Алматыда сегіз қызды "сүйемін" деп келген альфонс жігіттің масқарасы ашылды
Жарияланған күні:
Алматыда 40 жастағы Талғат Апушев бір уақытта бірнеше арумен кездесіп, олардың телефондарын, көліктері мен ірі қаражатын қолды қылды деп айыпталуда. Бұл туралы NUR.KZ порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Талғат 2008 жылдан бастап алаяқтық жолына түскен. Ол өзін белді адам ретінде таныстырып, аңқау қыздардың басын айналдырады. Қыздарға үйленемін деп уәде беріп, ортақ бизнес ашуды да ұсынып келіпті.
Альфонс азамат арулармен әлеуметтік желіде танысып отырған. Олардың кейбірімен, тіпті сөз байласып, азаматтық некеде тұрып үлгеріпті.
Зардап шегушілердің бірі Айгүл Талғат Апушевтің бастапқыда оның көңілін аулауға барын салғанын айтуда. Қымбат сыйлықтарды үйіп, тіпті қыздың туыстарымен жақын танысып үлгерген.
Көп ұзамай, ғашығы Айгүлден бизнесін аяқтан тұрғызу үшін 1 млн теңге қарызға сұрайды.
Ақшам жоқ деп жауап қатқан аруға азамат Mercedes-Benz E 550 көлігін Toyota Camry 50 көлігіне ауыстыруды ұсынып, одан қалған ақшаны бизнесіне емес, казиноға сарп етеді.
2016 жылы Талғаттың арбауына түскен Салтанат есімді бойжеткен де азаматқа 12 мың долларын беріп, алданып қалыпты. Тағы алты мың долларды ол ауыр дертке шалдыққан-мыс қызына сұрапты.
Онымен қоймай арудың Daewoo Gentra көлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізетініне сендіріп, оны сатып жіберген. Бұл қаражатты да азамат құмар ойындарға жұмсапты.
Алаяқ жігітке алданған Динара есімді кезекті ару одан жүкті болып қалған. Бойжеткен азаматтық некедегі күйеуінің бизнесіне көмектесу үшін қымбат көлігін, алтындарын сатып, банкте несие алған.
Апушев Динарадан 4,5 млн теңге ала салысымен ізін суытыпты. Ал күйзеліске ұшыраған бойжеткен құрсақтағы баласынан айырылып қалған.
Зарина есімді ару да альфонстан жүкті болады. Ол алаяқ азамат үшін АҚШ-тан көшіп келіп, несие алады. 4,2 млн теңгеге қарызға батқан бойжеткен АҚШ-қа қайтып, Талғаттың үстінен сотқа шағым түсірген.
Ер азаматтарды да өз өтірігіне сендіріп, ақшаларын қолды қылған Талғаттың үстінен бүгінде 11 адам шағым түсіріп отыр. Олардың сегізі - нәзік жандылар. Ер адам барлығы 46 млн теңгені алаяқтықпен қолды қылған.
Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1710060-almatyda-segiz-kyzdy-sjemin-dep-kelgen-alfons-zigitti-maskarasy-asyldy/