Қазақтың ең күлкілі дәстүрлері қандай?
Жарияланған күні:
Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары тұнып тұрған өнеге дейміз. Әр салттың астарында үлкен мән жатыр. Алайда, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген мәтелдер оларға сыни тұрғыдан қарап, жақсысын алып, жаманынан жиренуді меңзейді.
NUR.KZ порталы қазіргі заманғы салт-санаға сай келе бермейтін кейбір дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тізбелейді.
Ұн жағу
Бұл - әзіл-шыны аралас дәстүр. Қазақ салты бойынша құдалықта «ұн жағар» рәсімі өтеді. Құдалар бір-бірінің беттері мен үстеріне ұндай жұғысты болайық деп ұн жағады. Бұл екі жақты «құдаластыру мөрі» болып табылады. Сондықтан, алда-жалда танымайтын елмен құдандалы болып, бетіңізге ұн жағып жатса, дұрыс түсінбей қалмаңыз.
Қалта қағар
Қалыңдықты алып кетуге келген күйеу жігіттің қалтасына қол салатын ғұрып. Оның ішіндегі дүниелер күйеу жігіттің балдыз бен қайын інілерінің үлесі. Бұрындары күйеу жігіт сақина, білезік, әтір сияқты заттарды өз қалтасына салып келген. Бүгінде ол дүниелер арнайы қоржынға салып әкелінетін болған. Тағы бір атап өтерлігі, күйеу жігіттің балдыздары жезделерімен ойын ретінде аяқ киімін тығып қойса, күйеу жігіт оны қомақты қаржыға сатып алады. Бұл дәстүр батыс пен оңтүстікте жақсы сақталған.
Құда тарту
Бұл дәстүр әр жерде әр түрлі өткізіледі. Кей жерлерде құдаларға талап қойып, оны орындай алмағандарға кәдесін бергізеді. Мысалы, құданың аяғынан тартып сүйрету, ән салғызу, жарыстыра би билету, күй тартқызу сияқты түрлі талаптар қойылады. Ал, ертеректе мұндай түрлі талаптарды орындай алмаған құдаларды әйелдер бастарына киіз қалпақ кигізіп, үстеріне су құйып, беттеріне ұн, балшық жағып, өгізге теріс мінгізіп мазақ қылған. Сонда да құдалар жағы өкпесіз осыған көну керек болған. Солтүстік Қазақстан жақта құдаларға осындай талаптар қойылып жатса, Оңтүстік жақта құданы еңбектетіп, үстіне алты әйел аттай мініп отырып алған. Осындай ойын-сауық кейбір құдалардың намысына тиіп, оларды ренжіткен. Қазіргі кезде мұндай өрескел ойындар ойнала бермейді. Оның орнын мәдениетті түрдегі ойын түрлері, ән айтып, би билеу сияқты өнер басқан.
Сағыз шайнату
Бұл салт жүкті әйелге қатысты. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен аяғы ауыр келінге сағыз шайнатқан.
Ақ жол
Бұл салт бойынша, өзінің еріне адал, шын берілген, өтірік айтпаған әйел ауырған адамның үстінен үш рет аттаса, ол адам жазылады, деп сенеді. Атталған ауру адам жазылып шықса, ол әйел «шын қасиетті» делінеді. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында бұл әдет-ғұрып туралы айтылады.
Аузына түкірту
Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.
Босаға майлау
Жастар шаңырақ құрғанда немесе жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Баланы ұшықтау
Баланы ұшықтау - аластап емдеудің түрі. Көз тиіп не суық тиіп, астан ұшынып ауырған баланы, көнекөз қариялардың айтуынша, ұшықтап емдеудің бірнеше түрі бар.
Кесеге су құйып, оның ішіне жеті тал қара бұрыш салып, анасы баланы сыртқа шығарып ұстап тұрады немесе өзі отыра алатын бала болса өзін отырғызады да, баланы айнала жүріп, бұрыш салынған суды ұрттап балаға бүрку арқылы ұшықтайды. Ұшықтай жүріп «көзі тигеннің көзі шықсын, тілі тигеннің тілі кесілсін» деп көзі тиген адамға қарғыс сөздерін бағыштап айта жүреді. Әбден кеседегі су таусылғанша осылай бірнеше қайталап ұшықтап, содан соң «ауруды саттың ба?» деп сұрайды, баланың анасы «саттық, саттық» деп тез арада үйге кіреді. «Ауруын сатты» деп баланы жеңсізінің етегімен қағып-қағып жіберіп, кесені жерге төңкеріп тастайды. Баланы жатқызып үстіне жеті киім жабады. Біраздан соң бала терлеп, ауруынан айығып кетеді.
Абайсызда құлаған баланы шошынудан, пәле жабысудан сақтау үшін баланың құлаған жеріне алақанын тигізіп, сонан соң «ұшық, ұшық, тәңірім, бәледен сақтай гөр, көзге көрінер-көрінбес пәледен сақтай гөр» деп, алақанын баланың ауырсынған жеріне тигізеді. Осылай үш рет қайталайды.
Балаға қойдың тілін жегізу
Олар «Тілің тез шықсын!» деп, сәбиге қойдың тілін жегізеді. Содан соң, қойдың ішегімен баланың тілін буындырып тұрып, «Сөйлейсің бе?» деп үш рет сұрайды. Сөйтіп, баладан «сөйлеймін» деген уәдесін алады.
Аунату
Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.
Жұмалық
Бұрындары жұма күні молдаға одан дәріс алып жүрген шәкірттері сыбағаға ет, қымыз, май, құрт әкелетін болған. Оны халық жұмалық деп атап кеткен. Кей дереккөздерде ер адамның жұма күні әйелінің қойнында еркектік парызын өтеуді де жұмалық деп санайды екен.
Жарыс қазан
Бұл - екіқабат әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Ол үшін әдейі сақтап жүрген сүр етті асады. Осы ет піскенше әйел де жарыса тез босанады деген сенім қалыптасқан. Ай-күні жеткен жүкті әйел қатты толғатып, толғақ жилей бастағанда, сол ауылдағы пысық әйел отқа, ошаққа жарыс қазан асады да, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан асудағы себеп қазанмен бірге толғақ жилейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдағаны. Егер әйел босана алмай одан ары қиналса, жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақты алып «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?» деп, қолындағы пышақты қазанға жанып-жанып зіркілдейді. Қазақ мұны «жарыс қазан» деп атайды.
Мойнына бұршақ салу
Қазақтың ертеден келе жатқан ғұрпы. Ертеде баласы жоқ адамдар немесе балаға зар болып жүрген адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Алла Тағаладан перзент сұрап жалбарынған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Тағы оқыңыздар:
"Ислам мемлекеті" соғысудан қашқан сарбаздарын 3 метрлік зынданға тастап жатыр
Француздар бір жынысты некеге тыйым салуды талап етіп, алаңға шықты (фото)
Қазақстандықтар жиі сатып алатын көлік анықталды
Серік Қонақбаев бастаған бірқатар танымал тұлғалар Лилия Рах үшін кепіл болуда
Қытайдың 51 кәсіпорынды Қазақстанға көшіруінің астарында не жатыр?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1286035-balanynh-auzyna-tukirip-qudalargha-un-zh/