Соңғы он жылда шетелде көз жұмған қазақстандық студенттер кімдер?
Жарияланған күні:
Шетелге білім қуып кетіп, туған жерге табытпен оралған қазақстандық студенттердің қайғылы қазасы қаншама жанның қабырғасын қайыстырғаны рас. Жат жерде жүріп түрлі оқиғалардың салдарынан көз жұмған жастар туралы Today.kz порталына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
2011 жылдың тамызында АҚШ-та 20 жастағы павлодарлық Айнұр Ахметованың өлі денесі табылды. Бассейнде ес-түссіз жатқан бойжеткен жүрегі тоқтап, қайтыс болды.
2013 жылдың қаңтарында Мәскеуде Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің екінші курс магистранты, 23 жастағы студент Бердак Алтаев қайтыс болды.
Ол жатақхананың 10 қабатынан құлап кеткен.
2013 жылдың қыркүйегінде Талғат Орымбаев есімді бозбала Чикагоның жолында көлік астына түсті. Рөлде болған жүргізуші жедел жәрдем шақырса да, дәрігерлер жігітті өлімнен арашалап қала алмаған.
2014 жылдың тамызында АҚШ-та жол апатынан алматылық Елнұр Самархан қайтыс болды. Ол небәрі 21 жаста еді.
Жолда велосипед тізгіндеп кетіп бара жатқан Елнұрды көлік қаққан.
2015 жылдың ақпанында Өскемен тұрғыны Тим Бекшентаев та жол апатынан қайтыс болды. БАҚ оның FLEX бағдарламасы бойынша шетелге жолдама алған Шығыс Қазақстан облысынан шыққан жалғыз оқушы екенін жазды.
Тим хоккейден жастар командасында ойнаған, бірақ ауа райы нашар болғандықтан, жол апатына ұшыраған.
2016 жылы Хьюстонда басы ауырып ауруханаға жеткізілген студент Еркін Балғымбаевтың да демі жат жерде үзілді.
2017 жылдың сәуірінде Санкт-Петербургтың метросында болған теракт салдарынан қазақстандық Максим Арышев қайтыс болды. Басында алматылық студент жарылыс ұйымдастырды деген болжам болған, кейін оның құрбан екені анықталды.
Сол жылы қыркүйекте Ванкувердегі тауда мұзға тайып, құлаған студент Метхан Абенов те дүниеден өтті.
2018 жылдың наурызында Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің студенті 23 жастағы Дайыр Сағлиев Тивертон Авенюдан құлап, өмірден озды.
Ал 3 мамыр күні Мәскеуде Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институтында қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болды.
Ол өзі оқып жатқан МГИМО-ның төртінші қабатындағы терезеден 13 сәуір күні құлап кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1730331-sogy-on-zylda-setelde-kz-zmgan-kazakstandyk-studentter-kimder/