Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Теміртауда ауруханаға іші өтіп түскен бала дәрігерлер қолында шетінеді

Жарияланған күні:

Жыл басталмай жатып Қарағанды облысында осымен екінші сәбидің өлімі тіркелді. Бұл жолы да марқұмның ата-анасы қазаға себеп дәрігерлер салғырттығы екенін айтады деп хабарлайды KTK телеарнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Мақпал Жарылқасынова, Асланның анасы. Видеодан скриншот
Мақпал Жарылқасынова, Асланның анасы. Видеодан скриншот: UGC

Теміртауда 1 жарым жасар сәби дәрігерлердің қолында шетінеп кетті. Қызуы көтеріліп, ауруханада жарты күн жатқан кішкентай Асланның өміріне дәрігерлер араша түсе алмаған. Ата-анасы баланың денсаулығына бей-жай қараған дәрігерлер кінәлі деп отыр. Өйткені олар көз алдарында әлсіреп бір тәулік жатқан балаға ем табуға тырыспаған көрінеді. Ақ халаттылар ауруханада ажал құшқан бүлдіршін тағамнан уланды дегенді айтады. Енді дәрігерлердің сол күнгі әрекетіне баға беретін комиссияның тексерісі басталды.

"Қолы мен аяғы мұздай бастады. Қол-аяғы мұздағаннан кейін көңілім біртүрлі болды да, медбикені шақырдым. Ұстап көрген де жоқ. Бірдеңе істеңізші, система қойыңдаршы деп жыладым", - деген ана көмекке келген мейірбикенің ешнәрсе істемей, "аузына су тамыза беріңіз" деп кетіп қалғанын айтады.

"20 минуттан кейін баланың түріне қарасам көзі аларып жатыр. Қол-аяғы мұздай , сосын қолыма көтеріп алып коридорға жүгіріп шықтым", - дейді марқұмның анасы Мақпал Жарылқасынова.

Қатты айғай мен баланың түрінен шошыған мейірбике аспалы укол салатын дәрігерді іздеп сабылған. Ұялы телефонына хабарласып жатып, әрең жеткен дәрігер баланы жансақтау бөліміне әкетіпті. Алайда сұлық жатқан Асланның кеудесінен жан кете бастаған екен. Сәлден кейін бастарын салбыратып кеп көңіл айтып, кешірім сұрапты. Айтуларынша, барлық ем-домға қарамастан баланың демі күрт үзілген.

"Емдеу хаттамасына сәйкес ем-домның барлығы ереже бойынша жүрді. Бала өздігінен су ішіп жатқан соң аспалы уколды бірден қоймаған. Денсаулығының күрт нашарлап кетуіне не себеп болғанын қызметттік тексеріс анықтайды", - дейді Теміртау қалалық орталық ауруханасының директоры Самат Кенжебаев.

Естереңізге сала кетейік, желтоқсанның 31-інде Қарағанды қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында 3 жастағы Айзере Қаһарманова көз жұмған еді. Дәрігерлер баланың уланғанын айтты. Содан арада 3 күн өтпей шетінеген теміртаулық сәбиге де сондай диагноз қойылып отыр. Енді осы екі жағдайға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, қортындысы құқық қорғау органдарына жолданатын болады.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1710977-temirtauda-auruhanaga-isi-tip-tsken-bala-drigerler-kolynda-setinedi/