Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Хабар" арнасы "Тасөткел" телехикаясын ел назарына ұсынбақ

Жарияланған күні:

«Хабар» телеарнасында қаңтар айында «Тасөткел» драмасы жарық көреді. Туған жерге деген ыстық махаббатты баяндайтын телехикая 12 бөлімнен тұрады.

Картинада 30 жылдары туған елін тастап, шетелге қашуға мәжбүр болған Қасым деген баланың тағдыры суреттеледі. «Бұл жоба тарихи күрделі кезеңдерде қуғын-сүргінге ұшырап, қиындық көріп, туған жерінен алыстап, жат жұртқа аууға мәжбүр болған адамдардың тағдыры туралы», дейді продюсері Мұрат Бидосов.

Ауғанстанға кетіп бара жатқан отандастарымыз жол азабы мен қызылдардың қуғынан түгелдей қырылып, тек Қасым ғана аман қалады.

Оны етікші шал тауып алып, өсіреді. Ол да қолынан өнер тамған шебер болып өседі.

Шебер болып өскен кейіпкеріміз мылтық құрастырып, Ауғандық генералдың көзіне түседі. Ауғанстандағы саяси тұрақсыздықтан генералға қастандық жасалып, бас кейіпкеріміз Түркияға қашуға мәжбүр болады.

Түркияға өтіп, қол өнерінің арқасында тері қиқымдарынан күртеше тігіп, еңбектеніп, цех ашады. Жылдар өтіп, ауқатты кәсіпкерге айналады.

Оның тағдыр жолы тым қиын болып, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын ұмытқан еді. Дегенмен, өзі туралы ұзақ ізденістен кейін қазақ екенін біліп, туған жеріне оралғысы келеді.

«Фильмнің негізгі мақсаты тағдырдың жазуымен атажұрттан алыстап, қилы тағдыр кешкен ағайындарымыздың отанға деген ыстық ықыласын көрсету болса, енді бір жағынан халқымыздың басынан кешкен тағдырын көрсету арқылы бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін ұғындыру», дейді Мұрат Бидосов.

Бас кейіпкер Қасымның образын 3 кезеңде үш актер ойнады. Балалық шағы, бозбала, жігіттік кезеңі, қартайған шағы. Қартайған шағын елімізге танымал актер Бауыржан Қаптағай ойнаса, жігіттік шағын Арнұр Құдиярбек есімді жас актер сомдады.

Сонымен қатар Марат Абай-Ділдә, Дархан Сүлейменов, Ғазиз Сұрапбаев, Ергенбай Әбуов сияқты актерлармен, Наргиз Алтайбай есімді жас актриса да картинаның ажарын аша түседі.

Туындының қоюшы-режиссері Бақыттас Санитас, ал сценарийін жас жазушы Сержан Закерұлы жазған.

Айта кетейік, шығармашылық топ фильм шынайы шығу үшін елімізбен қатар Түркия мемлекетіне де барып түсірілім жұмыстарын жүргізген.

Мұрат Бидосовтың айтуынша телехикаяның «Тасөткел» деп аталуы картинаның мәнін аша түседі. «Шын мәнінде кейіпкеріміздің басып өткен жолдары тасөткелмен пара-пар. Оқиғаның шытырмандығы, кейіпкердің бастан кешкен қиындықтары осы атауға әбден лайық болғандықтан «Тасөткел» деп атадық. Образды түрде алсақ бүкіл қазақ халқының басынан кешкен қиын өткелдерін де білдіреді», дейді ол.

Олай болса қаңтар айынан бастап «Хабар» телеарнасынан тарихи дараманы өткізіп алмаңыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1709330-habar-arnasy-tastkel-telehikaasyn-el-nazaryna-synbak/