Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бердібек Сапарбаев кімнен ақыл сұрап, айлығын қайда жұмсайтынын айтып берді

Жарияланған күні:

Бердібек Сапарбаев кімге сенеді? Әкімнің балалары бизнесмен екені рас па? Ол Ақтөбенің футбол жанкүйерлерін қалай өкпелетіп алды?  Сапарбаев айлығын қалай жұмсайды? Танымал азамат туралы еш жерде жазылмаған ақпаратты NUR.KZ порталынан оқыңыз.

«Достық» үйіне әлеуметтік сала қызметкерлерін құттықтауға келген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан бірнеше сауалымызға жауап алудың сәті түсті.

"Менің жерге деген көзқарасымды жақсы білесіздер..."

- Сіз БАҚ өкілдерімен тығыз байланыстасыз, Сіздің айналаңызда жауапсыз сұрақ жоқ. Десек те, соңғы кезде әкімшілікте жасалған мемлекеттік сатып алуға байланысты үлкен дау туды. Қымбат кресло, сарқырама, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды сатып алуға конкурс жариялағанын көрдік. Мұның бәрі кім үшін?

- Біріншіден, ол маған емес, әкімдік қызметкерлері өздеріне тапсырыс берген. Өзім отыратын кресло да, басқасы да бар. Екіншіден, оны ешкім алған жоқ. «Асатпай жатып құлдық ұрып», әлі алынбаған нәрсеге бола шу көтерілді. Конкурс шықты, ондай қымбат заттар алынған жоқ. Мемлекеттік мекеме болғаннан кейін оның барлығын есептейміз. Шығындарды үнемдегіміз келеді. «Әкімшіліктің кіре берісін жөндеп қойыпты» дейді. Оны жөндемесек болмайды, әкімдік емес пе? Бұл ғимарат сонау 1971 жылы салынған. Содан 2007 жылы бір жөнделген екен. Жиһаз 12 жыл бұрын алынған. Кейбір тұстарында ағаш терезелері шіріп кеткен соң пластикалық терезеге ауыстырылды. Үлкен мәжіліс залына ауа тазартқыш орнатылған, оны жұрт басқа жақта қолданатын тазартқыш деп түсінсе керек. Әкімдіктің ішін әрлендіру үшін 35 картина алынды. Оны өздеріңіз келгенде іште көріп жүрген шығарсыздар.

- Жақында сізді жер сатпақ болды деген азаматты сотқа беріп, өз ар-намысыңызды қорғадыңыз. Сотта жеңсем, түскен қаржыны балалар үйіне аударамын деп уәде бергенсіз. Сөзіңізде тұрдыңыз ба?

- Кейбіріміздің тырнақ астынан кір іздейтін жаман әдетіміз бар. «Сапарбаев Шығыс Қазақстанда әкім болған кезде қытайларға 90 мың гектер жерді сатып жіберді» деп айтқан жігітті мен танымаймын да. Айдын Егеубаевты көрген емеспін. Егер ондайды естіп, күмәнданса, маған шығып, «сіз солай істедіңіз бе?» деп сұраса керек еді. Екіншіден, мәліметті тексеріп алу керек қой. Ол менімен хабарласпай, тексермей мәлімдеме жасайды. Сіздер менің жерге қатысты көзқарасымды жақсы білесіздер. Менің жұмысшы топты қалай құрғанымнан да хабардарсыздар. Әрине, ол менің намысыма тиді. Мен мемлекеттік қызметкермін, мені халық біледі. Жұрт «сенген Сапарбаевымыз осындай болса, не болғаны?» дегенді оқып, қатты налыдым. Осы жағдай менің намысыма тигеннен кейін сотқа жүгіндім. Сот шешті. Сот шешімін білесіздер. Мен 5 миллион теңге моральдық шығын қойдым, оны жетімдер үйіне аударатынымды айттым. Сот 100 мың теңге деп шешті. Бұл қаражат айтқанымдай Ақтөбедегі балалар үйіне аударылды.

- Қайырымдылық шараларына қаншалықты жиі қатысасыз?

- Мешітте болсын, балалар үйінде болсын, шамам келгенше қайырымдылық шараларын атқарамын. Туыстарымды да осындай игі іске тартамын. Басшы болғаннан кейін, үлгі болу керек. Шымкентте «Бауыржан» деген балалар үйі бар. Менің Бауыржан деген балам жол апатынан қайтыс болып кетті. Біз сол балалар үйіне көмектесіп тұрамыз. Көлікпен де, басқа да қажеттілігін көтереміз.

