Алматылық келін ата-енемен бір шаңырақта тұрудың мүмкін еместігін айтты
Жарияланған күні:
Отбасындағы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас әрқашан да өзектілігін жоймаған мәселе. Олардың бір шаңырақ астында сыйыспауы бүгінгі таңда екі жастың ажырасуына бір себеп болып отыр. Келін кішіпейілдігінен, үлкендер үлгі көрсетуден қалып бара жатқандай.
Енесімен бір шаңырақ астында екі жылдан астам бірге өмір сүріп, сыйыса алмаған келіншек NUR.KZ порталының оқырмандарынан кеңес сұрайды.
Алматыға солтүстік өңірден көшіп келген Назар Лесбеков көп ұзамай үйге келін әкеледі. Алматылық бойжеткен үйдің жалғызы әрі еркесі болған.
«Мен үйде жалғыз өстім, ата-анам мені барынша аялап, еркелетіп өсірді. Өзім қалада туып, қалада өстім. Сол үйге келін болып түскеннен құлағым бір тынышталмады. Енем не болса соны сөз етіп, құлақ етімді жейтін. Ол кісі мектепте жұмыс істейді. Демалыс күні ас бөлмеге сыймай кететінбіз. Қаланың қызы болсам да, қолымнан неше түрлі дәмді-тәттілер жасау келеді. Менің пісірген тамағымды жақтырмай үйдегілердің көзінше маған тисіп сөйлейтін. Онысына үндемей жүре бердім. Келін боп түскеннен кейін үш-төрт айдан кейін бала көтердім. Аяғы ауыр әйелдер сезімтал келеді емес пе? Әрнәрсені көңілге алып қалатынмын. Сонда енем тырнақ астынан кір іздеп, жатын бөлмемізге кіріп алып, ойындағысын айтып кететін. Түнімен жылап, ұйықтамаған кездерім болды. Күйеуімнің көзінше, мені бір достарының қызымен салыстырып, соны келін етіп алу керек еді деп қойып қалатын. Ал, қайынатамның мінезі жұмсақ, көп сөйлемейтін. Енем не айтса сол болатын», - дейді Назардың келіншегі Әлия Лесбекова.
Енесінің ауыр сөздерінен әбден қажыған келін онымен ашық сөйлесуді шешеді.
«Жүкті кезімде енеме сөз қайтарып, ренжіскім келмеді. Айтқым келген сөздер тамағыма тікен болып қадалып жүрді. Шыдамның да шегі бар. Қашанғы былай жүре берем деп, бір күні енеме алғаш рет айтатынымды жасырмай айтып қалдым. Содан енем мені қойып, менің әке-шешеме тіл тигізе бастады. «Сенің шешең тәрбие бермеген, әкең сондай», - деген сөздерінен соң, ол кісінің менің алдымда қадірі кетті. Жылап-жылап жасым да таусылды. Жолдасымды сүйе тұра, іштегі жеті-сегіз айлық баламен төркініме кетем деп шештім. Енем кетуіме қарсы болмады. Есікті өзі ашып берді. Ал күйеуім жұмыста болатын. Оған айтпай, киімдерімді жинап кетіп қалдым. Бірақ сол күні күйеуім артымнан келіп, мені қайтадан үйге алып келді», - деп баяндады басынан өткен күндерді келіншек.
Алайда, күн өткен сайын сол баяғы жағдай қайталана берген. Отбасының шырқын бұзбаудың жалғыз амалы – бөлек отау тігу еді. Алайда, Әлияның жолдасы сол үйдің кенжесі, қарашаңырақ иесі.
«Ата-енем жас, небәрі 50-ден енді асқан кісілер. Бөлек шығуға жолдасымның құлқы жоқ болды. Қайынағам мен абысыным бар, олар бөлек тұрады», - дейді Әлия Лесбекова.
Қазір келіншек үш жастағы қызымен бірге кетіп қалған. Ол ата-енесінің үйіне қайтып оралса, тура сол жағдай қайталанатынына сенімді. Сондықтан, Әлия күйеуін қалай да пәтер алып, жеке шығуға көндіруге тырысып бағуда.
«Мен ол үйге енді бармаймын. Бір емес, бірнеше рет «кет» деп қуып жіберген өздері. Ажырасуға да арыз жаздым. Бірақ жолдасым рұқсатын бермей жүр. Осылай екі жақта жүргенімізге он айдан асып кетті. Бір шешімін тезірек тапсақ екен», - дейді Әлия Лесбекова.
Айта кетейік, статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстанда 51775 неке бұзылған. Оның ішінде Алматы қаласы, Алматы облысы және Оңтүстік Қазақстан облысы алғашқы орындарда.
Тағы оқыңыздар:
Алматыда Универсиаданың ашылу салтанаты өтті (фото)
Трамп ядролық күштерді дайын ұстауға тапсырма берді
Саясаттанушы Назарбаевтың орнына кім келуі мүмкін екенін болжады
Димаш Құдайбергенге қытайлық қыздар тұрмысқа шыққысы келеді (фото, видео)
Қазақстанда арақ 45%-ға қымбаттайды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1391608-almatygha-kelin-bolghan-soltustiktinh-q/