Атаба: Қылмыс әлемінің серкесі атанған қазақ балуаны туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
90 жылдан бастап қылмыстық жорықтарын бастаған Талғат Атабаев қазақ мафиясы тарихында мәңгі өшпес орын қалдырып үлгерді. Қылмыс әлеміндегі мәртебесінен бөлек, қазақ күресі федерациясының вице-президенті қызметін қатар ұштастырған ер азамат қазақ жұртына "Атаба" лақап атымен танымал болды. Бұл атты естіген көпшіліктің төбе шашы тік тұрып, мазасы бірден қашатын. Талай адамды дүрліктіріп, сансыз мықтыларды мойындатқан қазақ жігіті жайлы жинақталған ақпаратты назарларыңызға NUR.KZ ұсынады.
СПОРТ ШЕБЕРІ
Талдықорған тумасы 1967 жылы 15 мауысымда Алматы облысындағы Ақсу ауданының Жансүгір кентінде дүниеге келген. Балалық шағын жер жәннәты Жетісуда өткізген Талғат Атабаев жастайынан күреске деген ерекше икем-ынтасын байқатады. Уақыт өте келе бұл қызығушылық тұрақталған мақсат-мүддеге айналған.
Жаттығу залында күннен-күнге шеберлігін шыңдай берген Талғат енді аудан не облыс аралық жарыстарды қойып, республикалық пен халықаралық деңгейге көтерілуді өзіне нысана етіп алады. Өзінің қайтпас қайсарлығы мен асқан өжеттілігі арқасында да ол спорт әлемінде де қазақ мафиясы сапында да ерекше бедел мен атаққа ие бола білген.
Жоспарлы түрде алдына қойған мақсаттарына мүдірмей жететін қазақ жігіті кеңес заманында еркін күрестен жастар біріншілігінде топ жарған. Атаулы жарыста күміс және қола жүлдесін жеңіп алған Талғат ақырындап өз атын қоғам арасында таныта бастайды.
Ел ішіндегі чемпионатта өзіне тойтарыс берер қарсыластар таусылған соң, Атабаев халықаралық аренаға беттеп күрес әлемінің майталмандарын мойындатуға кіріседі. Ол еркін күрестен бірқатар халықаралық жарыстардың алтын жүлдесін өз қанжығасына бірнеше мәрте түсірген. Спорттағы мұндай нәтижелері кеңес үкіметінің назарынан тыс қалмады, жас спортшыға еркін күрес бойынша "КСРО спорт шебері" атағы табысталды.
Уақыт өте келе, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгенннен кейін Талғатқа еліміздегі "спорттың беделді қайраткері" мәртебесі берілген болатын. Осы сәттен бастап, Атабаев қылмыс әлемі серкелерінің көзіне түсіп, оның тегі қазақ мафия арасында бірден тарала бастаған.
ҚЫЛМЫС ӘЛЕМІ
90 жылдары елімізде орын алған біраз әділетсіздіктер мен кикілжіңді жағдайлар қылмыс әлемінің қатарын көбейте түсті. Қазақ мафиясына қосылғандар арасында Талғат Атабаев та болды.
Басқалар қылмыскерлер ішіне қарапайым "барып кел, шауып кел" болып алғаш қадамдарын жасаса, Атабаев қалыптасқан атақ-беделімен бірден өзіне шапқандарды тізе бүктіре бастады. Оның қылмыс әлемінде осылайша орнығуына спорттағы жетістікері елеулі үлес қоса білді.
Қазақ қылмысы кеңістігінде өз алдына бір бөлек әлем болған жеке тұлға "Атаба" пайда болды. Оның әмірі әсіресе Қазақстаннның оңтүстігінде қатты жүрген. Өзіне ұнамай қалғандарды "алып тастау" Атабаевтың әдетіне айналып кеткен сыңайлы. Белсенді түрде қылмыс әлемінде аты көкке шыға бастағандар "Атабаға" тартылып, оның қол астында жүріп қимыл-қозғалыс жасауға ниетті жігіттердің қатары да толыға бастады.
Көбінесе талдықорғандық жігіттерден құрылған бір топ өздерін "Атаба" ағайындығы деп атап кетті.
Ортасын кеңейте бастаған Талғат алдынан кедергі болып шыққан мықтылардың бәрін ығыстырып қана қоймай, оны бүкіл мүлкінен айырып тастаумен ерекшеленді. Бұл оның өзіндік стилі іспетті болған. Оған қарсы келген адамар міндетті түрде бизнесінен қол үзетін.
