Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өгей шешесі өлтірген Өркеннің анасы мен әжеcі шындықтың бетін ашты

Жарияланған күні:

Алматыдағы ықшам аудандардың бірінде өгей анасының қолынан қаза тапқан он бір жастағы Өркеннің анасы мен әжесі "Айтуға оңай" бағдарламасына келіп, осы оқиға төңірегінде шешілмеген түйткілді мәселелер бар екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Етегі жасқа толып келген Өркеннің әжесі Бағдагүл апай тұңғыш немересінің үздік оқушы болғанын айтуда.

"Келінім екінші рет тұрмысқа шыққан соң, Өркенді өзімнің қолыма әкеліп берді. Мен оны қуана-қуана қарсы алдым. Келінім мен ұлымның арасында түсінбеушіліктер болып, ажырасты. Талай айттық, бала бар ортада, қосылыңдар деп. Бір шетінен келінімнің анасы "Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды" деп алып кетті.

Ажырасқаннан кейін ұлым басқа әйелге үйленді. Екінші әйелінің үш баласы бар екенін кейіннен білдік. Балам ол әйелін жақсы көрмейтін, амал жоқ бала үшін тұрды. Мен екінші келінімді ешқашан қабылдаған емеспін. Айтатынының бәрі өтірік. Тіпті, оның 23 жастағы ұлы бар екенін Өркенім қайтқан соң білдім", - дейді әжесі.

Бағдагүл апайдың айтуынша, Өркен әкесінің екінші әйелінен туылған Нұрайды өте қатты жақсы көрген. Тіпті, сенбі күндері қарындасын сағынып кеткенін айтып, көруге барып тұратын болған.

Қаңтардағы қаралы күнді есіне алған Бағдагүл әжей немересін өлтіруге жәрдемдескен келінінің қаскөй ұлы мен досы өзінің артынан аңдып жүргенін де айтты.

"Он тоғызыншы қаңтар күні, сағат бір жарымда сабақ біту керек болатын. Үйге келсем, Өркен жоқ. Содан сынып жетекшісіне хабарласып, немеремнің әлі келмегенін айттым. Ол кісі балалардан сұрап, біліп берейін деді де, қайта хабарласып: "Балалар Өркенді бір әйелдің алып кеткенін айтты, жанында бір кішкентай қыз бар. Өркен әлгі қызды көргенде қуанып кетті, солардың жанында сөйлесіп тұрған екен" деді.

Мен бірден ана әйел алып кеткенін білдім де, оған хабарластым. Телефонда Өркен қайда деп сұрадым, ол: "Білмеймін, мен сөйлесіп, остановкаға кетіп қалдым. Әлі бармады ма, үйге?! Менде қазір шығып іздеймін" деп, түк болмағандай кейіп танытты дейді Бағдагүл әже.

Ұлының өліміне кінәлілерді тезірек жазалауды сұраған Өркеннің анасы Айжан жолдасымен ажырасуына көп себептер болғанын айтып, күйеуін кінәлағаннан қазір пайда жоқ екенін мәлімдеді.

"Мен күйеуімді кінәламаймын. Кінәлілер өз іштерінен бәрін біледі. Олардың жазасын Алла берсін деп тілеймін!", - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

"Осы уақытқа дейін Өркенді әкесімен араластырмай қойған емеспін. Баламның жүрегінде реніш болмасын деп, оны әкесі қатты жақсы көретінін үнемі айтып отыратынмын. Мүмкін ол менің қателігім болған шығар, баламды араластырмай, әкесінен алшақ ұстағанымда оның өмірі басқаша болар ма еді. Өмірім енді өкінішпен өтетін болды", - дейді Айжан.

Өркеннің жақындары ұлдарын өлтіргендердің ісі созылып кеткеніне алаңдаулы. Олар қылмыскерлер қандай да бір әрекет жасап, жазадан құтылып кете ме деген күдіктерінің бар екенін де жасырмады.

"Біз қайда баратынымызды білмейміз. Тергеушілер ешқандай жауап бермейді, телефонда біздің уақытымызды алмаңыздар дейді. Істі сәуірдің жиырмасына дейін тағы созған. Бәрі белгілі ғой десем, біз бұл жақта ойнап жатқан жоқпыз дейді. Мені бір жаққа ысырып тастаған сияқты, ешқандай ақпарат ала алмаймыз", - деп ұлдарының қазасын жоқтап отырған қос ана заң тұрғысынан хабарлары бар адамдардан көмек сұрады.

Естеріңізге салсақ, қаңтардың он тоғызы күні сабақтан шыққан Өркенді өгей шешесі күтіп алып, алдап таксиге мінгізген. Кейіннен оны туған балаларымен бірге өлтіріп, денесін қаладағы жертөлелердің біріне апарып, көміп тастаған. Бұл іске қатысты қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Әблязов ұрланған ақшаға үш бірдей жеке ұшақ сатып алған

Еуропалықтар Ердоғанның ақыл-есі дұрыстығына күмәндана бастады

Назарбаев: ДАИШ-қа қосылған қазақстандықтар азаматтығынан айырылады

ОҚО-дағы әкім өзі басқаратын ауданды «Голливудқа» айналдырмақшы (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1462619-ogey-sheshesi-oltirgen-orkenninh-anasy-m/