Шымкенттік келіншек: Қыздың артынан аста-төк дүние апаруды доғару керек (фото)
Жарияланған күні:
Шымкенттік ару қазақта қалыптасқан кей дәстүрлер қазіргі заманда өзгертуді талап етеді деп санайды. NUR.KZ порталына сұхбат берген жас келін әсіресе, қыздың артынан дүние-мүлік апаруды қою керек деп отыр.
Айжан Жолдасбаеваның тұрмысқа шыққанына жарты жылдың шамасы болған. Айтуынша, ол ұзатыларда ата-анасының дүние-мүлік алуына қарсы болыпты. Себебі, "тозығы жеткен дәстүрдің" шаңырақ көтерген жастарға пайдасы шамалы деп ойлайды екен.
"Тойға дайындалып жүргенде ата-анама дүние алмай-ақ қойыңыздар деп бірден айттым. Олар алғашында "ұят болады, жұрт не дейді?" деген сөздерді айтып, қарсы болды. Бірақ, кейінірек барлығын түсінді.
Тек дәстүрге сүйеніп, барлығын апара берудің не қажеті бар? Мысалы, қазір жағдайы бар адам да, жоқ адам да қызын ұзатса "қатардан қалдырмайық" деп, несиеге болсын жиһаз бен ыдыс-аяқ сатып алады. Содан кейін оны қоятын жері жоқ, әр пәтерге бір көшіп, затының қайда қалғанын білмейді", - дейді ару.
Айжанның пікірінше, тұрмысқа шығатын қыздың болашақта тұратын баспанасы болса ғана дүние апару керек. Олай болмаған жағдайда, екі жастың үй болып кетуіне көмек көрсеткен дұрыс екен.
"Қазақтың шашып-төгіп дастархан жайып, жүздеген адамға той істейтіні де қаншама шығын. Мені ұзатарда ата-анам салтты аттап өтпей, көрпе-төсегім мен ең қажетті заттарымды алып берді. Ал басқасының орнын банктік карточкама ақшалай толтырды. Осының өзі жаңадан үйленген жастарға қаншама қолдау ғой?!
Соның арқасында жарым екеумізде алға қарай ұмтылыс пайда болып, барынша еңбектеніп, үйлі болуға тырыстық. Қайын жұртым да барынша қолдау көрсетіп, көп өтпей-ақ пәтер алдық. Осылай, тек өсуге талпынып, өмір сүріп жатырмыз", - деп жымиды ол.
Шымкенттік келіншек соңғы уақытта көп шаңырақтың шайқалуына елдегі тұрақсыз экономиканың да септігі мол дейді. Осындай қиын жағдайда "ұят болады" деп, жұрттың көңіліне қарағанша, баласының болашағына аз да болса негіз қалап берген абзал деп санайды.
"Әрбір адамға жайлы өмір тек еңбекпен келеді дегенге сенемін. Бірақ Алматыда пәтер алу үшін жас маман қанша жыл жұмыс істеуі керек? Оған дейін артыңнан келген дүние де шашылып бітеді.
Егер келін болашақта ата-енесімен тұратын болса немесе дайын үйлері болса әрине, дүние апару керек. Бірақ барлығының бірдей оған шамасы жете бермейді ғой. Сондықтан, ата-ана той мен дүниеге шашылмай, жастарға ақша бергені дұрыс сияқты.
Жетпегенін жинап, өздері қосады. Бұл бір жағынан адамды еңбектенуге ынталандырады екен", - дейді Айжан.
Ал сіздің ойыңызша ежелгі салтты сақтап, қыздың артынан дүние апарған дұрыс па? Әлде заманға иіліп, ақшалай беруді қолдайсыз ба?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1725842-symkenttik-kelinsek-kyzdy-artynan-asta-tk-dnie-aparudy-dogaru-kerek-foto/