«Өлі квартал»: Астананың бай-бағландары тұратын аудан туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
Елорданың бай-бағландары тұратын элиталы аудандағы тұрғын-үй кешендерінің сыртқы келбеті көз сүрінерлік болса да, үйлердің дені қаңырап бос тұр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Астананың элиталы ауданы саналатын «Городской романс» қалашығында Еуропаның бірнеше «қалалары» жиынтық тапқан. Мәселен, мына квартал «Француз орамы» деп аталса, келесілеріне «Ағылшын орамы», «Итальян орамы», «Барселона» тұрғын-үй кешені деген ат берілген.
Еуропалық стильде бой көтерген тұрғын-үй кешендерінің дизайны да ерекше. Мамандар бұл үйлерге, тіпті, жөндеу жұмыстарын жасатып немесе жиһаз алып та қажет емес екенін айтады.
Әр пәтер француз, ағылшын стилінде безендіріліп, жиһаздары да сол елдікіндей арнайы әзірленеді екен.
Мәселен, «Ағылшын орамындағы» пәтерлерге арнайы жөндеу жұмыстарын да жасап қажет емес. Үйге тек бір қабат киімдеріңіз бен ыдыс-аяқтарыңызды әкелсеңіз болды. Басқасының бәрі бар. Бірақ, шыны керек, үйдегі ремонтты да менсінбей, қайта жөндеп, жиһаз ауыстыратын да байлар бар.
Бұл үйлердің бағасы 50-60 млн-нан кем түспейді. Ал, жалға беруге тиімсіз, себебі, қарапайым халықтың мұндай жерден пәтер жалдап тұруға қалтасы көтере бермейді. Мәселен, 2 бөлмелі үйді 200 мың теңгеден жоғары сомаға жалдайсыз. Ал, шетелдік азаматтар мен ауқаттылар көбінесе «Highvill»-ден үй жалдайды»,-дейді астаналық риэлтор Айман Тінікеева.
Бір қызығы, аталған ауданда күндізгі уақытта да, кешкісін де тірі жанды таппайсыз. Осы аумақпен көршілес орналасқан үйлердің тұрғындары мұны қалыпты жағдай дейді.
Біз мына көршілес «Гранд Астанада» тұрамыз. Несіне таң қаласыз? Бұған әбден етіміз үйреніп алған, күндіз де, түнде де бұл жақта адамдардың қарасы аз. Мұнда тұратындардың бәрі байлар, қос-қостап пәтер алады, не өздері тұрмайды, не жалға бермейді. Пәтер жалдаушыларға берсе де, бұларға кім бара қояды дерсіз? Бағалары шарықтап тұр, одан да сол бағаның жартысына «Лесная полядан» пәтерді жалға алған неше есе арзанға түсетін шығар. Негізгі аты «Городской романс» болғанымен, астаналықтар оны «өлі» кварталдар дейді, себебі, үйлердің көбі қаңырап бос тұр»,-дейді астаналық Кербез Мұқашева.
Расымен де, әр орамдағы балалар алаңына көз жүгіркенімізде, олардан бірде-бір ойнап жүрген бүлдіршінді байқамадық. Алаңдағы әткеншектердің бәрі бос тұр.
Тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында да әдеттегідей дүкен, дәріхана немесе супермаркеттер де көрінбейді. Есесіне, мынадай қымбат мейрамханалар бой түзеген.
Десе де, еуропа стиліндегі бұл үйлерде ауқатты отбасылар тұрғанымен, аулалардағы қардың уақтылы тазаланбайтыны байқалып-ақ тұр. Жаяу жүргіншілер жүретін мына жолдарда қар тобықтан асады.
Қала ішіндегі «қалашықта» елімізге белгілі өнер адамдарың да баспаналары бар екен. Аталған кварталдарда Ләйлә Сұлтанқызы, Майя Бекбаева, Жан Мұқанов, Тәңірберген Бердоңғаров пен Нұрлан Қоянбаевтар тұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1715805-li-kvartal-astanany-baj-baglandary-tratyn-audan-turaly-ne-bilemiz/