«Әруақ кезген»: Астанада мәйітхана үстіне салынған тұрғын үйлерде елес жүргені рас па?
Жарияланған күні:
Астанада тұрғын-үй кешендерінің кейбірін «әруақ кезіп», «маза бермей жүр» деген қауесет тарағалы қашан. Біреулер бұл әңгімені «сандыраққа» баласа, тағы бірі «ақпараттың рас екенін» айтып, қаланың қақ ортасындағы үйлерде «елес бар» дегенге сеніп әлек. Елорданың су жаңа үйлерінде расымен елес бар ма? NUR.KZ тілшісі «әруақ» үйлердің тұрғындарымен тілдесіп, экстрасенс-медиумның болжамына құлақ түріп қайтты.
Астанада шаһардың қақ ортасында бой көтерген атышулы «Байқоңыр» тұрғын-үй кешенін білмейтін жан некен-саяқ. Бауыржан Момышұлы көшесінің бойынан орын тепкен көпқабатты үй туралы бүгінде түрлі қауесет тарап кеткен. Біреулер бұл үйде «белгісіз аруақ» кезіп жүр десе, енді бірі үйдің «елестерден» дін-аман екенін айтып ақталып жатады.
«Айтқыштар айта береді, осы үйде 3 жылдан аса тұрып жатырмыз. Қандай да бір «мистикалық» құбылыс немесе «елес» дегенді көрмеппіз де, естімеппіз де. Бірақ, былтыр, биыл суицид болды ғой. Соған байланысты алып-қашпа әңгімелер бар. Десе де, мұның бәрі жалған деп ойлаймын, ондайға өз басым сенбеймін», - дейді елордалық Азамат есімді тұрғын.
Ал, Айнакүл апа (авт. есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) үйде «әруақтар» бар болғандықтан, «апта сайын жеті шелпек пісіретінін» айтып ағынан жарылды.
«Әуеліде мұндай жағдайлар болатынын білмедік қой. Ұлым неше жыл бойы тірнектеп ақша жинап, қол жеткізген пәтері болған соң, көшкіміз келмейді. Бірақ, өз-өзіне қол салу деген сияқты жайттардың орын алғаны несі жақсы дейсің? Бұл қазақ нені көрмеді, соның бәріне төзіп, сабырмен, қайратпен барлық кедергіге төтеп беретін еді ата-бабаларымыз. Қазіргі жастарға не жейтпейтінін білмеймін. Алла берген өмірді қалай ғана қия салады екен? Жұрт әруақ бар деп шулайды. Құдай бетін ары қылсын әрине, бірақ ел не десе де, апта сайын жеті шелпек пісіріп, аруақтарға құран бағыштаймын», - деп өз пікірімін бөлісті әжей.
Елордалықтар арасында «Свечки» тұрғын-үй кешені жайлы да алып-қашпа әңгімелер жетіп артылады. Тұрғындардың дені көпқабатты үйдің орнында бұрындары православ молалары болғанын, өткен ғасырдың 70-жылдары «мәйіттер» қаланың басқа аумағындағы зиратқа толығымен көшірілмегенін айтады.
«Бұрын осы үй тұрған жерде госпиталь болған дейді. Тіпті, баспананы салу барысында құрылысшылар жер астынан бірнеше табыттарды да тауып алған екен. Бізде, қазақта, моланың үстінен ешқашан үй көтермейді ғой. Бұл енді қала басшылығының кінәсі деп санаймыз», - дейді «Свечки» ТК тұрғындары.
Ал, «әруақ» үйлерге қатысты, белігілі экстрасенс-медиум Жігер Садықовтың өз айтары бар.
«Көпшілік сене бермейтін шығар, бірақ екі тұрғын үйдің де бой көтерген орындары – мистикалық жерлер. Алайда, бұл үйлерді «әруағы бар» немесе «елестер кезіп» жүретін «жаман жер» деп айтадан аулақпын.
«Свечки» ТК-не келер болсақ, онда госпитальдан бөлек мәйітхана болған деп айтар едім. Себебі, бұл үйлерде «өлі жандардың» энергетикасы (авт. скопление мертвых душ) басым болып тұр. Алайда, одан қорқатын түгі жоқ, Екі үйдің де тұрғындарына қой сойып, өлілерге арнап құран бағыштағаны дұрыс. Себебі, мұндай жерлерде суицид сияқты түрлі оқиғалардың жиі орын алатыны анық», - деп болжам жасады белгілі экстрасенс.
Тағы оқыңыздар:
Қарағанды облысында бензин бағасы 200 теңгеге жуықтады
Неліктен мұсылмандарға Хэллоуин мерекесін тойлауға болмайды?
"ҚазМұнайГаз" қызметкерлері жаңа жылда сыйақысыз қалатын болды
Атышулы Гүлнар Кәрімова жақын күндері тағы да сотқа тартылмақшы
Алматыда жаппай төбелес бастаған автобус жүргізушісі мен кондуктор ұсталды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1662665-aruaq-kezgen-astanada-mayitkhana-us/