- Елдегі беделді азаматтардың бірісіз. Кімге сеніп, кімнің ақылына көбірек құлақ түресіз?

- Менің ең бірінші сенетін адамын – мемлекет басшысы. Әрине, мен сол кісіге сенемін. Көптеген маңызды мәселелерді сол кісімен ақылдасамын. Содан кейін қасымда жүрген әріптестеріме, достарыма, отбасыма сенемін.

"...Жеке басымда ешқандай да бизнес жоқ"

- Өткен жылы әлеуметтік желі қолданушылары «Сапарбаевтың балалары бизнесмен екен» деп шулады. Жалпы, отбасы мүшелеріне сеніп тапсырған бизнесіңіз бар ма?

- Бізде кейбір кісілер «басшылардың байлығы көп, кәсіпкер» деп ойлайды. Біріншіден, менің ешқандай бизнесім жоқ. Қызылорда, Шымкентте кәсібі бар екен деп жазды. Бір жерде бордюр салатын, көмір, кірпіш шығаратын зауыттары бар екен деді. Жаратушы бәрін көріп тұр! Менде де, менің жанұямда да ешқандай бизнес жоқ. Ал туған інімнің өз кәсібі бар екені рас. Ол ауылда тұрады, шаруа қожалығы бар. Тағы бір бауырымның кәсібі болған кезінде. Өз бизнесі болды. Қазір ол мемлекеттік қызметте. Менің отбасыма келсек, жұбайым да өзім секілді қарапайым отбасынан шыққан. Бір қыз, бір ұлым бар. Біреуі Алматыда, екіншісі Астанада тұрады. Екеуінің де өз жұмыстары бар. Ұлым бұрын шетелде оқыды, кейін Астанадағы Гумилев атындағы университетті бітірді. Қазір мемлекеттік қызметкер. Менің балам туралы жазғаны рас. Жас қой, жас болған соң еліктейді. Шетелде қымбат қызыл машинаны көріп, қызыққан соң соған отырып суретке түскен. Кейін өзі оған байланысты түсініктеме берді. Ондай көлігі жоқ, Құдай куә! Әрине,көлігі бар, бірақ, жаңағыдай қымбат емес. Жалпы оған рөлге отыруға бертінге дейін рұқсат бермей келдім. Мен өзім қарапайым отбасынан шығып, өз еңбегіммен келе жатқаннан кейін балаларымды да соған үйретемін. «Әкім сен емес, мен! Өз еңбектеріңмен жетіңдер, тәрбиелі болыңдар, мәдениетті, қарапайым, кішіпейіл болыңдар» деп айтып отырамын.

- Көптеген шенеуніктің ұл-қыздары шетелде оқитыны рас. Әлеуметтік желі арқылы шетелде шалқып жүрген шенділердің балаларын көрген халықтың ызасы келетіні де жасырын емес. Сіз осыған не айтасыз?

- Шетелде тек шенеуніктердің балалары оқиды дегенмен келіспеймін. Мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасы бар. Біздің жастарымыз үздік оқу орындарында оқу керек. Елбасы айтқандай, біз дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, біздің жастарымыз білімді болуға тиіс.

- Ел арасында сіз әкімдік қызметте жүрсеңіз де, әкеңіз қарапайым ғана жер үйде тұрды деген әңгіме тарады...

- Менің әке-шешем ауылдың қарапайым кісілері. Мақта теріп, күріш жинап, қарапайым ғана өмір салтын ұстанған адамдар. Бір атадан 9 баламыз, қазақтың қарапайым жанұясында туып өстік. Ата-анамыз зейнетке шыққаннан кейін сол жерден үй салып бердік. Олар қайтыс болғанға дейін сол үйде тұрды.

- Қызметтік өсу жолында журналистердің тигізген пайдасы зор дегенді естиміз. Сол рас па?

- Ол рас. Мен баяғы Кеңес үкіметі кезінен журналистермен жақсы қарым-қатынаста болдым. Менің басшы болуыма журналистер көп көмек көрсетті. Себебі сіздер шындықты, кемшіліктерді жазасыздар. Сол кемшіліктерді түзету арқылы біз өзіміздің жұмысымызға өзгерістер, жаңалықтар енгіземіз. Әруақытта барлық баспасөз қызметтерімен байланысымыз жақсы болды, қазір де жақсы. Өйткені сіздердің маған көрсеткен көмектеріңіз көп. «Сапарбаев пиарға әуес» дейтіндер де бар екен. Оларға айтарым, мен пиарға мұқтаж адам емеспін. Мұның бәрін жұмыс сапасын жақсарту үшін пайдаланатымды жасырмаймын. Сондықтан әрбір басшы баспасөз қызметімен жұмыс істеу керек. Дей тұрғанмен, бұқаралық ақпарат құралдарына айтар өтінішім бар. Олар таза жазу керек. Тек теріс пікірлерді көрсете бермесеңіздер екен... Содан кейін журналистік этиканы сақтаңыздар. Мұны мен журналистерді қолдайтындықтан, жақсы болсын деген ниетпен айтып тұрмын.

