Елдің сөзі маңызды емес: Орамал тағатын қазақ қыздары қалай өмір сүруде? (фото)
Жарияланған күні:
Орамал таққанды дұрыс деп санайтын қазақстандық арулар Comode.kz-ке оларға деген қоғамның көзқарасы қандай екенін және орамалдың жеке өмір мен мансабына қандай әсері барын айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.
Журналист Дана Бектұрған дін ұстанымдарына берік болу мақсатында бір жыл бұрын орамал таға бастағанын айтады. Оған қоғамның пікірі маңызды болмаған. Ең бастысы, ата-ананың разылығы.
"Кейбір таныстарым менің тележүргізуші болып жұмыс істей алмайтындығыма күйінеді. Бірақ маған жүрегімнің тыныштығы керек", - деді Дана.
Жеке брендтің авторы Перизат Ғани ислам дінін мектепте оқып жүрген кезінде зерттей бастағанын, бірақ оқу орнында орамал тағуға рұқсат бермегенін айтты. Кейін студент атанып, ол мақсатына қол жеткізген.
Басында хобби ретінде болған тігу өнерін Перизат әрі қарай дамытып, өзі сияқты қыздарға арнап Perizat Gani брендімен мұсылман киімін шығара бастаған.
Дана Елеусінқызы - сән салоны бар табысты әйел. Оның ойынша, орамал таққан әйелдердің басты мақсаты - Алладан рақымшылық алу.
Ол орамал тағуды осыдан төрт жыл бұрын бастаған. Ол уақытта Дана визажист болып қызмет етіп жүрген. Орамал сол кезден бастап оның ерекшелігіне айналды.
"Көп жағдайда маған балағат сөздер айтатын адамдар басқа ұлт өкілдері емес, өзіміздің қандастар. Кейде, тіпті такси жүргізушілері де "қазақтың қыздары бұрын былай киінбеген" деп айтып жатады", - дейді Дана. Алайда, ол бұндай пікірлерге құлақ аспайды.
Қарагөз Аянқызы есімді фотограф ұзақ уақыт бойы орамалды не үшін тағу керектігін түсінбей, кейін өз ойын өзгерткен.
"Әкем маған рұқсатын берді. Сол уақыттан бері жеті жыл өткен", - дейді ол.
Жақында Қарагөз досының отбасына фотосессия ұйымдастырған. Түсірілімнің қалай болатындығына қатты алаңдағанымен, бәрі ойдағыдай өткен.
Зергерлік салонының иесі Ақбота Қоспаева орамалға қатысты мақала оқып, 2007 жылы өз ойын өзгерткен.
Оның айтуынша, ол кезде орамал тағу аса қатты белең алмаған. Сол себепті халық дұрыс түсінбей, жұмысқа орналасу да қиын болған.
"Қазір барлығы өзгерді. Басыңдағы орамалмен ешкімді таңғалдырып та, үркітіп те ала алмайсың", - дейді Ақбота.
Қызықты жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: 8 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1736101-eldi-szi-mayzdy-emes-oramal-tagatyn-kazak-kyzdary-kalaj-mir-srude-foto/