Мектеп бітіргеніне 20 жыл болған сыныптастар ұстаздарын қажылыққа жіберді
Жарияланған күні:
Мақтаарал ауданының Атамекен ауылдық округіне қарасты М.Әуезов атындағы орта мектепті 1996 жылы бітірген түлектері кезінде өздерін оқытқан мұғалімдерін қажылыққа жіберді деп жазады Zamana.kz.
Өткен жылы жазда Мақтаарал ауданының Атамекен ауылдық округіне қарасты М.Әуезов атындағы орта мектепті 1996 жылы бітірген түлектері өздерінің 20 жылдық бас қосуларын өткізген болатын. Әдетте мұндай шараны ұйымдастырушылар өздері оқыған мектепке түрліше сый жасайтыны белгілі: Мектепке жаңа қақпа салып береді, қаржы бөліп, күрделі жөндеуден өткізеді, мектепке қажетті түрлі құрал-жабдықтар алып береді, тағысын тағы.
Ал, 1996 жылы бітірген түлектердің көрсеткен сый-құрметі өздеріне дейінгілерден өзгешелеу болды. Яғни, түлектер өздерін оқытқан екі ұстазға Мекке-Мәдинаға умра қажылық парызын өтеп қайтатын жолдама алып берген.
Осылайша тарих және құқықтану пәндерінің мұғалімі Мансұр Мамытов пен өздерін бастауыш сыныпта оқытқан Түймеш Көптілеуова жақында ғана өздерінің бір кездегі шәкірттерінің арқасында Меккеге барып, қажы атанып қайтты.
Мектеп түлектерінің негізгі демеушілері ретінде Алматыда, діни жоғары қызметтерде істейтін Әнуар Елжанов, Машраф Махамбетов, Қайрат Серғазиев, Берік Байымбетов, Икрам Аймешов, Бақдәулет Жұмаханов, Ерболат Раев бастаған жігіттерді атауға болады.
«Ата-бабамыз баруды армандап кеткен қасиетті жерге табан тигізгенде кәдімгідей көңілім босап, қасиетті Қағбаны айналып жүргенде еріксіз жыладым. Алған әсерімнің кереметтігінен болар. Соның бәрі әуелі Алланың, кейін жиырма жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен оқушыларымның арқасы», – дейді Мансұр ағай.
Ұстаздар да, ауыл тұрғындары да олардың Мекке-Мәдинаға барып қайтуына себепші болған жігіттерге дән риза.
Тағы оқыңыздар:
Қар көшкінінен қаза тапқан сарбаз өзінің Отан үшін шейіт болатынын сезіп кеткен (фото)
Алтын жалатылған көліктер мен тікұшақ: Еліміздегі бай-бағландардың тойы қалай өтеді?
Шымкенттік тұрғындар әлі күнге дейін үтікті көмірдің қызуымен жылытып отыр (фото, видео)
Еліміздегі банктердің бірі кредитін төлей алмаған отбасының қызын тартып алмақ болған
Арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып, аялап отыр (фото)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1419079-mektep-bitirgenderine-20-zhyl-bolghan-syn/