- «ҚазақОйлАқтөбе» компаниясы орнатқан шлагбаум туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Тұрғындарды жолдан өткізу үшін қытайлық компания жолаушылардан 2500 теңгеге дейін ақша алған. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапған секілді...

- Оны жақсы білем. Халықпен кездескенде маған осы туралы сұрақ қойылған болатын. Кейін өзім де барып көрдім. Бұл мәселе шешілді. Компания басшылығына айтып, бөгетті алдырып тастадық. Сіздің айтып отырғаныңыз Мұғалжар ауданындағы мұнай компаниясы қойған шлагбаум. Қазір ол жер ашық, ешкімнен ақша алынбайды.

"Қазақ тілінде сұрақ қойсам, сол тілде жауап күтемін"

- Шетелдіктерді сынап, қазақ тіліне қатысты өткір мәлімдеме жасап жүрсіз. Соның зардабы тиіп кеткен жоқ па?

- Зиянын тигізген жоқ. Мен мемлекеттік заңның орындалуын талап еттім. Мемлекеттік заңға сәйкес мемлекеттік тіл болу керек. Мен мемлекеттік тілде сұрақ қойсам, маған мемлекеттік тілде жауап беру керек. Осындағы қытайлық басшыларға қойған талабым осы ғана. Сол ескертуден кейін олар барлық кездесулерге қазақ тілін білетін аудармашыларды алып жүретін болды. Артық ештеңе айтқан жоқпын деп есептеймін.

- Сіз келгелі «Ақтөбе» футбол клубы төңірегінде бірқатар өзгеріс болды. Команди директоры Дмитрий Васильев алдына қойған тапсырманы орындады ма? Командадан не күтесіз? Жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?

- Біріншіден, Васильев менің сенімімді ақтаған жоқ. Ол бас директор болған кезде Еуропа лигасының бірінші ойынында жеңеміз деп уәде берді. Төртінші орын аламыз деген болатын. Болған жоқ. Қазір оның мәселесін қарап жатырмыз. Меніңше, қызметінен босатқан абзал. Себебі, өзі айтқан уәдесін орындамай отыр. Мен өзім футболды өте жақсы көремін. Мақтанғаным емес, осы уақытқа дейін футбол ойнаймын. Футбол халықтық ойын. Ал, Ақтөбе жанкүйерлерімен мақтана алады. Біздегідей «13» сектор Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Жігіттерге, ақтөбелік жанкүйерлерге жыл бойы команданы қолдап келгені үшін алғыс айтамын! Ал біздің жүргізіп отырған саясатты қолдамайтындарға айтарым, «Ақтөбе» футбол командасында негізінен Ақтөбенің азаматтары ойнау керек! Ақтөбе өңірінде футболды дамыту үшін ауылдағы балалардан бастап кәсіби футбол ойнау керек. Ауылда, аудан орталықтарынд ашағын футбол алаңдарын ашып жатырмыз. Биыл «Ақтөбе» командасының әрбір ойынына 5-6 өзіміздің қазақ жігіттері шығып жатыр. Қазір футбол академиясын құрудамыз. Филиалдарын барлық аудандарда аштық. Негізгі мақсатымыз - өз футболистерімізді шығару. Жанкүйерлерді түсінемін, біздің балалардың деңгейі сәл төмен. Оны көтеру үшін олардың қасында тәжірибелі футболшылар ойнау керек. Біз оларды шақырамыз, олай етпесек болмайды. Біздің жігіттерді жақсы деңгейге көтеру үшін мықты футболшылар болу керек. Биыл «Ақтөбе» алтыншы орында қалды деп сөгіп жатқандар көп. Жас баладан, мәселен, 20 жастағы Дидар Жалмұханнан, 19 жастағы Игорь Байчуктан, 18-дегі Әбілхан Әбдікәрімовтен, 16-дағы Антон Скворцовтан бірден мықты футболшы шығару мүмкін емес. Оған уақыт керек. Бұйырса, жаңа команда 3-4 жылда жемісін береді. Баяғыдай жылына 4-5 гол салып, ойынның жартысын ойнамайтын легионерлердің керегі не? Соларға ай сайын төлеген 60-70 мың еуро жалақыны өзіміздің балаларды тәрбиелеуге жұмсайық. Біз «Ақтөбе» футбол командасының келешегін ойлауымыз керек. Сосын өзге спорт түрлерін дамыту керек, болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу керек. Сол үшін мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында хоккей модулін, жекпе-жек сарайын, мұз айдынын салып жатырмыз. Ұлттық ат спорты мен гір көтеру және суда жүзуден ауқымды жарыстар өткізіп жатырмыз.

