Бала күннен темір-терсекке құмар жетісайлық ару қалай "сварщик" атанды? (фото)
Жарияланған күні:
ОҚО-дағы нəзік жанды келіншек екінің бірінің қолынан келе бермейтін істі атқарып, көпшілікті таң қалдырып келеді. Себебі ол ошақ отын түтетіп, отбасына қарап қана қоймай, жолдасымен бірге табыс тауып отыр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласының 30 жастағы тұрғыны Айжан Исаева дəнекерлеу ісін меңгеріп алған. Өз ісіне адал келіншек дəнекерлеу жұмысын жасап жатқанда əйел екенін тіптен ұмытады екен.
Отты жарқ-жұрт етіп шашыратып, темір мен темірді жалғаудан лəззат алатын Айжанның нəзік жанды түгілі, кейбір ерлердің өзі жүрексінетін бұл іске келуіне жары Алланазар себепші болыпты.
Жас келіншек күйеуін "дəнекерлеу ісіндегі ұстазым" деп атайды.
Айжан Исаева бала күнінен өз қатарластары секілді қуыршақ ойнағаннан гөрі, темір-терсек ортасында жүргенді ұнатыпты. Ағасының қасынан алыстамай жүретін ол небəрі 6 жасында велосипед жөндеуді үйреніп алған.
Есейе келе электр желілерін жөндеуге қызығады. Алайда ата-анасы қыздарының бұл қызығушылығын қолдай қоймапты. Дегенмен Айжан өз қызығушылығын үлкендерге көрсетпей іске асырып жүрген.
Өзгелерден "темір-терсекпен айналысу - қыз балаға тəн емес" деген түрлі əңгімелерді естіп өскен Айжанға бала күнгі арманын кəсіби тұрғыда жүзеге асыруына тұрмысқа шыққан соң жол ашылады.
Ол осыдан екі жыл бұрын жолдасымен танысып, тұрмысқа шығады. Өзінен 21 жас үлкен күйеуі Алланазар Молдасламов музыкалық тұрғыда кəсіби білімі болғанына қарамастан 15 жылдан бері дəнекерлеу ісін жүргізіп келеді.
Кезінде өз мамандығы бойынша жұмыс жасаған ол бұл салада жүріп күн көру тіптен қиындап кеткендіктен өз қызығушылығы бойынша курстық білім алып, дəнекерлеуші атаныпты.
Жұбайының да осы салаға қызығушылығы барын байқаған ер азамат келіншегіне демеу болады. Үнемі қасына ертіп жүріп, жас келіншектің ішкі талантын ашуға себепші болған да - осы кісі.
«Айжан үйде үтік сынды өзге де электрлі тұрмыстық заттар бұзылып қалса, өзі ашып жөндей береді. Дəнекерлеу ісіне қатты қызағытанын да білемін. Содан үйрете бастадым. Өзіме де жеңіл боп қалды. Көмекшім болды ол кісі (күліп). Мен жұмысқа барарда үнемі менімен бірге ілесіп жүрді. «Үйде қала бер, өзім барып келемін» десем, көнбейді» ,- деді дəнекерлеуші келіншектің жары.
«Жолдасым екеуміз айына 80-100 мың теңгедей табыс табамыз. Оның өзі тұрақты емес, қыс ауасында тапсырыс мүлдем болмайды. Күйеуім музыкант қой, той-томалақта өнер көрсетіп табыс табады...
Дəнекерлеу ісі жаныма жақын. Кəдімгідей лəззат аламын. Үй шаруасындағы жұмыстарды қатар атқарамын. Не дегенмен əйелмін ғой, жасауға міндеттімін.
Шыны керек, бірақ үйдің тірліктеріне қарағанда ерлердің ісі ұнайды өзіме», - деп ағынан жарылды дəнекерлеуші келіншек.
Бір қызығы, Айжан Исаева көліктің кез келген түрін, тіпті механикалық басқарудағы темір тұлпарларды да жүргізе береді. Оны да жолдасы үйретіпті. Тіпті керек десеңіз, көліктің кейбір ақауларын өзі жөндей салады.
Бүгінде ерлі-зайыптылар Жетісайдағы жекеменшік мекемелердің бірінде штаттан тыс дəнекерлеуші болып жұмыс істейді. Тапсырыс түскен сəтте қызметін жасап береді.
Ерекше кəсіпті игерген жұбайлар жергілікті тұрғындар арасында да танылып үлгерген.
Айжанның айтуынша, қараша халық үйдің қақпасы мен сəкіге тапсырыс беріп жатады. Сонымен қатар ұсақ-түйек темірдің сынған бөліктерін де дəнекерлетіп алатындар көп.
Дəнекерлеуші жұмысына көбіне көктем мен жаз мезгіліне сұраныс артады екен. Ал құнына келсек, үйдің ауласына орнатылатын темір қақпа 15 мың теңгеден басталып 40 мың теңгеге дейін барады.
Дəнекерлеуші келіншектің күйеуі əйелінің қаупі басым істе өзімен бірге еріп жүруіне еш қарсылық танытпайды. Қайта керісінше, ебі бар жұбайының бұл іске деген қызығушылығын əрмен қарай дамытуды көздеп отыр.
Оның үстіне өзгелер қазақ қызының осы бір істі қолға алғанына таңданыс тудырып, тіпті мақтауларын жаудырып та жатады екен.
Айжан дəнекерлеу ісін жетік меңгеріп, сынақтан сүрінбей өтетіндей жағдайға жеткен соң Алланазар Молдасламов əйелімен бірге Атырау жаққа кетуді жоспарлап отыр. Өйткені дəнекерлеуші қызметі сол өңірде қаржы жағынан лайықты бағаланады екен. Ал қазір Жетісайдағы тапсырыс тек күнделікті ас-ауқат пен үйдің коммуналдық шығынын жабудан ары аспай отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1731774-bala-knnen-temir-tersekke-kmar-zetisajlyk-aru-kalaj-svarsik-atandy-foto/