27 жасында бес баланың анасы атанған келіншек бақыттың не екенін айтты (фото)
Жарияланған күні:
Көкшетаулық Айнұр Сұңғатова 27 жасында бес баланың анасы атанып отыр. Үш ұлы мен екі қызы бар келіншектің ең үлкен баласы тоғызда, ал ең кішісі екіде. NUR.KZ тілшілері бақытты отбасының бір күнін назарларыңызға ұсынады.
Айнұр мен Жаскен балаларымен бірге екі бөлмелі пәтерде тұрады.
«Мен көпбалалы отбасынан емеспін. Тек екі апалы-сіңлілі бірге өстік. Болашақта өзім көпбалалы ана атанамын деп ойламадым. Жаскен екеуіміздің жұбымыз жарасқанына он жылдай болды», - дейді Айнұр.
Айнұр 18 жасында тұңғышы Анельді дүниеге әкеледі.
«Мен балаларға дауыс көтермеймін. Әрқайсымен тіл табыса білемін, балаларымды тәрбиелеп өсіруді қиын деп санаған емеспін», - дейді ол.
Анель жақында тоғызға келеді, ал қалған балалары 7, 6, 4 және екі жаста.
Он жылдан бері тоқтаусыз декретке шығып жүрген Айнұр енді өз кәсібін ашпақ ниетте.
«Өткен жылдың қыркүйегінен бастап жеке бизнеспен айналысуды ұйғардым. Сауда үйлерінің бірінде кішігірім киім бутигін аштым. Үйде отыра бергеннен жалығасың, енді өз ісімді бастаймын», - дейді көпбалалы ана.
Ал Айнұрдың күйеуі қарапайым краншы болып жұмыс істейді.
Таңғы жетіде тұрып, балаларын мектеп пен балабақшаға жинайтын Айнұр бизнесін де қатар алып жүруге барын салуда.
Отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Балалар бірігіп бос уақытында түрлі ойындар ойнайды.
Ең көп уақыт алатын тіршілік - балаларды суға түсіру.
"Сағат кешкі сегізде шомылдыруды бастасақ, түнгі 11-де бір-ақ бітеміз", - деп күледі Айнұр.
Келіншек балаларды бағумен қатар өзін күтуді де ұмытпайды. Келіншек бес баланы дүниеге әкелгеніне қарамастан, өз көркін жоғалтпаған.
"Құрбыларым кей кездері сен есіңнен адастың дейді. Менің тағы да бала көтергім келетініне таң болады", - дейді келіншек.
"Көпбалалы ана болу шын мәнінде қиын емес. Ең бастысы сабырлы бола білу. Балаларым мектептен қуана маған жүгіріп келіп, құшағына алғанда, бес есе бақытты болудың не екенін бірден сезінемін", - деп ағынан жарылды Айнұр.
Фото NUR.KZ және Сұңғатовтар мұрағатынан.
Тағы оқыңыздар:
Атырауды бір жыл басқарған Нұрлан Ноғаев қандай ісімен көзге түсті? (фото)
Ақтөбедегі даулы оқиғаға қатысты "Нұр Ғасыр" мешітінің өкілдері жауап берді
Ішкі істер органдарындағы ең сұлу қызметкерді таңдаңыз (фото)
Анджелина Джоли сарышаян мен өрмекшіні қалай жейтінін көрсетті
Еліміздің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1417055-27-zhasynda-bes-balanynh-anasy-atanghan-kok/