Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал дәстүрлі әнші Ерболат Беделхан жүргізетін бағдарламаны эфирден алып тастауды талап етті

Жарияланған күні:

Белгілі әнші, дәстүрлі ән өнерінің саңлағы Сәуле Жанпейісова ұлттық арнаның басшыларына Ерболат Беделхан жүргізетін бағдарламаның ұлт мүддесіне сай емес екендігін айтып, ашық хат жолдады деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото Dalatunes, Comode.kz сайтынан алынды. Коллаж NUR.KZ
Фото Dalatunes, Comode.kz сайтынан алынды. Коллаж NUR.KZ: UGC

Дәстүрлі әнші, қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайтын Сәуле Жанпейісова ұлттық арна басшыларын сынға алып, ашық хат жазды. Онда ол атышулы "91" тобының жетекшісі Ерболат Беделханның "Қазақстан" телеарнасында бағдарлама жүргізіп жүргенін сынап тастаған.

"Күні кеше еліміздің батыс өңіріне гастрольдік сапармен барып, елдің жағдайын көріп, біріне қуансам, біріне налып, шаршап-шалдығып, денсаулығыма да қарамай ел аралап келіп жеткен бетім еді. Кешкісін Сіз басқаратын Ұлттық арнаны қосып, (бағдарламаның атын есімде сақтай алмадым, кешірерсіз!)
Ерболат Беделхан дейтін продюсердің қазақтың жас қыздарымен бір өзі жүргізіп отырған кастингін көріп, жағамды ұстадым. Халқымыздың ғасырлар бойғы дәстүрлі өнеріне айына бір сағат уақыт бөлінбей отырған Ұлттық арнадан ұлтымыздың тамырына балта шабатын мұндай жобаның көрсетілуін қалай түсінуге болады? Өнерге ынтасы бар жас қыздардың тағдырын бір өзі шешетін Ерболат Беделхан дейтін кім еді? Ұлтымыздың мүддесіне қайшы келетін еш мағынасы жоқ сөздермен былғанған жат ағымды музыка түрін насихаттап, жас қыздардың санасын улап, кімге қандай үлгі көрсетпек? Мұндай бағдарламаны көрсетудегі Ұлттық арнаның мақсаты не?", - деп күйінді әнші.

Өнер иесі ұлттық арнада "бұрын-соңды мұндай сорақы дүние көрсетілмеген" деп, дәстүрлі өнерге көңіл бөлмеген арна басшыларын сөгіп тастады.

"Біз білетін 60 жылдық тарихы бар "Қазақстан Ұлттық" арнасында бұрын-соңды мұндай сорақы дүние көрсетілмеген болар. Мұның арты қайда апарып соғатынын Сіз жақсы білесіз деп ойлаймын. Құрметті Ерлан мырза! Елдің бүгіні мен ертеңін ойлайтын азамат ретінде мынадай сорақылықты жарнамалауға тез арада тыйым салуыңызды сұраймын! Бұл біздің болашағымызға зор зиянын тигізетініне күмәнім жоқ. Оның орнына халқымыздың сан ғасырдан бері рухани азығына айналған дәстүрлі өнерін насихаттайтын жаңа жоба ашуыңызды сұраймын.
Мен бұған дейін де сізге дейінгі басшыларға осы ұсынысымды айтумен келемін. Өкінішке орай, сөзіміз əрдайым аяқасты қалады. Бұл жалғыз менің сөзім емес, менің бұл ойымды барлық дәстүрлі орындаушылар мен дәстүрлі өнерге жаны ашитын барша көрермен қолдайды. Қазағымның дәстүрлі өнеріне қызмет етіп жүрген жан ретінде мұндай жобаның ашылуына көмек керек болса, біз дайынбыз. Сізден сұранатыным, Ұлттық арна деген атына сай ұлттық арнамыз ұлттық дүниені насихаттаса екен! Құрметпен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова", - деп хатты аяқтаған әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1724600-tanymal-dstrli-nsi-erbolat-bedelhan-zrgizetin-bagdarlamany-efirden-alyp-tastaudy-talap-etti/