Бомждар армиясы уақыт өткен сайын өсіп келеді
Жарияланған күні:
Бұл жеке тағдырлардың қасіреті ме, жоқ әлде қоғамның індеті ме?
Нарық билеген бүгінгі заманда әрқилы тағдыр тәлкегіне түскен, тамағын тұрмыстық қалдықтар арасынан тауып жеп күнелткен, үй-күйсіз, кез келген қараусыз қалған бұрышты мекен еткен қаңғыбастар тобы – бомждардың қарасы күн өткен сайын көбейіп келеді.
Бомж кім? Олардың саны қанша? Елімізде қанша қаңғыбас бар екені жайлы нақты дерек те жоқ.
Бомждар армиясы уақыт өткен сайын өсіп келеді. Олардың қатарын көрші өзбек, қырғыз, тәжік елдерінен келетін қаңғыбастар да толықтыруда. Бірі күнелту үшін келсе, енді бірін оларды қайыр тілетіп, ақша табу мақсатында алып келетін "бизнесмендер" де бар көрінеді.Баз біреулер бомж "қоғамның қалдығы" деп жиркенішпен қарап, "оларды қоғамнан аластату керек" десе, енді біреулер "тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздар, олардың мәселесін қоғам болып қолға алып шешу керек" дейді. Олардың тағдырлары да әртүрлі. Бірі нарықтың тегеурініне төтеп бере алмай, бар дүние-мүлкінен, отбасынан айырылып, ішімдікке салынса, енді біреулері – өмірден орнын таба алмай, адасқандар. Не десек те, олар мына бүгінгі тұтас қоғамның бір бөлігі екені хақ.
Олардың мәселесін қоғам болып қолға алып шешу керек
Ал олар тарапынан туындайтын мәселе де аз емес. Құқық қорғау саласы мамандарының мәліметіне қарағанда, басты мәселенің бірі – қаңғыбастар арасында қылмыстық оқиғалардың жиі орын алуы: ұрлық жасау, ішімдікке масайып алып, өзара төбелес барысында суық қару қолдану арқылы байқаусызда адам өлтіру, сол арқылы қылмыс санының артуына септігін тигізу. Қыстың қара суығында көшеде қалып, ит өліммен өмірден озатыны қанша! Мысалы, жыл басталғалы он күн ішінде бір ғана Ақмола облысында 14 үйсіз-күйсіз жан үсік шалып өлген.
Үсік шалып, аяғын кестіріп, мүгедек болғаны қанша! Ал жалпы республика бойынша есептер болсақ, бұл санның әлдеқайда көп болары анық.
Баз біреулер "қаңғыбастар шетелден келген қонақтар алдында қазақ халқы жайлы кері көзқарас туындатады" деседі. Соңғы мәселені шешу мақсатында былтыр Астана қаласында өткен Саммит қарсаңында қаланы қаңғыбастардан тазартқан болатын. Дәл осындай шешім Алматы, Астана қалаларында өтетін Азиада қарсаңында да жүзеге асырылмақ. Бірақ бұл – уақытша ғана шешім. Ал бұл мәселені түбегейлі қалай шешуге болады? Шешу мүмкін бе?Қаңғыбастар тағдырына бейжай қарамайтын, олардың мәселесін оңтайлы шешкісі келетін кейбір азаматтар "оларды оқшау орталықта ұстап, емдеп, психологиялық көмек көрсетіп, қоғамға қайта бейімдеу керек" дейді.Иван ЧИРКАЛИН, Мәжіліс депутаты:
Бұл – әлеуметтік дерт. Кез келген дерт сияқты, бұл дертті де дәрігерлердің, наркологтардың, психологтардың көмегімен емдеп, қаңғыбастарды қоғамға бейімдеу керек.
Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері бар. Ал бүгінгі еңбек нарығында жұмысшыларға сұраныс болып тұр. Олай болса, неге оларды еңбекке баулымасқа?! Оларды көзден таса етіп, қаладан шығарып тастау мәселені шеше алмайды. Өйткені олар ертең-ақ қалаға қайта оралады.
Оларды қаладан шығарып тастау мәселені шеше алмайды, өйткені ертең-ақ қалаға қайта оралады
"Қазіргі кезде қаңғыбастарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтары бар. Алайда олар ол жерде тұрақтамайды. Өйткені олардың қалауы солай. Бомждар да – еліміздің азаматтары, олар да конституциялық құқыққа ие, олардың өмір жолын таңдауға азаматтық құқығы бар.
Оларды қаладан шығарып тастау – олардың азаматтық құқығын таптау", – дейді "Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дос Көшім мырза. Иә, олар да – Қазақстан азаматы. Яғни олардың да азаматтық құқығы бар. Десек те, "олардың азаматтық құқығы бар" деп қарап отыру дұрыс шешім бола қоймас. Ал оларды емдеп, қоғамға бейімдеудің ықтималдығы, математика тілімен айтқанда, нөлге тең. Демек, біз қоғамды қаңғыбастардан тазалауға емес, қоғамда ондай топтардың болмауына күш салуымыз қажет.
Қоғамда ондай топтардың болмауына күш салуымыз қажет
Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Яғни құндылығымыздың ысырап болып, біртіндеп құруына жол бермеуіміз керек. Сондықтан қоғамдық ұйымдар әрбір тағдырдың әлеуметтік, психологиялық мәселелерін терең зерттеп, себептерін анықтап, Үкіметке олардың мәселелерін шешудің нақты жолдарын ұсынулары керек.
Мемлекеттің басты құндылығы – адам
Өйткені әрбір тағдырдың артында әлеуметтік, психологиялық мәселенің тұрғаны анық. Бұлай етпейінше, қаңғыбастар қатарын азайту мүмкін емес және ол қоғамның жазылмас індетіне айналуы мүмкін.Өз кезегінде құқық қорғау органдары таяу шетелдерден келетін қаңғыбастардың жолын кесуі тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/173673-bomzhdar-armiyasy-uakyt-otken-sajyn-osip-keledi/