем дегенде 60 пайызы студенттердікі.
Ғазиз осы университеттің 1-курс студенті. Астында 2016 жылғы Toyota Camry автокөлігі. Сыйлыққа берілген. «Жұмыс істемеймін, қазір тек оқуды ойлау керек», - дейді студент.
Абай мен Достық даңғылдарының қиылысындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (KIMEP) студенттері үшін тұрақ проблемасы бірінші кезекте тұр.
«Көше бойында белгіленген арнайы тұрақтар үнемі бос емес», - деп налыды студенттер.
Осы оқу орнына көршілес орналасқан Халықаралық Бизнес Университетінде (UIB) оқитын студенттер мен қызметкерлер де таңертең көліктерін қоярға жер таппай ары-бері сандалатындарын айтады.
Университеттің алдында мемлекеттік нөмірсіз жүрген автокөліктерді де көз шалады.
Сұрастырған студенттердің барлығы астындағы темір тұлпарын өз күшімен сатып алмапты. Оларға көлікті ата-аналары сыйға тартқан. Әрине, әр ата-ана баласына дүниедегі бар жақсыны бергісі келетіні рас. Жақсы білім алып қана қоймай, жақсы өмір сүрсе деген ниет.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Тағы оқыңыздар:
Ақсуда түнімен үйінде қонбаған үш оқушы компьютер клубынан табылды
Алматылық журналиске үйінің қасында белгісіз біреулер шабуыл жасады
Алматы облысының прокуратурасы сәбилер үйіндегі былықты жайып салды
Әлемде ең ұзақ билік жүргізген патшалардың бірі дүниеден озды
Дариға Назарбаева әкесінің денсаулығы жайлы айтып берді
Сегіз қырлы, бір сырлы шенеуніктер кімдер? (фото, видео)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1282878-qazaqstandaghy-bay-studentter-qanday/