БАРАХОЛКА ХАНЫ
Алматыда билеп-төстегендердің барлығы дәл осы сауда орталығын иемденуді арман еткен. Алайда, басқалар тек армандап жүргенде "Атаба" келе салып Барахолканы өз қарамағына алған. Әрбір саудагерден табыс көрген Талғаттың дәл осы дәурені ең ауқаттыларының бірі болса керек.
Сауданың қайнар көзін өзіне қаратып алған "Атаба" мұны да аздық көріп, алматылық арақ-шарап зауыттарын, Қазақстан-Қытай шекарасын, бірнеше ойынханаларды басып алған-ды.
Қылмыс әлемінің серкелері арасында Сары Алмаспен арақатынасы өте жақсы болған. Тіпті, Талғаттың қазақ мафиясына қатарына қосылуына дәл осы қылмыс дүлділінің үлесі зор болған деседі. Өзара қарым-қатынастары достықпен ғана шектелмей, серкелердің ортақ бизнестері де болған.
Талғат Атабаевтің атақ-абыройы тек отандастарына ғана емес, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға да қатты жүріп тұрды. Ресейлік баскесерлер де еліміздің аумағындағы мәселелерге қатысты "Атабаның" көмегіне жиі жүгініп тұрған.
ТАЛҒАТ - ПАТРИОТ!
Қарамағына өзі жерлестерін және осал емес, спортқа қабілеті бар жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттерді жинаған. Оның қасында жүргендер Талғаттың нағыз патриот болғанын айтты.
Ол шынайы қазақ болмысымен танылған азамат деуге болады. Талғат қазақ рухы мен қазақ тілін сүйгені соншалық, маңайындағы неше жүздеген мықты азаматтардың барлығы оның жанында тек қазақша сөйлейтін.
"Оның мәрттігі бір басына жетіп артылатын болған. Алдына келген шалдан балаға дейн жағдайын айтып келсе, сұраушының көңілін аспандатып қайтарып отыратын. Ол қазақ кеңшілігі мен жомарттығы, ұлтқа тән болмысы бір басынан табылатын ержүрек, қайсар, қатал, мейірімді, намысты азамат болған" , - бұл оны жақсы танитындардың Атабаев жайлы пікірі.
Қылмыс әлемінде өзіндік із қалдыра алған Талғат Атабаев заңбұзушылықәрекеттерінен бөлек қайырымдылыққа да жақын болған. Ол табысының белгілі бір пайызын қазақи күрестің дамуына беріп отыратын. "Атаба" жас палуандардың кәсіби спортшы болып жетілуіне барынша үлес қосы білді.
Оған қоса, тағы біз білмейтін сыр бар. Талғат Атабаев баскесерлер арасында жүргенімен жаны иманға жақын болған. Бұған қатысты тіпті ел арасында мынадай оқиға сөз болуда.
"Қапшағайда өз туған күнін тойлап жатқан Атабаевқа құттықтауға алыстан ат терлетіп намаз оқитын досы келеді. Сол сезде арақ-шарапты ішіп отырған көпшілікті Талғат бірден қуып жіберіп, дін жолындағы 20 шақты досымен ғана қалып, олардың құттықтауларын естіп, діни азық алып кешінің соңын осылай өткізген".
"АТАБАНЫҢ" ӨЛІМІ
Қылмыс әлемінде мүлдем қиыншылық көрмей кеткен Талғат тәртіп сақшылары мен биліктегілер тарапынан үлкен қысымға жиі түсіп тұрған. Заңмен арадағы проблемалары Атабаевтың түбіне де жетті.
Ол "Aztek" ойын-сауықтыру орталығында полицейлерден қашып бара жатқанда көз жұмған. Ресми мәлімдемеге сәйкес ол жүрек талмасынан қайтыс болған.
Қылмыстық операция барысында 16 күдікті ұсталынған. Алматыда күдіктілерді құрықтау кезінде көліктен сытылып шығып, қашқан Талғат - Марков көшесіндегі ойынханаға жасырынып, ақыр соңы өліп тынды.
Атабаны 2002 жылы полиция қызметкерлері заңсыз суық қару сақтағаны үшін айыптап, түрмеге жапқан. Алайда өмірінің соңғы күніне дейін ол еркін күрес федерациясының вице-президенті болды.
Аты өшпес "Атаба" Жансүгіровте жерленген. Жыл сайын желтоқсан айында еркін күрестен Талдықорған қаласында Талғат Атабаев атындағы республикалық жарыс өтеді.
Ескерту! Мақаланы көшіріп басуға ҚР заңнамасымен тыйым салынады!
Материалды жазу барысында ашық ақпарат көздеріндегі деректер пайдаланылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1735671-ataba-kylmys-lemini-serkesi-atangan-kazak-baluany-turaly-ne-bilemiz/