Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Табиғи жолмен төртем дүниеге әкелген алматылық ана балаларын екі жылдан кейін елге көрсетті (фото)

Жарияланған күні:

Тәуелсіз Қазақстан тарихында небәрі бес жанұяда ғана төртем бар. Солардың ішінде 2015 жылдың 5 тамызында өмірге келген бір құрсақтағы егіздер қазақ тарихында қалады десек қателеспейміз. Себебі, олар - ешқандай дәрігердің араласуынсыз, табиғи жолмен дүниеге келген алғашқы төртемдер. Кеше ғана дүние есігін бар болғаны бір келі болып ашқан шақалақтар бүгін балабақша табалдырығын аттады деп хабарлайды NUR.KZ  порталының тілшісі.

Төрт түрлі мінезді төртем

Жастары екіге толған бір ұл мен үш қыз бала мемлекеттік балабақшаға барып жүр. Тәрбиешілері бір-бірінен айнымай қалған үш қызды әлі күнге дейін ажырата алмайды екен.

"Диасыл ұл болған соң оңай ажыратамын.  Ал, қыздарды жиі шатастырамын. Өйткені олар кейде бірдей киініп келеді. Кім екенін білу үшін "Аяжан, Адиля, Амира" деп бәрін атап шығамын. Бәрібір мен үшін төртем тәрбиелеу өте қызық. Тобымда ерекше балалар бар екенін мақтан тұтамын. Балабақшаға келген тексеру және басқа да қонақтар ең бірінші осы төртемді келіп көріп кетеді, мәз болады. Басқа тәрбиешілерде маған қатты қызығады. Күн сайын келіп, "бүгін төртем қалай киініп келді" деп тобымызға бас сұғады",- дейді  №46 балабақшаның тәрбиешісі Толқын Нұралімқызы.

Тәрбиешінің сөзінше төртемдер басқа балалардан айырмашылығы сыңарларын қатты сезеді.

"Балалар қол ұстасып тұра қалыңдар десем Адиля мен Амира, Аяжан мен Диасыл қол ұстасып тұра қалады. Басқа балалар қасында кім тұр сонымен қол ұстасса, бұлар басқалардың қолдарынан мүлдем ұстамайды. Диасыл - сәл бұзықтау, ұл болған соң жүгіріп жүреді. Ал, үш қыз өзара топ жасап ойнайды. Қыздар ойыншыққа таласып ренжісіп, біреуі жылап қалса басқалары қасына келіп қарап "бұл неге жылады?" деп жаны ашып, ойланып қалады. Қызығы Диасылды қарындастары қатты сыйлап, жандары ашып жүреді. Ұйқыдан тұрғанда Диасыл отырады үш қарындастары киімдерін әкеліп беріп, қамқорлық жасайды. Ал, қабілеттері, жүріс-тұрыстары мен бойлары да өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ. Кейде қыздар бірдей киініп келеді. Ұйқыдан тұрғанда көйлектерін таратып берсем "менікі емес" деп басқа сыңарындағы өзінінің киімін танып жатады. Осындай таң қаларлық қызықтары бар ",- дейді тәрбиеші.

Төртемнің анасы болса балаларды бойларына қарап оңай білуге болады дейді.

«Кей кездері менің өзім де қыздарды шатастырып аламын. Әсіресе, қыздың үлкені Адиляның келбеті екі сіңлісіне ұқсап кетеді. Біз олардың дене бітіміне қарап оңай ажыратамыз. Балабақшадағы тәрбиешілеріне де солай жасау керектігін айттым», - дейді төртемнің анасы Баян Абдулина.

Батыр ананың сөзінше, дүние есігін бірінші болып ер бала Диасыл ашқан.

«Артынан үш қарындасы бір минут айырмашылықпен қатар-қатар туылды. Олар өмірге келген кезде бойлары, салмақтары әртүрлі болған. Жастары екіге толған төртемдердің мінездері де, түрлері де  бір-біріне қатты ұқсамайды. Екінші болып туылған қызымыз Адиля – өте ақкөңіл, адамның көңіліне қарайтын жұмсақ мінезді, өзге сыңарларына қарағанда тіл алғыш және бауырмал.

Ал, Амира - үшінші болып туылғанымен мінезі ұлға ұқсайды, аздап бұзықтығы бар, бойшаң қыз. Басқа сыңарларына қарағанда әкесіне өте жақын. Аяжан - бізде төртемнің кенжесі әрі дене бітімі де кішкентай нәзік. Өзге аға-әпкелеріне қарағанда қағылез, пысық. Алдыңғы бауырлары бір затты түсініп болғанша ол сол көрсеткен нәрсені өз бетімен  қайталап отырады», - дейді Баян.

«Төртемнің ішінде ұлымыз Диасылымыз өте ерекше, ерке, көшбасшы, қорқу дегенді білмейді. Кішкентай болса да теледирдарды ақтарып, үлкендерге арналған бағдарламаларды көріп, бәрін білгісі келіп тұрады. Өзі сондай қонақшыл, үйге келгендерді қарсы алып, қуанып тұрады. Аздап сәнқойлығы бар. Артынан ерген қарындастарына қарап, әдемі киінгенді ұнатады.

Төртемнің ішінде  Адиля мен Аяжан әдемі болып жүргенді жақсы көреді.Үйде болса да күніне бірнеше рет киімдерін ауыстырып, өздеріне ұнағандарын киеді. Қыздар көбінесе қуыршақтарымен ойнағанды жақсы көреді», - деп аналары төртемдердің ерекшеліктерін сипаттап берді.

Ата-ана төртемді аса қатты еркелетпейтіндерін айтады.

«Олардың алдында үш ұлымыз бар. Барлығына бөліп-жармай бірдей қараймын. Мен үшін әр баланың өз орны бар. Төртемнің дүние танымы ерекше болғандықтан әр демалыста саябақ, зообақ сынды жерлерге апарып, қызықты дүниемен танысытырып отырамыз. Жаз кезінде ата-әжесінің қолына ауылға жібереміз. Біз үшін төртем күнде бір жаңалық ашады. Қылықтары да, жаңа шығып келе жатқан тілдері де тәтті.

Туылғалы бірге, әлі күнге ажырап көрген емес.  Барлығы өте бауырмашыл. Кез келгені бөтелкедегі сүт, алма болсын төртеуден алып, басқа бауырларына таратып жүреді. Түнде барлығы бір бөлмеде ұйықтайды. Кейде біреуі ауырып немесе жылап қалып басқа бөлмеге жатқызсақ, бәрібір оянып сыңарларының қасына барып жатады», -  деп батыр ана балалардың басты ерекшеліктерін айтып берді.

Баян Абдулина қазір жеті баланы өмірге әкелген батыр ана, «Алтын алқа» иегері.

«Төрт бірдей егізді өмірге әкеліп, өсіру оңай емес. Шаршайсың, бірақ төртем туғаныма ешқашан өкінген емеспін»,-дейді көпбалалы келіншек.

Қазақ тарихындағы ең алғашқы бір құрсақтан шыққан төрт егіз болғандықтан балалы бола алмаған жұбайлар Ерсеитовтер отбасындағы сәбилердің киімін ырымдап алып, «жұғысты болса екен» деп тілейді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1606208-qazaqstan-tarikhynda-alghash-ret-tabighi/