- Өзіңіз ерекше назар аударып жүрген мәселелердің бірі - жол, қаланың сәулеті мен көгалдандыру жұмыстары. Сіз апта сайын бұл саланы қадағалап отырасыз. Бұл жұмыстардың нәтижесіне қандай баға бересіз?

- Әрине, нәтиже бар. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз жол жендеу жұмысымен айналысып жатқан әрбір мердігер мекемеге ескерттік. Егер ақау шығатын болса, өз қаражатының есебінен қайта жөндейді. Биыл 41 көше жөнделді. Бас-аяғы 140 көше жөндеу керек. Қазір өкінішке орай, Ақтөбе қаласында көшелердің жартысына жуығында асфальт, жарық жоқ. Оны бір жылда салып, орнату мүмкін емес. Уақыт керек. Үш жылдың ішінде асфальт төсеу, жарықтандыру жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспар құрып отырмыз. Сапалы болуын да қадағалап отырамыз. Әр сантиметріне дейін өлшеп, қабылдап отырмыз. Жұрттар әлеуметтік желілерде, - «қара суықта асфальт төсеп жатыр,» - деп жазыпты, ескертулеріне рақмет! Жаңбырда, қарда асфальт төсеп, мемлекеттің ақшасын босқа шашпаймыз.

- Сіз Ақтөбеге келгелі бірнеше меморандумға қол қойылды. Оның бәрі бірдей оң нәтиже бермейтін болар? Мәселен, сұйылтылған газ бағасын негізсіз өсірмеуге уәде берілген болатын, алайда оның бағасы 37 теңгеден 45 теңгеге бір-ақ көтерілді. Өзге мәмілердің жағдайы қалай?

- Біріншіден, меморандум деген екі жақтың арасындағы келісім. Келісімшарт емес. Олардың кейбірі орындалмауы да мүмкін. Негізінен меморандумның пайдасы бар. Жаңа айттым, жұмыссыздар және кейбір әлеуметтік мәселелерді шешу тұрғысынан пайдалы. Қазір салынып жатқан «Жастар сарайы» «Оқушылар сарайы», «Неке сарайы» осындай келісімнің арқасында пайда болды. Кейбір келісім жүзеге аспайды, кейінірек жүзеге асады. «Сапарбаев бір бәлеге қол қойды, түріктермен көйлек тігетін фабрикасы салынған жоқ» деп сынап жатқандар бар екен. Оларға да айтарым бар.

Фабрика салу үшін уақыт керек. Жайдан-жай, құр босқа ешкім келіп ақша құя салмайды. Ол тарап та бұл бастамадан қандай пайда табатынын ойлайды, бәрін жан-жақты зерттейді. Мысалы, цемент зауытын алайық. Қазір Қытай компаниясымен жұмысты бастадық. Ол жұмыс әрі қарай жалғасады. Ол бір жылда шешілетін шаруа емес. Ал газ бағасына келетін болсақ, газға байланысты бізде меморандум жоқ. Саудада сатып жатқан газ бағасын реттейтін - Энергетика министрлігі. Олар қойған газ бағасы 35 теңгеден 47 теңгеге дейін болу керек. Мен кешеден бері тексертіп жатырмын, кейбіреулерінің бағасы 47 теңге. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қазір монополияға қарсы комитет тексеруде. Олар қандай бағамен сатып алады, қандай бағамен сатады? Айырмашылығы қанша? Егер айырмашылығы көп болатын болса, неге көбейтіп отыр деген сұрақты қоямыз. Бізге ең керегі халық алатын, халық тұтынатын газ.

