Ақтөбеде қарттар үйінде тұратын 80 жастағы кейуана балаларының несиесін төлеп отыр
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернатта тұратын Сәлима есімді кейуана жақында сексен жасқа толатынын айтты. Кейуананың қарттар үйін паналап жүргеніне он жыл болған деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
«Сегіз айдан кейін 80-ге келемін. Балаларым жоқ, жоқ. Бәрі қайтыс болған. Аталарыңның қайтқанына 15 жыл болды. Осында тұрғаныма ертең сәуірде 10 жыл болады. Немеренің қолында тұрдым, келінге сыймадым. Аталарыңнан қалған үйде сол немерем тұрып жатыр. Зейнетақыма солардың несиесін төлеп жатырмын. Мені үкімет бағып жатыр, үйді балаға бердім», - дейді Сәлима Құрманғалиева.
Сәлима әжей бос уақытында тоқыма тоқиды. Бала мен немереге күні қараған кейуана ененің күні келінге қараған заманға күйінді.
«Қазір бала бақпайды, келін қарамайды. Бұрыңғы кездері біз келін болғанда ерте тұрып енеміздің алдында жүгіріп жүретінбіз. Қазіргі жастарда ондай жоқ. Менің үлкен балам қайтқанда келін қолына алып еді. Орыс келінмен бір ай тұра алмай осында қайтып келдім. Заман сондай болып тұр, біз не істей аламыз? Қазір енелер келіннің қабағына қарап отырады», - дейді Сәлима әже.
Кейуананың айтуынша, балалары Ақтөбе қаласында тұрады. Ал әлеуметтік орталықта әжемен тағдырлас қариялар оның интернатта беретін тамақты жемей жинап, балаларына тасып апарып беретінін айтты.
Материал ҚР заңнамасымен қорғалған, көшіріп басуға тыйым салынады.
Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1710785-aktbede-karttar-jinde-tratyn-80-zastagy-kejuana-balalaryny-nesiesin-tlep-otyr/