Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Айлығының жартысын басшылыққа беретін қызылордалық тәрбиешілер жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

NUR.KZ порталына хабарласқан қызылордалық балабақша тәрбиешілері мекеме басшылығының ай сайын ірі мөлшерде заңсыз ақша жинайтынын айтып, мұңын шақты.

Есімдерін құпия ұстауды өтінген тәрбиешілер балабақша ғимаратын жөндеу жұмыстарына өз қалталарынан қаражат шығаратынын жеткізді. Айтуларынша, балабақшада ай сайын 20-30 мың теңгеден ақша жинау тұрақты үрдіске айналған.

Айлығымыздың тең жартысын береміз деп ашынған тәрбиешілер әділдік іздеп жан ұшыруда.

«Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдызы» балабақшасының меңгерушісіне арыз түсірсек деп едік. Себебі, балабақша қызметкерлерінен ай сайын 20-30 мың теңге жиналып тұрады. Бүкіл қызметкерлерден ай сайын тамаққа деп 1500 теңге жинап алады. Тамақты ішсең де, ішпесең де сол соманы беріп отырамыз.

500 теңге ортақ қорға деп жинаймыз. Бірақ қандай қорға жинап отырғанымызды білмейміз. Былтыр қыркүйек айында бақылау департаменті келуіне байланысты әр қызметкерден 30 мың теңге ақша жиналды. Мұғалімдер күніне орай бастыққа сыйлық ретінде 1500 теңгеден жинатты. Бастық жиналыс жасап, оны аз санап, бетімізге лақтырып, бізді балағаттады. «Менің құным мың жарым теңге тұра ма?» деген сөзді естідік. Содан соң біз қайтадан 5000 теңгеден жинап бердік. Әрбір мереке, туған күн сайын осындай жағдай қайталанады.

Осы жылдың сәуір айында жиналыс жасап: «Қысқарту келіп жатыр, соның алдын аламыз»,- деп әр қызметкерден 11 мың теңге жинап, артынша үш қызметкерді жаңадан жұмысқа алды. Екі музыкант, бір бишіге: «Дәл сендер қысқаруларың мүмкін», - деп үшеуінен 25 мың теңгеден жинап алды. СЭС мамандары, өртке қарсы қызмет мамандары келген жағдайда дастарханға 2000 теңгеден дайындаймыз», - дейді тәрбиешілердің бірі.

Олардың айтуынша, балабақшадағы балаларға қажетті заттар шаруашылық бөлімінен берілмейді.

«Дәретхананы жуатын щетка, еден жуатын матаға дейін өз қалтамыздан ақша шығарып сатып аламыз. Балабақшаның жылдағы ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына қаражат қызметкерлерден жиналады. Мамыр айында даладағы орындықты күн жеп қойды деп қайтадан бояттырды. Қалтамыздан бояуға ақша шығарып сатып алдық. Біз соған міндеттіміз бе?

Жыл басында кәсіподақтан көмек алдым деп жалған қол қойдырылады. Бірақ олардан бірде-бір көмек алған емеспіз. Едендегі кілемдерді де қолмен жумай, мойкаға беріңдер деді. Біз оны есептеп көрсек, әр кілемді бес-алты мыңға жуады екен. Сонда алатын қаражатымыздың тең жартысын балабақшаға беріп отыруымыз қажет пе?», - деп налиды олар.

Балабақша тәрбиешілері балаларға берілетін ас мәзірінің құпиясын ашты. Айтуларынша, онда бүлдіршіндерге төрт мезгіл берілуі тиіс тамақ үш-ақ мезгіл беріледі.

«Таңғы асқа ботқа, нан мен какао ғана береді. Ас мәзір бойынша түскі асқа дейін берілуі керек тамақ мүлде берілген емес. Түскі асқа етсіз сорпа, екінші тағам ретінде тауық еті мен макарон және шай береді. Үш күн осындай макаронмен тамақтандырып, төртінші күні макарон қосылған сорпа, нан мен шайға тойдырады. Түстен кейін бір тілім нанға тосап немесе қаймақ жағып беріледі. Балалар салат, жеміс атаулыны көрген емес. Шырын дегенді ішкен емес. Мұны балалардың өздерінен де сұрауға болады», - деп мәлімдеді балабақша тәрбиешісі.

Айтуларынша, жаңа жылда оларға айлығынан 20-30 мың аванс берген сыңай танытып, қаңтар айында оны жалақыларынан ұстап қалатын көрінеді. Сондай-ақ олар балабақша қызметкерлерінің 80%-ы басшылықтың тамыр-таныстары екенін алға тартады.

Ең қызығы, тәрбиешілердің айтуынша, балабақша басшылығы ғимаратты түрлі балгер тауып әкеліп, аластатып отырады екен.

Портал редакциясына келіп түскен ақпаратқа қатысты Қызылорда қалалық білім бөлімінің өкілдері ресми түрде жауап берді. Олардың хабарлауынша, бүгінгі таңда аталған жағдай бойынша тексеріс жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1541281-qyzylordalyq-tarbieshiler-balabaqsha/