- Сіз келгелі тұрғындарға үй салуға жер беру мәселесі шешіле бастады. 10-15 жылдан кезекті тұрғандар бар. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Жүйелі жұмыс ұйымдастырса, ондай проблема туындамайды. Өңірде 130 мың адам жер алуға кезекті тұрса, оның 105 мыңы облыс орталығында, Ақтөбенің өзінде тұр екен. Қала халқы 400 мыңнан ғана асады. Әрбір төртінші азамат кезекті тұр деген ақылға қонымсыз. Сондықтан, тізімді қайта тексеріп, электронды база жасадық. Кейбір тұрғындардың бірнеше рет арыз бергені, қайтыс болып кеткен адамдардың кезекте тұрғаны анықталды. Қазір 2003-2004 жылдардан бері кезекте тұрғандар жер телімдерін алып жатыр. Жыл соңына дейін облыс бойынша 10 мың кезекте тұрған азамат жерін алады. Осылай біртіндеп бұл шаруаны біржолата шешпекпіз.

"Дүкен аралайтын уақытым жоқ, киімді әйелім алып береді"

-NUR.kz порталын оқисыз ба?

- Мен NUR.kz порталын міндетті түрде оқимын. Күнде таңертең содан бастаймын. Онда көтерген кемшіліктерді жазып аламын. Орынбасарларыма тапсырма беремін. Тек NUR.kz порталынан кейін басқа сайттарды, әлеуметтік желілерді бақылап отырамын. Маған баспасөз қызметім қажеттінің барлығын шығарып беріп отырады. Әрине, NUR.kz-тің орны бөлек. Жақында жиналыс үстінде қалтафонға қара ұйықтап отырған адамдар туралы жазыпсыздар. Мен олардың барлығына ескерту жасадым. Телефон ұстап отырған мемлекеттік қызметкерлер, ұйқытап отырған мекеме басшылары ұятқа қалды. Біз оларды ермек үшін шақырып отырған жоқпыз. Халықтың жағдайын жақсарту жолдарын талқылап жатырмыз. Егер шұғыл тапсырма беріп жатса жөн. Ал жиналыста іштері пісіп отырса, орындарын босатсын! Бұл әкесінен қалған орын емес! Егер жұмыстың бәрін тындырып қойып бос отырса, түсінер едім. Мен журналистермен жақсы байланыста екенімді айттым. Сіздер арқылы кемшіліктерді білеміз. Мәселен, мен Ақтөбеде судың үстіне асфальт салынып жатқанын білген жоқпын. Әлеуметтік желіде көтерілді, мен оны көрдім. Тиісті шара қолданыңдар деп айттым. NUR.kz-тен де осы іспетті қаншама қажетті мәліметтерді алып, тиісті шара қолданғаным бар.Осындай жұмыстар бізге пайдалы. Біз көп емеспіз, халық көп. Мемлекеттік қызметкерлер Ақтөбе өңіріндегі 840 мың халықтың 2 пайызын да құрамайды. Сондықтан ғаламтор, желілер арқылы кемшіліктерді бақылап, алдын алып отырған жөн деп есептеймін.

- Еліміздегі танымал азаматтардың ішінде кіммен жақсы байланыстасыз?

- Мен барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Бұрын қызмет атқарған өңірлердегі әріптестерімнің қуаныш-қайғысында міндетті түрде жеделхат жіберіп тұрамын.

- Айлығыңызды қалай жұмсайсыз? Киімді қалай таңдайсыз?

- Айлығым өз керегіме, отбасымның қажеттілігіне жұмсалады. Маған киімді әйелім алып береді. Киім таңдап, дүкен аралап жүретін уақытым жоқ. Сондықтан, жұбайым өзі алады, алған киімін киемін.

- Қазақстан шын дамыған елдер қатарында болуы үшін бізге не жетіспейді?

- Тынымсыз жұмыс істеу керек. Инновация, технология керек. Одан кейін әр адамның жауапкершілігі болуға тиіс. Кішігірім жұмысшыдан бастап, үлкен басшыға дейін. Егер әркімде ұлттық рухы, отаншылдығы, жауапкершілігі болса, мемлекет басшысы армандаған Мәңгілік қазақ елі дамиды, асқақтайды. Осыдан 25 жыл бұрынғы Қазақстанның дамуы мен деңгейін қазіргімен салыстыруға келмейді. Осының бәріне ширек ғасыр ішінде бейбітшілік пен ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Әйтпесе 25 жыл деген не? Мәселен, 25-тегі жігітті ақыл тоқтатқан, дамыған, жетілген, жағдайын жасаған адам деп қалай айтасыз? Енді осы жетістікті бектіп, әрі қарай дамытуымыз керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1308473-berdibek-saparbaev-kimnen-aqyl-surap/