Қазіргі қазақ прозасы мен драматургиясындағы бетбұрыс
Жарияланған күні:
Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының әдеби жаңалығы неде?
Көркем әдебиет – өз заманының сөзбен түзілген «көзі мен құлағы» ғана емес, сол кезеңнің көркем тілмен кестеленген айшықты айнасы. Әдебиет кезең-кезеңімен алмасып отырар мәртебелі уақытқа ілесе-үндесе білмесе, заманының қалтарыс-қатпарына барынша үңіле алмаса, онда ешқашан өміршең болмақ емес. Мәселе – оның белгілі бір кезеңдер аралығындағы тарихи оқиғаларды және бетбұрыстарды тізіп жазып, өзінше өрнектеп беруімен өлшенбейді, керісінше сондай аумалы-төкпелі уақыттағы кісі мінезінің құбылуы мен адамдар арасындағы қарым-қатынастардың соншалықты күрделеніп-шиелене түскенін дөп басып айта алуында!
Сол арқылы барша адамзатқа терең ой салып, өз өмірі мен тіршілігі хақында толғануына жетелеуінде! Одан да тереңдеп айтсақ, замананың «запыраны» мен «өксігін» шеберлікпен кестелеп сөйлетіп, оқырманды өзіне икемдеп, қызыға да ынтыға оқуға ынталандыруында! Міне, осы ретте әр кезеңнің өзіне тән әдеби ізденісі, талпынысы, шабысы, тіпті өзіндік өрнегі бар жаңаша жазу жаңалығы туындап отыруы заңды құбылыс болса керек-ті! Әйтпесе қай ұлттың да көркем сөз өнері ілгері қарай жылжымай, ескі сүрлеуде қамалып, дамымай қалуы әбден мүмкін.
Қазақ оқырмандарына кеңінен танымал қаламгер, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының соңғы екі кітабы «Қорғансыздың түні»(2016) және «Сталинмен бетпе-бет»(2017) деп аталады. Алғашқысы – қазіргі заманның тыныс-тіршілігін дөп басқан, көлем жағынан ең қысқа романдар мен киноромандардың басын біріктіреді. Бірден-ақ айта кетерлігі – көркем романдардың оқиғасы кісі шатастырарлық шым-шытырық емес, кейіпкерлер саны аз, барлығы дерлік өте шағын, ықшам, тілі шұрайлы, әсіресе оқуға жеңіл де тартымды болып келетіндігі. (Мұндай әдеби «барлаулар», әрине, әлем әдебиетінде аз да болса бар үрдіс, сыншылар солармен сабақтастырып-салыстыра сөз етсе, әңгіме аса мәнді болар еді!) Сосынғы бір елеп айтарлығы – осындағы бұрын-соңды кездестірмеген жанрлық өзгешелікті, былайша айтқанда проза мен драманың «синтезін» байқауға болатындай.
Тағы бір қызығы – жазушы қайсыбір кейіпкерін де таптаурын әдіске салып, «сырттай» қызықтап отырып сипаттамастан, өз сөзімен-ақ (диалогтармен) даралап-сомдап шығуында! Қазірдің өзінде-ақ бірқатар әдебиет білгірлері мұндағы роман-драма, роман-трагедия, роман-хат деп ен тағылған шығармаларды қазақ әдебиетіндегі бетбұрыс әрі соны жаңалық есебінде қабылдауға ниет білдіре бастады. Ондай шығармалар санатында «Бақидан келген келіншек-», «Жатпланеталық жігіт», «Бумеранг» және «Қорғансыздың түні» дүниелерін атап, осы туындылардың ерекшеліктерін баса айтуда. Әрине, қандай да бір жаңалығы бар көркем шығарманың шын бағасын уақыттар безбендеп беретінін ескерсек, бұл туындылар көбірек талқыға түсіп, әлі де кең көлемде әңгімеге негіз болатыны сөзсіз.
Қаламгер-драматургтің екінші кітабы «Сталинмен бетпе-бет» деп аталады, мұнда жаңадан жазылған тақырыбы сан түрлі драмалық шығармалардың басы біріктірілген. Ерекше көңіл аударарлық жағдай – жинақтың алғашқы бөлімінде тарихи тақырыптарда жазылған, сол арғы-бергі тарихи оқиғаларға жаңаша көзқараспен келген, таптаурын ойдан қашқан, образды оқиғаға емес, оқиғаны образға бағындырған пьесалар топтастырылса, ал екінші бөлімі бүгінгі күн суреттерін айшықтаған, қоғам мен адам арасындағы текетірестер мен мәңгі бітпес майданды түбірімен қопара сөз еткен драмалар да, ал олардың жазылу-берілу тәсілдері өзіне дейінгі драмалық туындылардан барынша өзгеше болып келетіндігі!
Спектакльдері республика драма театрларында соңғы 15 жыл көлемінде үздіксіз қойып келе жатқан драматургтің мына кітаптағы пьесалары көлемі жағынан да, айтар ойы тұрғысынан да бұрынғыларына мүлде ұқсамайды. Әсіресе, селт еткізерлігі – барынша шағын көлемге үлкен де салмақты ой сыйғызуға, бүгінгі қоғамның «кеселін» дөп басуға тырысып баққан және оны сәтті орындап шыға алған. Егер сахнаға жол тартып жатса, ары кеткенде бір сағаттың ішінде бүкіл айтпақшы ойды сол қалпында мөлдіретіп бере салуға болатындай.
Тағы бір елеулісі – драматургтің кейіпкерлерді таңдаудағы аса «сараңдығы»! Әр пьесада бір-екі, ары кеткенде төрт-бес қана персонаж бар. Осындағы «Сталинмен бетпе-бет», «Ән-ғұмыр», «Күй-ғұмыр», «Жапон аруының арманы», «Шамда сөнген шырақ»(әл-Фараби туралы), «Адасқан арман», «Аш адамның ашуы» секілді драмалық туындылары сахнаға сұранып тұр. Олардың арғы тағдыры мен бағының жануы білікті де талғампаз режиссерлерге тікелей тәуелді!
Қазіргі қазақ прозасы мен драматургиясында ескіні бұзып, жаңаша соқпақ іздеген соны ізденіс пен бетбұрыс бар ма деген сауалды өзімізге-өзіміз қояр болсақ, қарымды қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының осы екі кітабынан соны анық көрініп тұрғандаймыз! Ал, сапалық деңгей-дәрежесін салмақтап-бағалау, әрине, бөлек әңгіме болып қала бермек!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1596159-qazirgi-qazaq-prozasy-men-dramaturgi/