Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйгілі Алтын орданың "құл базарындағы" жігіттер 200 мың теңге айлық алатынын айтып мақтанды (фото)

Опубликовано:

Халқының саны екі миллионға жуықтаған Алматыға сырттан жұмыс іздеп сандалған жұрттың қарасы үзілер емес. Ауылдан келген қаракөздер базар жағалап, анда-мұнда жалданып жан бағып жүр. Көпшілігін Алматыдағы Алтын орда базарының тұсында «құл базары» деген атпен танымал тұрақтан табуға болады.

NUR.KZ тілшілері олардың арасынан қара жұмыс іздеп жүрген дипломы бар экологті де, жоғары білімді математикті, тепсе темір үзетін палуанды да жолықтырды.

Иығына жұмыс киімі салынған жол сөмкесін асынған жалдамалы жұмысшылар таң қылаң бере үлкен жолдың бойына жинала бастайды. Айтуларынша, оларды түрлі жұмыстарға күндізгі сағат 11-ге дейін алып кететін көрінеді. Ішінде мектепті енді бітірген жасы да, алпысты алқымдап егде тартқаны да бар. Өздері ер-әйел болып бөлініп алған.

Жетісайлық Бекжан Далабаевтың (есімі өзгертіліп алынды) осында жүргеніне 11 жыл болған. Жоғары оқу орынын эколог мамандығы бойынша тәмамдапты. Әскерге де барып келген. «Құл базарды» жағалауының себебі ретінде ол лайықты жалақысы бар жұмыстың жоқтығын айтады.

«Егер бізге айына 200 мың айлық берсе, біз істейміз. Неге істемейміз? Құрылыс фирмалары ондай ақша төлемейді. Әйтпесе тепсе темір үзетін жігіттерміз. Өзім жоғары білімі бар эколог маманмын. Лайықты жұмыс болмаған соң, осылай ақша тауып жүрміз. Жұмыс сұрап барсаң, пара сұрайды. Біз бермейміз», - дейді ол.

Тілшілерді қаумалаған басқа да ер азаматтар оның сөзін қоштап, жарыса сөйледі. Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысынан Алматыға жұмысқа кеттім деп келген жігіттер өз ауылдарында ұсынған 30-40 мың айлықты місе тұтпағандарын айтады.

«Кім қазір 30-40 мыңға жалданып жұмыс істейді? Ол кімге жетеді? Мен мына жерде айына 100-200 мың теңге табамын», - дейді жасы алпысқа келіп қалған Ғабит есімді қызылордалық азамат.

Ал өзін Ерлан деп таныстырған жас жігіттің осылайша ақша тауып жүргеніне сегіз жыл болған.

«Қолымнан бәрі келеді. Электрикпін. Негізгі мамандығым - математик», - дейді Ерлан.

Тілшілермен тілдескен жалдамалылардың айтуынша, «құл базарын» тұрақтаған жүздеген адамның жартысынан астамы қарақалпақ азаматтары.

«Мұнда жүргендердің 30 пайызы ғана қазақстандық. Қалғаны Қарақалпақстаннан келген азаматтар. Өзіміздің қазақтардан тіркеу сұрайды. Ал басқа елден келгендер тіркеусіз жүр. Соларды тексерсін», - дейді ашулы жігіт.

Жалдамалы қара жұмыс іздеп тұрған «құл базарындағы» әйел қауымының ашылып сөйлеуге зауқы болмады. Біраз уақыт бұрын бір топ әйелді картоп сұрыптатуға алып кетіпті.

Тілшілермен бетін жауып сөйлескен Әсем есімді келіншек жұмысын істеткен  адамдардың өздерін кейде алдап кететінін айтып қалды.

«Бізді көбінесе үй тазалауға, әктеу, сырлау сияқты жөндеу жұмыстарына тартады. Адал еңбегіміздің ақшасын бермей қоятындар  бар. Олармен дауласу бекер. Беретін жерге ақша беріп, бәрін шешіп тастайды», - дейді келіншек.

Қара жұмыс іздеп көше торуылдаған ағайын күн ұзаққа жақын маңдағы дүкендерден ішімдік алып ішетін көрінеді.

Бұл мәліметті растау тілшілерге аса қиынға соқпады. «Құл базарына» жиналған кейбірінің аузынан ішімдіктің иісі мүңкіп тұрды.

Алматыға ақшаның соңынан кеткен бұл жандардың шын мәнінде қанша табыс табатыны белгісіз.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Отандық депутат су тасқынын табиғатқа жаба салатын әкімдерге шүйлікті

Миына сегіз сантиметрлік шеге кіріп кеткен азамат тірі қалды

Оралда жақ-жаққа бөлінген футбол фанаттары ел алдында жаға жыртысты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1471962-almatynynh-qul-bazarynda-kimder-zhur/

pixel