"Сол жағалау ұсқынсыз": Елордалық қария Астана жайлы бар шындықты айтты
Жарияланған күні:
Астаналық қария елорданың сол жағалауын "суық" әрі "ұсқынсыз" деп, қала мен оның тыныс-тіршілігі жайлы бар шындықты айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Елордалық Людмила Сергеевна Целиноград, яғни қазіргі Астанада тұрып жатқанына 40-жылдан астам уақыт өткенін айтады.
Өзін жергілікті "ақмолалықпын" деген ол қаланың оң жағалауында тұрып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, Астананың сол жағалуына жиі баратынымен, ол жақтан көңілі құлазып, жабырқап қайтады екен.
"Бүгін міне жол түсіп, алғаш рет жаңа вокзалға бардым. Алматыда тұратын қызыма аз-маз тарту-таралғы жіберейін деген едім. Айтайын дегенім, "Нұрлы жолды" осынша кең қылып салған, тіпті, вокзал емес, мұражай сияқты. Тап-таза, жып-жинақы, түрлі сауда нүктелерін де тізіп қойған.
Өкініштісі, адам аз, кең сарайдай зәулім ғимарат қаңырап тұр. Вокзалға кеткен шығынның тез арада орнын жабу қолдан келе қоймайды-ау. Саудагерлердің де саудасы жүрмейтін сияқты. Себебі, тамақтың да, басқаның да бағасы қымбат, мәселен мен сияқты зейнеркетлер ондай тағамды сатып ала алмайды.
Ал сол вокзал мен оның қызметкерлерінің жалақысына кететін шығын қаншама. Бірдеңе салмастан бұрын, кететін шығын мен қанша пайда әкелетінін алдын ала есептесе болатын еді ғой?», - деп налыды зейнеткер.
Сондай-ақ, кейуана елордада үлкен кітапхана бар болғанымен, оған баратын жастар жоқ деп күйінді.
"Мақтанғаным емес, кезінде әлемдік классика туындыларының бәрін сатып алып, оқыппын. Үйімде тек әлем жазушыларының 200-ден астам кітабы бар. Бірақ, амал не? Балам оқығанымен, немере, шөбелерім кітапқа қызықпайды. Мына сол жағалаудағы кітапхана да дәл солай, іші дәу, алайда соған барып, кітап бетіне үңілетін адам көрмеппін", - дейді қария.
Қаланың сол жағалауы оң жақтан несімен ерекшеленеді деген сұрағымызға қарт әже "суықтығымен әрі қолайсыздығымен" деп жауап берді.
"Сол жағалауда биік үйлер мен көркінен көз сүрінетін көптеген ғимараттар бар шығар. Бірақ, тұрғындардың күнделікті тұрмысы мен жүріп-тұруына өте ыңғайсыз.
Бұл жақта тұрмысқа қажет сауда базары, аяқ киім жөндейтін орын, бағасы арзан әрі тамағы дәмді тамақтанатын жер дегенді қанша іздесең де таппайсыз.
Ал, оң жағалауда бәрі бар. Базары да, басқасы да. Ол жақта 60-80 жылдары салынған үйлер болса да, олардың бәрі қыста жылы, терезесінен жаңа үйлерде сияқты жел үріп тұрмайды.
Сондықтан өзімнің ескі "хрущевкамды" мынадай жаңа, сәнді үйлерге ешқашан айырбастамаймын", - дейді астаналық әжей.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1726851-sol-zagalau-skynsyz-elordalyk-karia-astana-zajly-bar-syndykty-ajtty/