RU

Мәскеуде күңдікте болған қазақ қыздарын аяусыз зорлап, мұздатқышқа қамап тастаған

Мәскеудегі апалы-сіңлілі қазақ әйелдерінің дүкенінде күңдікте болған қыздар басынан өткен сұмдық жайттарды жайып салды. Ауыр соққы мен темір тепкінің астынан әрең құтылып шыққан олар айлар бойы күн көзін көрмей, қойманың жертөлесін паналап келген. Зорланған қыздардың кейбірі елге балалы болып оралған деп хабарлайды NUR.KZ.

Бұл туралы Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасынан белгілі болды.

ОҚО тұрғыны Айдана бірінші курсты бітірген соң, анасына жеңілдік болсын деп жұмыс іздейді.

"Болашақ қожайынымыздың қызы маған бала күтушісі болуды ұсынды. Екі-үш ай істейсің, айлығыңды береміз деп уәде берді. Пәтер, тегін тамақ болатынын айтты. Мен анамнан рұқсат сұрадым. Ол кісі де өзіміздің қазақтар ғой деп сенді. Сөйтіп Мәскеуге келдім. Сол күні-ақ менің киімдерімді, құжаттарымды, телефонымды алып қойды. Ең болмағанда анама аман-есен жеткенімді айтайын десем, сөйлесуге рұқсат бермеді. Маған жұмаққа келген жоқсың, жұмыс істеуге келдің деп дөрекілік танытты. Сол күні бір кесеге арақты толтырып құйып беріп, зорлап ішкізді. Бір қорап темекіні алдыма тізіп қойып осыны бітірмегенше тұрма деп қинады. Ол кезде мен әлі 17-демін. Ондай жаман әдеттерден аулақ едім», - деп еңіреді өткенін есіне түсірген Айдана.

Мәскеудегі дүкенде жұмыс істеген қыздар үйімен сөйлескен кезде дүкеннің иесі  телефонды өзі ұстап тұратынын, ал күйеуі жанында пышақпен тұратынын айтады.

«Амал жоқ, менде бәрі жақсы деп жүрдік», - дейді ол. Айдананың денесінде Мәскеуден қалған естеліктер көп.

«Дүкеннің иелері сенің денеңнен қан шықпайынша тынышталмайды. Қолым сынған, жараның іздері көп. Құлағым да сынған. Бізді электрошокермен қинайтын. Біріміздің қашуға әрекеттеніп жатқанымызды біліп қойса, аямайтын. Бір күні мен бір қыздың қашып шығуын жасырып ешкімге айтпадым. Соны біліп қойған дүкеннің иесі мені ыстық судың астына күйдіріп, содан мұздатқышқа екі сағатқа қамап қойды», - дейді Айдана.

Дүкенде барлығы 15 қыз-жігіт жұмыс істепті.

Ал Зарина Әшірова Мәскеуге 2006 жылы барыпты. Ол кезде оның жасы 16-да екен.

«Тоғыз бітіргеннен кейін жазғы демалыста шешеме көмектескім келді.  Маған да бала күтушінің жұмысы бар деді. Бара салысымен менен де құжат, киімдерімді тартып алды. Маған да арақты зорлап ішкізді. Бір-бірімізбен сөйлестірмейтін. Көріп қойса бір-бірімізге ұрғызатын. Салтанат деген қызбен сөйлесіп тұрғанымды көріп қойып, сол жерде мені таяқтың астына алды. Басымда жараның ізі бар, саусақтарым сынған»,-деп баяндады ол болған оқиға жайында.

Зарина тағы бір сұмдық жайттың басын ашты. Ол жердегі күң қыздарды дүкенде жұмыс істейтін ер адамдарға әдейі зорлататыны белгілі болды. Заринаның қазір бес жасар баласы бар.

«Ол жерде қыздарды зорлайды. Өз еркің өзіңде емес. Дауыс шығарып айғайлатпайды. Мені Жансұлудың (апалы-сіңлілердің бірі) әпкесінің баласымен қосты», - дейді Зарина.

Бұл сол жердегі қыз-жігіттердің бір-бірімен үйренісіп кету үшін жасалатын құйтырқы әрекеті екен.

Онымен қоймай, сол жерде кей жігіттерді нашаға отырғызып тастаған көрінеді. Олар аталған дүкенде он жылдап жүр екен.

Заринаны 2012 жылы анасы журналистер мен еріктілердің көмегімен алып шыққан. Заринамен бірге тағы да 10 адам бостандыққа шығуға мүмкіндік алған.  Күңдікте болған қыздар өздері басқан отты енді ешкім қайталамаса екен дейді. Олар осылайша қалың жұртшылыққа мұның бәрі рас болғанын, ешқандай шоу емес екендігін жеткізгісі келеді. Қылмыстың Қазақстанда бастау алғанын ескере келе тиісті заң орындарының бір шара қолданғанын қалайды.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Бэкхемдердің 5 жасар қызы әлемдік жұлдыздарға арнап сән топтамасын жасап шығарды

Ерекше даусымен таңғалдырған зағип қызға көпшілік сүйсінді (фото, видео)

Павлодарлық ана жоғалып кеткен ұлынан қайта оралуын жалынып сұрады

АҚШ-та тамақ жеуден жарысқан екі адам көз жұмды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1456499-maskeude-kunhdikte-bolghan-qazaq-qyzda/